2024 жылдың маусым айында Ұлытау облысы бойынша Билер кеңесі құрылып, ресми түрде өз жұмысын бастаған еді. Билер құрамына заңгерлер мен қоғам белсенділері кірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кеңестің негізгі мақсаты — қоғамдағы дау-дамайларды, азаматтық және тұрмыстық жанжалдарды сотқа жеткізбей, бітімгершілік арқылы шешу, сондай-ақ ұлттық келісім мен бірлікті сақтауға ықпал ету.
Ұлытау облыстық әкімдігінің мәжіліс залында Билер кеңесінің құрылтайы өтті. Оған облыстық билер кеңесінің мүшелері, судьялар, медиация саласының мамандары және қоғам белсенділері қатысты.
Жиынды Ұлытау облысы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Бақытжан Жайлаубаев ашты.
Құрылтай аясында билер институтының бүгінгі қоғамдағы маңызы мен рөлі, сондай-ақ оның дамуына қатысты мәселелер талқыланды.
«Билер кеңесі — тарихи негізі тереңде жатқан институт. Бұл - далалық демократияның, халық даналығы мен әділдіктің нышаны. Осы дәстүрді сақтай отырып, бүгінгі Билер кеңесі де екі тарапты тыңдап, әділетті шешім қабылдайды, тараптарды өзара келісімге келтіреді», дейді Ұлытау облыстық сотының судьясы Сәрсен Сағатов.
Құрылтайдың модераторлары – Ұлытау облысы бойынша Билер кеңесінің төрағасы Нұрлан Табылғанов және облыстағы Халықаралық медиация орталығының директоры Жұлдыз Есмурзина болды.
Құрылтайда Билер кеңесінің қызметі арқылы қоғамда бейбітшілік пен өзара түсіністікті сақтау, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, медиацияға мән беру қажеттілігі айтылды.
Баяғы қазақтың дала заңында болған дәстүрлі Билер кеңесі бітімгершілікті қазіргі заманғы құқықтық талаптармен ұштастыра отырып, қызмет ете береді.
Ұлытау облысы