Қотыркөл көлінің жағалауында иесіз тұрған катамаранды көзі шалған бес бала түн қараңғысын жамылып, серуендемек болған.
Жағалаудан құрықсалым ұзап шыққан соң үш бала түнерген тұңғиықтан қорқып, жағалауға жүзіп жеткен. Катамаранда екі бала қалып қояды. Олардың біреуі мүлде жүзу білмейді екен. Қатты дауыл катамаранды жағадан шамамен 500 метрге ұзатып алып кетеді. Жағалауда қалған балалар құтқарушыларды шақырыпты.
– Құтқарушылар тепловизорлы дронды қолданды, – дейді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев, – балалар тез табылып, жағаға шығарылды. Ата-аналарына ескерту жасалды. Оқырмандардың естеріне сала кетейік, су айдындарында қауіпсіздік қағидаларын бұзған немесе орындамаған жеке тұлғаларға жеті айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу көзделген.
Серуендеймін деп сергелдеңге ұшыраған балалардың көрер жарығы бар екен. Бір қауіптен аман қалды.
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы.