2025 жылғы 6 мамырда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин атындағы дәрісхана ашылды.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мәлік Ғабдуллиннің 110 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған шараға университеттің басқарма басшылығы, зиялы қауым өкілдері, университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы және білім алушы белсенді студент жастар қатысты.
Сонымен қатар, ашылу рәсіміне Мәлік Ғабдуллиннің қызы Майдан Мәлікқызы арнайы қатысып, әкесінің ғылыми мұрасын сақтау мен насихаттау бағытындағы жұмыстар жайында баяндап, оның ұлттық ғылым мен мәдениетке қосқан өлшеусіз үлесін атап өтті.
Сондай-ақ, аталған іс-шара аясында Мәлік Ғабдуллиннің 1958 жылы жарық көрген «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты ғылыми еңбегі қайта басып шығарылды. Бұл еңбек - ұлттық руханияттың алтын қорына енген, өзектілігін әлі күнге дейін жоғалтпаған, жас ұрпақтың рухани дамуына бағытталған құнды мұра. Университет бұл басылымды қайта жарыққа шығару арқылы халықтық мұраларды дәріптеп, студенттер бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруді көздеп отыр.
Айта кетсек, Мәлік Ғабдуллин 1944–1951 жылдар аралығында Абай атындағы ҚазПИ-де (қазіргі - Абай атындағы ҚазҰПУ) ректор қызметін атқарып, білім мен ғылым саласының дамуына зор үлес қосқан.