Ертіс бойындағы су айдындарында 15 сәуір – 30 мамыр аралығында балықтың кез келген түрін аулауға тыйым салынады. Тыйымға қарамастан, балықты қынадай қыратындар қатары азаймай тұр. Балықтардың уылдырық шашу кезеңі қалай өрбиді? Бұл сұрағымызға «Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ Павлодар облысы бойынша балық инспекциясы бөлімінің басшысы Самал Темірболатова жауап берді.
«Бұл тыйым – ең әуелі балықтардың уылдырық шашу кезеңіне қолайлы жағдай тудыру мақсатында қолға алынатын іс-шара. Уылдырық шашу – балық өміріндегі ерекше кезең. Сәуірдің ортасынан таяз жерлерде су жылына бастайтыны белгілі. Уылдырыққа судың қолайлы температурасы аса маңызды. Дегенмен әр балық түрінің көбеюіне қоршаған ортаның түрлі факторы әсер етеді. Тұщы суда тіршілік ететін балықтардың көбі көктемнің екінші айынан жаздың басына дейін уылдырық шашады. Алғашқылардың бірі болып шортан, алабұға, кейінірек табан, көксерке балықтары кіріседі. Көктемнің соңында тұқы, оңғақ, тағы басқа балықтар уылдырық шаша бастайды. Балықтың әр түрінің арнайы уылдырық шашатын жерлері болады. Мәселен, шортан, табан, тұқы, көксерке және басқалары негізінен өзендердің жайылмаларында жиналады. Зерттеуші ғалымдар балықтардың биылғы уылдырық шашу кезеңінде табиғи өзгеріс байқалмайтынын айтып отыр», дейді Самал Балташқызы.
Өңірде жергілікті маңыздағы 180, республикалық маңыздағы 9 су айдыны бар. Соның ішінде Ертіс – еліміздегі ең ұзын өзен ғана емес, балық шаруашылығын дамытуға, балық ресурсын көбейтуге ең қолайлы су артериясы. Өңірдегі су айдындарын 20-ға жуық, Ертіс өзенін 12-ден астам балық түрі мекендейді. Олар – көксерке, сазан (тұқы), шортан, нәлім, рипус, алабұға, торта, мөңке, аққайран, табан, оңғақ. Бұларды аулауға жыл сайын арнайы лимит бөлінеді. Сондай-ақ Ертіс өзенінде сирек кездесетін, еліміздің Қызыл кітабына енгізілген ақбалық пен Сібір бекіресі, жыл бойы аулауға тыйым салынған сүйрік балығы бар. Қазір Ертіс өзеніне Шығыс Қазақстандағы суқоймаларынан су босатыла бастады. Бұл жағдай уылдырық шашуға бөгет болмай ма?
Маманның сөзіне сүйенсек, бұл фактор керісінше балықтарға пайдалы екен. Жоғары екпінмен келетін тіршілік нәрі жайылмаларға шығып кетеді. Ондай жерлердегі су күннің шуағынан тез қызады. Балықтар әлгіндей таяз жерлерді іздеп барып, бірден уылдырық шашады. Таяз суда шабақтар да тез жетіліп, су қайтқанда өзенге оралады.
Бөлім басшысы аталған кезеңде өзен-көлдерден заңсыз балық аулағандар әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын да ескертті. Айыппұл мөлшері – 10–20 айлық-есептік көрсеткіш. Өрескел заң бұзушылық болған жағдайда (тыйым салынған кезеңде тыйым салынған құралдармен, тәсілдермен балық ауласа) айыппұл мөлшері 40 айлық есептік көрсеткішке дейін өседі. Әрі кейін сот шешімімен аулау құралдары, қайықтары тәркіленуі мүмкін. Су жануарлары ресурсына елеулі залал келтірсе (шығын сомасы 100 АЕК, одан көп болса), жарылғыш немесе химиялық заттарды, электр тоғын, балық ресурсын жаппай қырып-жоюдың өзге де тәсілдерін қолданса, сондай-ақ сирек кездесетін, құрып кету қаупі төнген, аулауға тыйым салынған бекіре тұқымдас балық түрлерін ауласа, Қылмыстық кодекстің 335-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалады. Ондайға жол берген азаматтар сот шешімімен бірнеше жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Былтыр балық аулау ережелерін бұзудың 204 дерегі анықталып, оның 18-і өрескел заң бұзушылық деп танылған. Жалпы сомасы 4,5 млн теңге сомасына айыппұл салынып, браконьерлерден 30 ау, 8 қайық, 2 мотор, 1039, 9 кг балық тәркіленіпті. Жыл басынан 46 заң бұзушылық тіркеліп, 5 өрескел заң бұзушылық облыс соттарында қаралған. Барлығы 1,2 млн теңге сомасына айыппұл салынды. Қылмыстық заң бұзушылық анықталған жоқ.
Облыстағы балық шаруашылығының ауқымы өте үлкен, сол тұрғыда инспекциядағы небәрі 9 маман ғана. Кадр жетіспеушілігі туралы проблема көп жылдан бері айтылып келеді. Бұған дейін көлікке қатысты мәселелер туындаған. Қазір ол шешіле бастағанға ұқсайды. Павлодар облысы бойынша балық инспекциясы бөлімінің қарамағында 6 автокөлік, жылдамдығы жоғары 1 су катері, 60 аттық күші бар аспалы мотор орнатылған 1 патрульдік катер, 1 үрлемелі қайық, 1 квадрокоптер (дрон) бар. Өзен-көлдердегі жағдайды инспекторлар шамасы келгенше бақылап, қарауылдайды. Полицейлермен бірге тұрақты рейдтер ұйымдастырып, проблемалы учаскелерді жіті тексереді. Әсіресе жаз айларында таң алдында ағынға жіберілетін ауларды (сплав) қолданатын браконьерлер болады. Тұрғындардың шағымымен оларға қарсы арнайы рейдтер жүргізіледі.
Әуесқой балықшылар браконьерлікпен айналыспайды. Оларға балық аулау – жай ермек, демалыс. Балықтарды үлкен көлемде қырып-жойып, оңай олжа тапқысы келетін қаскүнемдер үнемі жасырынып жүреді. Сондықтан оларды іздеп табу да оңай шаруа емес. Соңғы алынған техникалық мүмкіндіктер бұл тұрғыдағы күресті күшейте түседі деген сенім мол.
Айта кетелік, уылдырық шашу кезеңінде балық өсірумен айналысатын шаруашылықтарда қармақ салуға мүмкіндік беріледі. Қазіргі уақытта өңірде ондай 6 шаруашылық бар. Атап айтқанда, Шөптікөл (Май ауданы), Жарлыкөл (Баянауыл ауданы), Бораншоқы көлі мен Майқайың жасанды көлі (Екібастұз қаласы), Лозовое мен Тобылжан көлдері (Успен ауданы).
Павлодар облысы