Сәуір айында теңге тағы да арзандады. Ай басында 504 теңге шамасында тұрған 1 доллар ай соңында 512 теңгеге жетіп, 1,6%-ға құнсызданды. Ұлттық банк мұны қалыпты құбылыс деп бағалайды.
Сәуірде Қазақстан қор биржасындағы (KASE) валюта саудасының көлемі артып, күн сайын орта есеппен 246 млн доллар сатылған. Бір ай ішінде жалпы сауда көлемі 5,4 млрд долларға жетті. Осы сауданың бір бөлігі – Ұлттық қордан сатылған валюта. Сәуір айында бас банк Ұлттық қор есебінен 968 млн доллар сатқан. Бұл ақша республикалық бюджетті қаржыландыруға қажет болған. Яғни күн сайын нарыққа орта есеппен 44 млн доллар шығарылған.
– Ұлттық қор қаражатымен операциялар жүргізу кезінде, сондай-ақ «айналау» тетігін іске асыру кезінде Ұлттық банк нарықтық бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын тұрақты және біркелкі сатуды білдіреді. Ұлттық банк сәуірде валюталық интервенция жүргізген жоқ. Өткен айдың қорытындысы бойынша, валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті сату нормасы аясында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сату көлемі шамамен 308 млн долларды құрады. Квазимемлекеттік сектор компаниялары валюта нарығындағы сату үдерісін екінші деңгейлі банктер арқылы өз бетінше жалғастырып келеді, – делінген бас банк хабарламасында.
Бұл үрдіс мамырда да жалғасады. Үкіметтің алдын ала болжамына сәйкес, осы айда Ұлттық қордан 950-1050 млн доллар аралығында валюта сатылмақ. Бұл да бюджетті қолдауға бағытталады.
Тағы бір айтарлық жайт – БЖЗҚ-ның валюталық активтері. Зейнетақы қоры өз активтерінің 40%-ын валютада ұстауы керек. Осы мақсатта сәуірде Ұлттық банк БЖЗҚ үшін 250 млн доллар сатып алған. Бұл – жалпы сауданың шамамен 5%-ы. Мамырда да осы көлемнен аспайтын валюта сатып алынады. Бұл – зейнетақы жинақтарының құнын сақтап қалу үшін қажет шешім.
Ұлттық банк алдағы уақытта валюта нарығындағы жағдай салық төлеу кезеңіне, геосаяси өзгеріске және әлемдік нарықтағы жағдайға байланысты құбылып тұратынын ескертеді. Соған қарамастан, банк теңге бағамын жасанды ұстауға тырыспайтынын, керісінше тепе-теңдік пен резерв қауіпсіздігін сақтау қағидатынан айнымайтынын айтады.