Елімізде репродуктивті денсаулық апталығы өтіп жатыр. Іс-шараның өтуіне Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ұйытқы болды.
Апталық халықтың репродуктивті денсаулық, инфекциялық аурулардың профилактикасы, отбасын жоспарлау, ата-ана жауапкершілігі жөнінде білімін арттыруға бағытталған. Жұмыс барысында жастарға, репродуктивті жастағы әйелдер мен ерлерге, ата-аналарға басымдық беріледі.
Бұл күндері еліміздегі емханалар мен Жастар денсаулығы орталықтарында Ашық есік күндері өтеді. Тұрғындар, әсіресе жастар жағы мамандардан тегін кеңес алады. Жасөспірімдер, жастар, ата-аналардың қатысуымен отбасын жоспарлау, жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың, адам папилломасы вирусының профилактикасы тақырыбында дәріс, семинар мен шеберлік сабақ өтеді. Мектеп, колледж, жоғары оқу орындарында арнайы сабақтар мен сыныптан тыс іс-шаралар ұйымдастырылады. Жасөспірімдердің репродуктивтік денсаулығын сақтау мәселелеріне ата-аналарды тарту жөнінде жұмыс жүргізіледі.
Апталық барысында әрбір күн нақты бір тақырыпқа арналады. Мысалы, 12 мамырда – отбасын жоспарлау, 13 мамырда – әйелдер денсаулығы, 14 мамырда – ерлер денсаулығы, 15 мамырда – жастардың репродуктивті денсаулығы, жыныстық жолмен берілетін инфекцияға қарсы іс-қимыл, 16 мамырда – адам папилломасы вирусына қарсы іс-шараларға басымдық беріледі.
Әсіресе жоба шеңберінде жасөспірімдер мен жастарға көп көңіл бөлінеді. Осы ретте Денсаулық сақтау министрлігі халықтың репродуктивті денсаулығын жақсартуға бағытталған бірнеше бағдарлама мен жобаны үйлестіріп жатқанын айта кеткен жөн. Қазір өңірлерде 103 Жастар денсаулығы орталығы жұмыс істейді. 2026 жылға дейін балалар гинекологиясын дамыту жөніндегі жол картасы бекітілген. Балалар гинекологтерін қайта даярлау жөнінде біліктілік арттыру курстары өткізіліп жатыр. Ауылдарда гинекологиялық аурулары бар жасөспірімдерге қажетті медициналық көмек көрсету бағыты әзірленген.
Биылдан бастап іске асып жатқан «Аналар саулығы» бағдарламасы прегравидарлық даярлықты қамтиды. Бұл – фертилдік жастағы әйелдердің денсаулығын бағалап, жүктілікке, дені сау баланы дүниеге әкелуге даярлауға арналған іс-шаралар жиынтығы. ЮНФПА деректері бойынша, елімізде жасөспірімдердің көбі жыныстық өмірді ерте бастау қаупі мен оның профилактикалық әдістері туралы жеткілікті ақпарат ала алмайды. 15-19 жас аралығындағы азаматтардың 60%-дан астамы жыныстық жолмен берілетін инфекция мен жоспарланбаған жүктіліктен қалай қорғану керегін білмейді. Зерттеу бойынша, АИТВ-ның берілу жолдарын тек 9% жасөспірім ғана білетіні анықталған.