Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Асламбек Мерғалиев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің жоғарғы соттарының басшыларымен онлайн форматта кездесті. Бұл жиын Түркияның Анталия қаласында өткен форум аясында өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Форумның екінші отырысының жұмысына (1-сі 2023 жылдың ақпанында Әзербайжанда өткен) құрамында Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Аслан Түкиев, Әскери сот төрағасы Ғалымжан Нәсірдінов және Сот әкімшілігінің халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі Д.Омаров бар қазақстандық делегация қатысты.
А.Мерғалиев өз сөзінде берік құқықтық негізді қалыптастыру, жоғары сот органдарының тәжірибе мен жетістіктермен алмасу, сот төрелігінің заманауи үрдістерін талқылау және үздік тәсілдерді әзірлеуде өзара іс-қимыл жасау үшін Ұйым Жарғысын қабылдаудың маңыздылығын атап өтті. Қазақстанның сот жүйесінің ашықтығын, тәуелсіздігін және адамдарға бағдарлануын арттыру үшін оны жаңғырту бағыты туралы хабардар етті.
Қазақстандағы реформалар қатарында сот жүйесін қаржыландырудың жаңа моделін (барлық мемлекеттік органдардың шығыстарының кемінде 6,5%) енгізуді, аудандық сот төрағаларын судьялар ретінде сайлау рәсімін, алқабилерді таңдаудың цифрлық рәсімін, кассациялық сотты, азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот ісін жүргізуде аумақтан тыс соттылықты және т.б. атап өтілді. Шаралар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге, соттардың бейтараптығына күмәнді жоюға және сот төрелігіне деген сенімді арттыруға бағытталған.
Іс-шара аясында А.Түкиев Түркияның кассациялық сотының төрағасы Өмер Керкезбен, Түркия Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Зеки Йигитпен және Қырғызстан Жоғарғы соты төрағасының орынбасары Нургул Бакировамен кездесулер өткізді.
ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы атап өткен постулаттармен қатар, А.Түкиев Қазақстанда заң үстемдігін, сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шараларға, экономикалық және инвестициялық дауларды қараудың жаңа тәсілдеріне тоқталды.
Оның айтуынша, ӘРПК-те бекітілген қағидаттардың (процесске қатысушының құқықтарының басымдығы, соттың белсенді рөлі және т.б.) арқасында азаматтар мен кәсіпкерлер мемлекеттік органдарға қарсы істердің 58 пайызын ұтып шығады. Ол Қазақстан Республикасының сот реформасының құрамдас бөлігі болып табылатын апелляцияның рөлін күшейту, цифрландыру және роботтандыру, жасанды интеллект элементтері бар сервистер және т.б. туралы айтты.