Сынаптай сырғыған уақыт. Өмір ағысымен ұрпақ алмасады. Кешегі толқынның ізін бүгінгі буын басады. Сол айтпақшы, ел шетіне жау тигенде арыстандай айбат шеккен ҰОС ардагерлерінен осы күнде санаулы ғана жан қалыпты. Батырлардың көзі кетсе де артындағы бала-шаға, немелерінің естеліктері олардың ерліктерін ешқашан жоқтатпайды.
Осы орайда қалалық әзіл-сықақ және сатира театрында ағаш ұстасы, декоратор-бутафор болып істейтін маман Ордабек Мұсабеков марқұм әкесі ҰОС ардагері Мамырбек Мұсабековті еске алып өнегелі өмірі жайында сөз өрбітті.
О.Мұсабеков былай дейді: «Әкем 1922 жылы дүниеге келген. Қарабастау елді мекенінің тумасы. Бұл ауыл бұрын Сайрам ауданына қарайтын. 19 жасында әскерге алынып, 1947 жылы бір-ақ оралған екен елге. Бұлар бес ағайынды болған. Інісі, әпкесі мен екі қарындасы. Үлкен әпкесін біз көрген жоқпыз. Екі қарындасы Үрбі мен Әшір әпкелер есімізде. Інісі Әмір 1938 жылы туған. Ағасы соғысқа кеткенде кішкентай бала еді. Әкемнің айтысына қарағанда алғашқы кезде Жамбыл облысында соғыс машығына үйреніпті. Атты әскерде болған. Кейін артиллерияда шайқасқан. Бала күнімізде «соғыс» ойнайтынбыз. Әкемізден қылышты қайрап бересіз бе десек, «балаларым, қылыш өткір болмайды» деп отыратын. Атты әскерде соғысқан соң білген екен ғой. Ол кісі 1941 жылы майданға аттанғаннан Берлинге дейін бір-ақ жеткен. Соның арасында ең шешуші ұрыс Сталинградты қорғауға қатысқан. Майдан туралы сұрасақ «оны қайтесіңдер, Құдай басқа салмасын, бейбіт күнге не жетсін» деп өткен шақты еске түсіргісі келмейтін. Теледидардан соғыс жайында кино беріп, танкілер шайқасып жатса «балаларым мұның бәрі жәй ғана әдемі сюжет қой. Шынайы өмірде бәрі мүлдем басқаша» дейтін. Әкемнің басында соғыстан қалған ауыр жарақаты бар еді. Әскери шені қатардағы сарбаздан аға сержант дәрежесіне дейін жеткен».
Баласының айтуынша М.Мұсабеков соғыстан кейін ауылындағы Коммунизм колхозында есепші, слесарь болған. Алпысыншы жылдары екі рет халық депутаты болып сайланған. Мамырбек ақсақалдың кіндігінен 6 ұл, 3 қыз өрбиді. Бірақ тағдырдың жазуымен сүйген жары ерте дүние салып, бала-шағаны бір өзі тәрбиелейді. Ел-жұртқа күлкі болмайық деп Мамырбек қарт ұл-қыздарын ешкімнен кем қылмай өсіреді. Ордабек ағаның айтуынша үлкен әпкесі бауырларына ана орнына ана болып, үй шаруасының бар тірлігін атқарыпты. Құдайға шүкір әкесінің берген тәлім-тәрбиесінің арқасында балалары жақсы азамат болып шықты. Бәрі де оқыған, кәсіп пен бір-бір шаңырақтың иелері. Балалы-шағалы болып, алды немере сүйіп отыр. Қарашаңырақта қалған ең кенже ұлдың жасының өзі елуде. Ол да қараша үйдің отын маздатып, үлкен әулеттің берекесін тасытып жүр.
«Әкем өте сабырлы, байсалды кісі тұғын. Бала-шағаға ұрсып жеки бермейтін. Бірақ бұрқ етіп тез басылатын бір ашуы бар-тын. Кішкентай кезімізде бәрімізге тірлікті бөліп беретін. Біз кейде бала боп ойынға алданып ұмытып кететінбіз. Кешке жұмыстан келгенде тапсырма орындалмаса бір бұрқылдайтын да қоятын немесе көк шыбықпен бір салып қалатын. Одан кейін ол туралы әңгімені қайтып қозғамайтын, лезде ұмытып түк болмағандай күліп, жайраңдап шыға келетін. Анам тірі кезде күркетауық көп бағатынбыз. Оларды өсіруге әкем қатал қарайтын. Бір күркетауықты жоғалтпауға тырысатынбыз. Осы тәрбиенің арқасында ма еңбекке деген жауапкершілікті, адалдықты сезініп өстік. Бізді қатарымыздан қалдырмай ұлды ұяға, қызды қияға қондырған әкемізге рахмет. Бір өкініштісі жетпіс жасында баяғы бастан алған майдандағы жарақаты асқынып, содан қайтыс болды. Тағы жүре тұрғанда ғой, біз енді аяққа тұрғанда қызықшылығымызды көре алмай кетіп қалғаны әліге дейін жүрекке батады» деді әкесін еске алып еміренген ұл О.Мұсабеков.
Жаумен шайқаста жас сарбаз Мамырбек Мұсабеков бірнеше танкінің көзін жойыпты. Осы ерлігі үшін оны арнайы марапатқа ұсынған командир аты-жөнін жазып алып кетеді. Бірақ содан кейін хабар үшті-күйлі жоғалған. Мүмкін әлгі командир жолда мерт болды ма әлде әдейі тізімнен сызып тастады ма ол жағы жұмбақ. Баласының айтуынша әкесі медаль-наградаға ұсынылып тұрған жерінен еленбей қалғанына таңырқаса бір жағынан қапа болыпты. Өмірінің соңына шейін сол бір өкініш пен неге бұлай болды екен деген сұрақ маза бермеген көрінеді.
«Компьютерді жақсы білетін таныс жігітке қолқа салып, интернет арқылы майдангерлерге арналған Мәскеудің арнайы архивіне кірдік. Әкеміздің қайда қызмет атқарғаны, қай майданда соғысқаны түгел жазылған. Алайда наградаға байланысты құжаттар салынған құпия жәшікті қанша әрекеттенсек те сол бойы аша алмадық. Мейлі өткенге салауат. Ең бастысы әкеміз қандай ерлік жасаса да әуелі Құдай куә. Сосын туған елі, артында қалған ұрпағы батыр бабасының даңқты ерлігін ешқашан ұмытпақ емес. Әкеміз біз үшін әрдайым қаһармандықтың жарқын үлгісі болып қала береді. Майдан өз алдына бір бөлек шиеттей бала-шағаны бір өзі бағып-қағу да үлкен ерлік. Оны дәл қазір кез келген еркек жасай алады деп айту қиын. Басқа ауыртпалық түссе де мойымай көтеріп, бала-шағадан безбейтін әке ол әлемдегі нағыз батырлықтың, өнеге мен адамгершіліктің биік қасиеттің үлгісі. Біздің әкеміз сондай тау тұлғалы адам болғаны үшін мақтанамыз. Және өзіміз де сол кісіге ұқсап ұл-қыз бен немерелерімізге тәлім-тәрбие беруге әрдайым талпынамыз» деді О.Мұсабеков сөз соңында.
ШЫМКЕНТ