• RUB:
    6.32
  • USD:
    510.06
  • EUR:
    566.32
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 00:57

Семейде үлескерлерді қолдау орталығы ашылды

10 рет
көрсетілді

Аймақ басшысы Берік Уәлидің тапсырмасымен Абай облысы әкімдігінің жанынан жұмыс тобы құрылып, үлескерлерді қолдау орталығы ашылды.

Облыс әкімдігінің мәлімдеуінше, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысуымен жұмыс тобы құрылған. Енді өңірде заң талаптарына сай емес салынған құрылыстар мен заматтардың қаржысын тұрғын үй құрылысына заңсыз тартқан құрылыс компанияларының жұмыстары бақылауға алынатын болды.

Абай облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сайлау Байназаровтың мәлімдеуінше, Семей қаласындағы Селевин көшесі 12 б мекен-жайында орналасқан орталық үлескерлерге заңдық тұрғыдан көмек көрсетеді.

«Мұнда үлескерлер өздерінің келісімшарттарын әкеліп, тіркеуге болады. Ол тіркеу не үшін керек? Әрбір үлескердің мәселесін жеке-жеке қарастыру үшін қажет. Егер біздің қолымызда келісімшарттардың құжаттары болмаса, азаматтардың тұрғын үйге қаржысын салған-салмағанын дәлелдейтін фискалды түбіртектері болмаса қалай қарастырамыз? Тұрғындар келісімшарттарын орталыққа тіркеген кезде заңды тұрғыда қарай аламыз», деді басқарма өкілі.

Ресми мәліметке сәйкес, 2022-2024 жылдары Семей қаласында ондаған көп қабатты үй рұқсатсыз салынған. Бұл тұрғын үйлерге қазіргі кезде 547 үлескердің өз қаржыларын салғаны анықталды.

Сайлау Байназаровтың айтуынша, үлескерлердің ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Бұл мәселені облыс әкімі жеке бақылауында ұстап отыр. Әкімдік пен басқарма өкілдері үлескерлермен жеке-жеке жұмыс жүргізіп, ашық диалог құруға дайын.