Павлодар қаласындағы Даңқ Обелискі мен Мәңгілік алаудың жанында бейәдеп би билеген екі жасөспірімге айыппұл салынды. Бұл туралы Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
Оқиға 2025 жылғы 2 мамыр күні сағат 16:00 шамасында тіркелген. 2008 және 2009 жылы туған кәмелетке толмаған Ж. мен И. есімді қыздар ұятсыз би билеп, оны бейнежазбаға түсірген. Әлеуметтік желіде бейнеролик «Саябақты қорлаймыз» деген орынсыз жазумен жарияланған.
Сот отырысында оқушылар кінәларын толық мойындап, видеоны TikTok-тағы трендке еліктеп түсіргендерін айтқан. Азаматша Ж. түсірілімге хореографтың шақыруымен қатысқанын, ал И. Жеңіс күнін атап өтуді көздегенін жеткізген. Алайда, олардың бұл әрекеті қоғамның сынына ұшырады.
«Сот ұсынылған материалдарды қарап, кәмелетке толмаған Ж. және И.-ді әкімшілік құқық бұзушылық жасағандары үшін кінәлі деп танып, әрқайсысына 10 АЕК 39 320 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындады», делінген хабарламада. Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.