Дәрігерлер бұл дерттің жылдан жылға «жасарып» бара жатқанын айтады. Бұған ең алдымен, тұрғындардың өз денсаулығына салғырт қарауы себеп, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ертіс-Баян өңірінде 11 мыңға жуық адам созылмалы жүрек жетіспеушілігі диагнозымен диспансерлік есепке алынған. Мамандардың сөзінше, жүрек жетіспеушілігі көбіне ұзақ уақыт ескерусіз қалған гипертония мен инфаркттың, сондай-ақ қант диабетінің салдарынан туындайды. Ал алдын алудың ең тиімді жолы – дер кезінде жүрек саулығын тексеру. Өңірде созылмалы аурулар кешені бойынша медициналық көмекті жетілдіру жөніндегі жол картасы әзірленді. Оның аясында арнайы кабинеттер ашылған.
- Созылмалы жүрек жетіспеушілігі – жүрек ауруының асқынған сатысы. Яғни, жүрек ағзаға қажетті қан мен оттегіні толық көлемде жеткізе алмайды. Соның салдарынан тіндер мен мүшелерге қоректік заттар жетіспей, бүкіл ағзада гипоксия дамиды. Науқастар бұл дерттің белгілерін бірден байқай бермейді. Көп жағдайда дәрігерге кеш жүгінеді. Аурудың негізгі белгілері – ентігу, жүрек ырғағының бұзылуы, аяқ-қолдардың ісінуі, мойын көктамырлары кеңейіп, әлсіздік пен тез шаршағыштықтың пайда болуы, дейді кардиолог-дәрігер Айгерім Рахимова.
Дәрігерлер жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары бүгінде жасарғанын айтады. Бұрын мұндай диагноз 50 жастан асқан адамдарға жиі қойылса, қазір 30 жастағы, тіпті одан да жас науқастар жиі тіркеледі.
Павлодар облысы