Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде жаңа цифрлық бастама қолға алынды. Денсаулық сақтау министрлігі Астана қаласының әкімдігімен және Yandex Qazaqstan компаниясымен бірлесіп, елорда тұрғындарына шақырылған жедел жәрдем көлігінің қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін қанатқақты жобаны іске қосты, деп жазады Egemen.kz.
Мұндай шешім, ең алдымен, шұғыл қызметтердің ашықтығын арттыруға, азаматтардың алаңдаушылығын азайтуға және диспетчерлік орталықтың жұмысын жеңілдетуге бағытталған.
Астана қаласы жедел жәрдем қызметінің мәліметінше, операторлар тәулігіне 6000-ға дейін қоңырау қабылдайды. Соның ішінде 40 пайыздайы – жедел жәрдемнің келу уақытына қатысты қайталама сауалдар. Автоматтандырылған хабарлама жүйесі осындай артық қоңыраулардың санын азайтып, ресурстарды шынымен шұғыл көмек қажет ететін жаңа шақыртуларға жұмсауға мүмкіндік береді.
Жаңа жүйе әзірге Астана қаласында және тек жеделдіктің бірінші санаты бойынша кейбір шақыртуларға енгізілді. Алдағы уақытта бұл бастаманы еліміздің басқа өңірлеріне де кеңейту көзделіп отыр.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов бұл цифрлық жаңалықтың артықшылықтарына тоқталып өтті:
«Жедел жәрдем бригадасының қозғалысын көру мүмкіндігі — технологиялар арқылы ашықтықты қамтамасыз ету, шақырған адамдардың алаңдаушылығын азайту және диспетчерлерге түсетін жүктемені азайтудың бір мысалы. Сонымен қатар, цифрлық хабарлама беру бригаданың келуіне дайындалуға көмектеседі, мысалы, ауладағы шлагбаумды ашу немесе пациенттің құжаттарын дайындау секілді», деді вице-министр.
Жаңа функция Яндекс Картаның JavaScript API шешімі арқылы жүзеге асырылған.
Денсаулық сақтау министрлігі болашақта бұл жүйені бүкіл республика көлемінде енгізіп, әрбір азаматқа медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру жолындағы цифрлық реформаларын жалғастырмақ.