• RUB:
    6.35
  • USD:
    510.78
  • EUR:
    576.06
Басты сайтқа өту
Медицина Бүгін, 16:10

Пандемияға қарсы тарихи келісім қабылданды

20 рет
көрсетілді

Женевада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) 78-ші ассамблеясында пандемияға қарсы алғашқы халықаралық келісім қабылданды. Бұл шешім – COVID-19 індетінен кейінгі үш жылға созылған келіссөздердің нәтижесі, деп жазады Egemen.kz.

Құжат әлем елдерінің болашақ пандемияларға дайын болуын, сондай-ақ вакциналар мен дәрілік құралдарға әділ әрі жедел қол жеткізуін қамтамасыз етуді көздейді.

«Бұл келісім – көпжақты ынтымақтастық пен ғылым саласындағы маңызды жетістік. Ол жаһандық денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға жол ашады»,  дейді ДДҰ Бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус.

Филиппин өкілі, Ассамблея төрағасы Теодоро Хербоса келісімнің тарихи маңызын атап өтіп:

«COVID-19 – ғасырлық сынақ болса, бүгін қабылданған келісім – ондай қатерге алдын ала қам жасауға берілген бірегей мүмкіндік», – деді.

Келісім аясында ДДҰ елдердің ішкі заңнамасына араласпайтыны нақты көрсетілген. Бұл мемлекеттердің егемендігін сақтауға баса назар аударылғанын білдіреді.

Алдағы уақытта құжатты іске асыру үшін патогендік үлгілермен алмасу және оның пайдасын бөлісу тетіктері әзірленеді. Сондай-ақ, ғаламдық жеткізу және логистика жүйесі құрылып, пандемия кезінде қажет медициналық өнімдерге барлық елдің теңдей әрі жедел қол жеткізуі қамтамасыз етіледі.

ДДҰ келісімін 60 мемлекет ратификациялағаннан кейін, ол заңды күшіне енеді.