• RUB:
    6.33
  • USD:
    511.59
  • EUR:
    575.28
Басты сайтқа өту
Спорт Бүгін, 16:18

Елімізде ұлттық спортқа қаншалықты көңіл бөлініп жатыр

30 рет
көрсетілді

Елімізде ұлттық спортты ұнатып қана қоймай, мән бере айналысып жүргендер нөпірі артып келеді. Қалың қауым ден қойып, қайта сәнге айналған спорттың бірі – садақ ату. Ежелде жауға шапқанда алғышептен қорамсаққа қол салған мергендер орын алған. Бейбіт күнде мазмұны түрленген садақ ату ойды жинақтап, ептілікке баулитын – ұлттық спорт. Елімізде Республикалық садақ ату федерациясы 2019 жылы құрылған. 2022 жылға дейін өзін спорт ретінде дәлелдеп, сол жылдың қазанында тұңғыш рет Маңғыстауда ҚР чемпионаты өтті. Алғашқы мергендер бәсекесіне 200-ге жуық адам қатысқан. Федерация құрылған тұста садақ атуды жанынан серік етіп, кәсіби деңгейде көңіл бөлген 50 спортшы болса, бүгінде бұл көрсеткіш 300-ге жеткен. Оның ішінде 52 мерген ел намысын әр деңгейдегі дүбірлі додаларда қорғап жүр. Сондай-ақ халықаралық деңгейдегі 8 садақшы мемлекет тарапынан стипендия иегері атанған. Садақ атудың тартымдылығы арта түскенін федерацияның 20 өңірде ашылғанын-ақ аңғаруға болады, деп жазады Egemen.kz.

Әр аулада садақ ату алаңы салынса...

Садақ ату сайыстарын ұйымдастыру - көп шығынды талап етпейтін әділ спорт. Себебі, мұнда төрешілердің шешіміне қатысты талас тумайды. Нысана көздеген мерген де, төреші де жебенің тиген тұсын нақ көре алады. Садақ ату спортының сан қырын «Дәстүрлі садақ ату» академиясының негізін қалаушы Диас Ахметов тарқата айтып берді.

«Ересектер арасында садақ атушылар Астанада көбірек. Оны федерацияның алғаш елордада негізі қалануымен де байланыстыруға болады. Жасөспірімдер арасында Алматы облысы мен Маңғыстау облысы көш бастап тұр. Маңғаз батыс елі жас буынға айрықша назар аударып, осы жас санаты бойынша жарыстарды жиі ұйымдастырады. Қарағандыдағы «Қайрат» ұлттық спорт клубында да садақ ату спортын серік еткендер қатары қалың. Жалпы алғанда барлық өңірде осы өнерге ден қоюшылар саны өсіп келеді», дейді ол.

Диас Ахметовтің өзі садақ ату спортына кездейсоқ келген. Есепші мамандығын меңгерген ол Ұлттық спорт қауымдастығына бас есепші қызметіне шақырту алады. Сол сәттен ұлттық спорт түрлерін зерттеуге зейін қойған.

«Оған дейін де ат ерттеп, ұлттық құндылыққа немқұрайлы қарамайтынмын. Қоймада жатқан садақ – қызығушылығыма қозғау салды. Содан бері қорамсаққа қол салып, садақ атуды жаным сүйді. Уақыт өте келе осы дағдыны жетілдіретін бәсеке алаңы жоқ екенін түйсініп, сайыс дүбірін сезінгіміз келген ойдан федерацияның негізі қалауға бастамашы болдық. 2028 жылы алғашқы жаттығу залының есігін көпшілік үшін айқара аштық», деді Диас Ахметов.

Оның айтуынша, қазіргі садақ ату академиясы сол идеяның жемісті жеңісі. Осы тұста футбол, волейбол алаңы әр тұрғын үй кешенінің алдында бар екенін ескерсек, садақ ату алаңының айтарлықтай аз екені айдан анық көрінеді. Садақ атудың белгілі межеге жетуде табандылыққа үйрететінін үлгі етсек әлі де баба мирасын бала бойына сіңіру үшін осындай алаңдарды көбейту керек деп есептейміз.

Әлемнің 35 елінде садақ ату спорты жете дамыған

Дәстүрлі садақ ату ұлттық спорт санатында болғандықтан «қазақтар садақ атудан шашасына шаң жұқтырмайды» деп ойлайды. Десе де Диас Ахметов бұл түсінік шеңберінен шығып, ширай түсуге көңіл бөлу керек екенін сөз етті.

«Садақ атудан дүние жүзінде жүйріктер көп. Әлемнің 35 мемлекетінде спорттың осы түрі қарқынды дамыған.  Санамаласақ, Еуропада Англия, Испания, Италия, Венгрия. Ал Түркияда садақ ату спортында сайыстар қатары ешқашан сиремеген. Малайзия. Индонезия, Оңтүстік Корея дүниежүзілік көшпелілер ойынына 15 делегат алып келгені де назар аударуға тұрарлық.  Бұл қатарда Пәкістан, Түркменстан, Үндістан да бар», деді ол.

Асылындада былтыр күзде Астанада өткен 5-ші дүниежүзілік Көшпелілер ойынына садақ атудан 32 мемлекеттен 300-ге мерген қатысты. Дәстүрлі садақ атудан 7 категория бойынша 7 алтын сарапқа салынды. 3-еуі қыздар, 3-уі ерлер, 1 командалық. 7 алтын 7 мемлекет еншіледі. Австралия, Ресей, Индонезия, Румыния елдерінің де жүлдеге қол жеткізгені кейіпкер сөзін қуаттай түседі.  

Көшпелілер ойынынан кейін садақ ату спортына қаншалықты көңіл бөлінді?

Бұл сұрақтың тууы да заңды. Өйткені келесі бәсеке көркі Қырғызстанда қызады. Қазақстан Астанада өткен сайыста көрсеткен озық үлгіні, бірінші сатыны сақтап қалу керек. Жоғарыдағы сауалды Диас Ахметовке де қойдық.

«Көшпелілер ойыны біткеннен кейін садақ ату спортына көңіл жете бөлініп жатқан жоқ. Биыл оқу-жаттығу жиынына қаржы бөлінбепті. Көшпелілер ойыны биыл өтпейді, сендерге оқу-жаттығу жиыны да керек емес деп меңзегендей ой қалдырды. Бапкер ретінде 2026 жылы Қырғызстанда өтетін көшпелілер ойынында алтынға қол жеткізу қиындай түсетінін түйсініп отырмын. Өз еліміздегі жеңіс жолын еселеу үшін оқу-жаттығу жиыны тиянақты түрде жылдың алғашқы айында басталуы тиіс еді. Дайындық циклі қай спортта да оңайға соқпайды. 35 мемлекет салмақты қарсылас болып тұрғанда дайындық үдей түсуі тиіс еді. Басқа спорт түрлерінен де жаттығу жиынын дер кезінде бастамасақ қанжығаны жүлдеге толтыру оңай соқпайды. Қазір мергендер қолдаушылардың қол ұшын созуымен қарқынды дайындықты бастап кетті. Қыста шәкірттерім өз қаржысына Шымкентте шеберлігін шыңдады», деді Қазақстан бойынша дәстүрлі садақ ату федерациясының вице-президенті.

Шындығында кейіпкеріміздің жауабы таңдандырғаны рас. Анық-қанығын білмекке 11 спорт түрін дамытумен айналысатын «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК-ға жүгіндік. Мекеме жауабын бас-аяғын бұзбай ұсынып отырмыз.

«Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, жекпе-жек, құсбегілік, дәстүрлі садақ ату, көкпар, аударыспақ, бәйге, жамбы ату, теңге ілу спорт түрлері бойынша ресми жарыстардың  өтуін қадағалайды, ұлттық құраманың сапалы жасақталуына мән береді. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы үздік өнер көрсетіп, 43 алтын, 32 күміс, 37 қола медаль иеленді. 2026 жылы Қырғызстанда өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына бекітілген спорт түрлеріне талдау жүргізу, ұлттық құраманың сапалы құрылуы жағынан дайындық жұмыстары жүріп жатыр. 2025 жылға арналған спорттық бұқаралық іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес жарыстар күшейтілген режимде, яғни халықаралық жарысқа дайындық сипатында өтіп жатыр. Орталыққа осы жылы ДКО дайындық жұмыстарына  арналған қосымша қаржы сұралуда, берілген сәттен бастап көлемі мен игерілуі бойынша ресми ақпарат беріледі. Сондай-ақ, аталған 11 спорт түрінің дамуына жауапты жеке федерациялар бар, әр федерация мүмкіндіктеріне қарай дайындықтарын бастап жатыр», делінген жауапта.

Ойлы оқырманға бәрі айқындала түсті. Тілеріміз - келер Көшпелілер ойынында табанымыздың таймауы, оның қамын  тиісті салалардың қазірден терең ойлауы...