«Дядя Ваня» телеграм-арнасы отандық теннисшілердің биылғы табысын жария етті. Ең көп олжаға кенелген – Елена Рыбакина. Бұл күндері WTA тізімінде 12-орында тұрған отандасымыз жыл басынан бері 1 200 000 доллар көлемінде пайда тапты. Екінші орында – Юлия Путинцева. Еліміздің екінші ракеткасының табысы – 503 мың доллар. Үздік үштікті Александр Шевченко түйіндеді – 459 мың доллар. Одан кейінгі сатыларға Александр Бублик (339 мың доллар), Анна Данилина (120 мың доллар), Михаил Кукушкин (104 мың доллар), Дмитрий Попко (80 мың доллар), Тимофей Скатов (48 мың доллар), Денис Евсеев (36 мың доллар), Бейбіт Жұқаев (32 мың доллар) жайғасты.
«Алаш Прайд» промоушенінің мұрындық болуымен 27 мамырда Астанада жалауы желбірейтін дүбірлі жарыста қазақтың әйгілі аралас жекпе-жек шебері, кезіндегі «ONE Championship» ұйымының алтын белбеу иегері Қайрат Ахметов (24-3) жеңіл салмақтағы UFC-дің экс-чемпионы, америкалық Алджамейн Стерлингпен күш сынасады. Қос саңлақ грэпплингтің ережесі бойынша айқасады.
Спорттық гимнастикадан Словенияның Копер қаласында өткен «Challenge Cup» турнирінде Диас Тойшыбек (14,033 ұпай) «ат» жаттығуында алдына жан салмай, алтын тұғырға көтерілді. Күміс медальді қазақтың тағы бір дарынды ұлы Зейнолла Ыдырысов (13,866 ұпай) еншілесе, албаниялық Матвей Петров (13,200 ұпай) қолаға қол созды.
Қытайдың Цзяншань қаласында ауыр атлетикадан ерлер мен әйелдер арасындағы Азия чемпионаты аяқталды. Жарыста еліміздің құрамасы тым нашар өнер көрсетті. 15 зілтеміршінің тек екеуі ғана жеңіс тұғырына көтерілді. 73 кг салмақ дәрежесіндегі Пётр Хребтов қола медаль, 102 кг салмақтағы Артём Антропов күміс жүлде еншіледі.
Халықаралық ауыр атлетика федерациясының ресми сайтында алдағы кезде ерлер мен әйелдер арасындағы Азия чемпионаттары қай жерлерде өтетіні жария етілді. Сонымен 2026 жылғы сары құрлықтың басты додасын Үндістанның Гандинагар қаласы қабылдайды. 2027 жылғы жарыс Оңтүстік Кореяның Чонжу шаһарында ұйымдастырылады.
Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының тоғызыншы туры аяқталды. Матчтарда мынадай нәтижелер тіркелді: «Оқжетпес» – «Ақтөбе» 1:3, «Атырау» – «Жетісу» 1:1, «Елімай» – «Қайрат» – 1:0, «Ұлытау» – «Астана» 0:2, «Жеңіс» – «Қызылжар» 0:0, «Қайсар» – «Тұран» – 1:0. «Тобыл» мен «Ордабасы» арасындағы кездесу ауа райының қолайсыздығына байланысты кейінге шегерілді. Турнир кестесінде қоржынында 25 ұпайы бар «Ақтөбе» көш бастап тұр. Екінші орындағы «Қайраттың» олардан екі ұпайы кем. Үшінші сатыға 21 ұпаймен «Астана» жайғасты.