• RUB:
    6.37
  • USD:
    510.59
  • EUR:
    578.91
Басты сайтқа өту
Аймақтар Кеше

Baitursynuly University студенттері KIA зауытында жұмыс істей алады

30 рет
көрсетілді

Биыл Қостанайда Оңтүстік Кореяның KIA автокөлік зауыты ашылады. Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы жылына 70 мың автокөлікке дейін жетеді, деп жазады Egemen.kz.

Осыған байланысты Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті (ҚӨУ) мен Dong-Eui University арасындағы академиялық серіктестіктің жаңа кезеңі басталады. Биылғы оқу жылының басында екі жоғары оқу орны арасында қос дипломды білім беру туралы келісімшарт жасалған.

«Қыркүйек айынан бастап біз автомобиль инженериясы бойынша қос диплом бағдарламасын жүзеге асыра бастаймыз. Алғашқы үш семестр студенттер Қостанайда оқиды, төртінші мен алтыншы семестрлерді Кореяда жалғастырады. Одан кейін студенттер Қостанайға тәжірибеден өтуге оралады», деді Dong-Eui University халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Ли Им Гон.

Қазіргі уақытта ҚӨУ бес студенті Оңтүстік Кореяның Пусан қаласындағы Dong-Eui University-де білім алып жатыр. Dong-Eui – Кореяның ең көне жекеменшік жоғары оқу орындарының бірі. Университет машина жасау саласында үлкен тәжірибеге ие және әлемге танымал Hyundai автокорпорациясымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді.

2023 жылы екі жоғары оқу орны арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Осы құжат аясында биыл Оңтүстік Кореяда студенттердің үшінші легі оқып жатыр. Қостанайлық студенттер бұл жерде кәсіби білім алып, тәжірибеден өтіп, корей тілін меңгеріп шығады. Бұған дейінгі екі лекке қатысқан студенттер қазіргі таңда Қостанайдағы автокластер кәсіпорындарында жұмыс істеп жүр.

«Біз қазір гидромеханиканы оқып жатырмыз. Бұл біз үшін жаңа және өте қызық пән. Сонымен қатар жасанды интеллектті меңгерудеміз. Үшінші пән – capstone design, яғни автомобиль бөлшектерін жобалау. Бұл пәндер арқылы біз мамандығымызға қажет аса маңызды дағдыларды қалыптастырамыз», дейді ҚӨУ студенті Дияр Сертаев.