• RUB:
    6.39
  • USD:
    510.84
  • EUR:
    579.7
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 16:24

Қостанай облысында 288 түлек «Алтын белгіден» үмітті

30 рет
көрсетілді

Қостанай облысында оқушылардың мектеппен қоштасу жиындары басталды. Биыл өңірде 4 700-ден астам оқушы 11-ші сыныпты тәмамдайды.   228 оқушы «Алтын белгіге», 290 түлек үздік аттестатқа үміткер.

Бүгін Қостанай қаласындағы № 32 жайлы мектептің 11-ші сынып оқушылары алтын ұя мектебімен қоштасты. Салтанатты іс-шараға ата-аналар, сала басшылары, мәслихат депутаттары қатысып, өмірдің жаңа бір белесіне аяқ басқалы тұрған түлектерге ақыл-кеңестерін айтып, сәт-сапар тіледі.

«Сіздер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша салынған заманауи мектепте білім алдыңыздар. Бүгін оқуларыңызды тәмамдап, мектеппен қоштасып, өмірдің жарқын да, қызық жаңа кезеңіне қадам басқалы тұрсыздар. Алдарыңызда талай асулар күтіп тұр. Мақсатқа жету жолында қиындықтан тайсалмаңыздар. Бойларыңыздағы күш-қайратты, білімді игі мақсатқа жұмсаңыздар, алға ұмтылыңыздар. Сіздер – осы елдің болашағысыздар», деді  облыстық мәслихат төрағасы Сайлаубек Есжанов.

Он бір жыл бойы білім нәрімен сусындатып, лайықты тәлім-тәрбие берген алтын ұя мектебімен қимай-қимай қоштасқан түлектер де ұстаздарына алғыс айтып, ізгі тілек арнады.

«Мектеп бізге сапалы білім, саналы тәрбие берді. Біз мұнда күрделі теңдеулерді шешуді үйреніп қана қоймай, сонымен қатар мейірімді, адал азамат болуды үйрендік. Мектебімізді, аяулы ұстаздарымызды қимаймыз, әрине. Бүгін ол кісілерге басымызды иіп тұрып рахмет айтамыз. Алдағы уақытта бізге артқан сенімдерін ақтап, еліміздің жақсы азаматы болуға ұмтыламыз», дейді мектеп түлегі Бекзат Әлхамхайыр.

Салтанатты іс-шараның соңында түлектер дәстүрлі мектеп вальсін биледі.  

Қостанай облысы