• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Сұхбат 04 Маусым, 2025

Нуну Каштру: Қазақстан футболының төрелігіне жаңа серпін керек

470 рет
көрсетілді

Қазақ футболындағы төреліктің бүгінгі жағдайы көпшілікті алаңдататыны белгілі. Бұл салада түбегейлі өзгерістерді талап етеді. Футбол федерациясының жаңа басшылығы осыдан екі ай бұрын Төрелік және инспек­ция департаментіне жаңа жетекші – португалиялық маман Нуну Алешандре Паррейра де Каштруды тағайындады. Әңгіме барысында біз маманмен төрешілердің кәсіби даярлығы, VAR жүйесінің артықшылығы мен олқылығы, сондай-ақ УЕФА талаптарына сай реформа жасау бағытында қолға алынған нақты қадамдар жөнінде әңгімелестік.

– Нуну мырза, жаңа қызметке келгеніңізге екі айдың жүзі болды. Еліміздегі төре­ліктің қазіргі жағдайы туралы ойыңыз қандай?

– Қазақстанға келгенімізге екі айдай болғанына қарамастан, премьер-лиганың барлық матчын, сондай-ақ кубок пен суперкубокты қарап шықтық. Жасыратыны жоқ, футболдағы төрелік ре­форманы қажет етеді. Әрине, көп­ші­лік­тің назары премьер-лигаға бағыт­талған, себебі негізгі қателік сол жер­­де көзге түседі. Бірақ бұл жоғары лигаға ғана қатысты емес, бірінші және екінші лига да, әйелдер чемпионаты да дамудың жаңа деңгейіне шығуы қажет. Тө­реліктің қазіргі жағдайы – бірнеше жыл бойы жиналған проблеманың салдары.

– Аталған мәселенің негізгі себеп­тері неде?

– Бір ғана себеп деуге келмейді. Өзектісі – төрешілердің кәсіби әрі жүйелі түрде білімін жетілдірмеуі. Мысалы, ешбір команда тұрақты жаттығу жасамаса нә­тижеге жетпейді. Ал төрешілер жылына бір-екі рет жиналып, қалған уақытта өздігімен әрекет етеді. Егер біз ойыншылар мен бапкерлерден кәсі­билікті талап етсек, төрешілерге де соған сай қолдау мен мүмкіндік берілуі керек.

Мені кей төрешілердің VAR сертификатын алғанына бірнеше жыл өтсе де, біліктілігін жетілдірмегені таңғалдырды. Одан бөлек, ішкі чемпионатта физикалық футбол басым. Матчтарда қатты қақтығыс, дөрекі ойын болады. Осының бәрі төрешілерге қысым келтіреді. Мұндай жағдайда олардың сенімді әрі байсалды болуы оңай емес.

– Дұрыс-ақ, бірақ кейінгі кезде әлеуметтік желіде сын айтушылар көбейді. Бұған не дейсіз?

– Әлеуметтік желіде жалған ақпарат тарауы да қиындық келтіреді. Төрешілер жиі әділетсіз сынға ұшырайды. Біз олардың қателігін ашық көрсететін, жариялайтын санаулы ұйымның біріміз. Бірақ мұндай сын конструктивті емес, ал оның кесірі жалпы футболға тиеді. Жалпы, біз келгелі төрешілер апта сайын бағаланып отыр. Олар осы баға­ның нәтижесінде алдағы матчтарға тағайындалады. Бұл олардың мансабына да әсер етеді. Мұндай үдеріс кәсіби футболдағы қалыпты тәжірибе.

– Жағдайды өзгерту үшін қандай шешім қабылданып жатыр?

– Клубтар мен жанкүйерлер жылдам нәтиже күтеді. Бірақ оны бір күнде өзгерту мүмкін емес. Жылдар бойы жиналған мәселенің шешіміне де біраз уақыт керек. Соған қарамастан негізгі шешуші қадамдар қазірден басталды. Премьер-лигадағы барлық матч УЕФА талаптарына сай бағаланады. Осы арқы­лы футболдағы төреліктің деңгейін бай­қаймыз. Ал ол әзірше, біз күткен нәти­жеге сай емес.

Премьер-лиганың 7-турына дейін және Кубок матчтарын қосқандағы жағ­дай бойынша төрешілер жұмысының жартысына жуығы стандарт деңгейінен төмен бағаланды. Алайда VAR жүйе­сінің маңызды қателіктерді түзету көрсет­кіші 10%-дан төмен. Бұл көрсеткіш көңіл­ге қонымды және оны көпшілік біле бермейді. Бұл оң нәтиже берген жұ­мыс­тың алғашқы сатысы ғана. Нәти­жеге көңіл толмаса да, алға жылжу үшін нақты жоспарымызды құрып, бастап кеттік. Сонымен қатар төрешілердің даулы шешімдеріне қатысты түсініктеме футбол федерациясының ресми сайтында үнемі жарияланып тұрады. Осы арқылы білім беру мақсатында қабылданған шешімнің дұрыс-бұрысын саралап, ойын ережесінің мәнін түсін­діруге тырысамыз.

– Жоғарыда қателіктерді тізіп өт­тіңіз. Алайда осы қателіктермен жұ­мыс істеу үшін нақты қандай шара немесе қандай бағдарлама қолда­ны­лады?

– Бүгінде арнайы білім беру тобын құрдық. Олар төрешілерге, көмек­шілерге, VAR мамандарына, бақы­лаушылар мен әйелдер арасындағы төре­шілерге арналған ұлттық оқу бағдар­ламасын әзірлеп жатыр. Бұл маусым айында өтетін кең көлемдегі семинарда іске қосылады. Біздің ұстаным жекелеген адамдармен емес, УЕФА стандарттарына сай кәсіби әрі ашық төрелік жүйесін құру екенін ерекше атап өткім келеді.

Футбол қауымдастығындағы кез келген адам – клуб мүшелері, ресми өкілдер, төрешілер ортақ құндылықтармен келіс­се, жаңа дәуірдің бір бөлігі бола алады. Алайда төрешілер мен төрешілер жү­йесіне қысым көрсетуге ешқашан жол бе­рілмейді. Үдерістің ашық әрі әділ жү­руі үшін УЕФА мен ҚФФ басшылығы та­­ра­пынан толық қолдау көрсетіліп отыр.

– ҚФФ шетелдік төрешілерді ша­қыруы мүмкін деген ақпаратты құлағымыз шалды. Бұл сіздің жоспа­рыңыздың бір бөлігі ме?

– Біз барлық мүмкін болатын ше­шімді қарастырып жатырмыз. Халық­аралық тәжірибе алмасу аясын­да өз төрешілерімізді басқа елдерге жі­беріп, шетелдік мамандарды да ша­қы­рып, тәжірибе алмасамыз. Мұндай тә­жірибенің берері мол. Бұл – Еуропаның көп елінде кездесетін тәжірибе. Отан­дық төрешілер үшін де таптырмас мүм­кіндік. Қазірдің өзінде өзге елдердегі әріптестермен келіссөз жүріп жатыр.

– Біздің чемпионаттағы кейбір матчтарда алдын ала келісілген ойындар өтеді деген ақпарат айтылып жатады. Сіздің ұстанымыңыз қандай?

– Бұл мәселемен әлем бойынша күрес жүріп жатыр. «Sportradar Integrity Unit» мәліметінше, 2024 жылы Қазақстан күмән тудырған матчтар саны бойын­ша әлемде төртінші орында тұр. Көбіне бұл жағдай бірінші және екінші лига ойындарында тіркелген екен. Біз бұдан хабардармыз және дабыл қақтырар жағдай деп санаймын. ҚФФ «Sportradar» компаниясымен байланыста және ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюды жоспарлап отыр. Сол арқылы күмәнді матчтар тура­лы жедел ақпарат алуға мүмкіндік беріледі. Бұл әділдікті қамтамасыз ету жолында ҚФФ жұмыс жүйесінің тұрақты бөлігіне айналады. Бірақ бұл тек төрешілердің мәселесі емес. Адалдық – төрешіге де, ойыншыға да, бапкерге де ортақ талап. ҚФФ бұл мәселемен күресу үшін бірқатар шара дайындап жатыр. Ол бойынша алдағы уақытта ресми хабарландыру жасаймыз.

– Сіздің ұзақмерзімді жоспарыңыз қандай?

– Қазір 2025–2028 жылдарға арналған төрешілікті дамытудың нақты жоспарын әзірлеп жатырмыз. Федерация президенті мен бас хатшысы оның стра­тегиялық маңызын жақсы түсінеді. Егер болашақта Қазақстанда жоғары деңгейдегі төрешілерді көргіміз келсе, соған да­йындықты қазірден бастау керек. Тө­релік – футболдағы ең оңай сыналатын сала, бірақ ол футболдың ажырамас бөлігі ретінде қабылдануға тиіс. Бірлік бар жерде футбол да дамиды, нәтиже де жақ­сарады. Сондықтан төреші, бапкер, ойыншы мен клуб бірлесе жұмыс істеуі қажет.

УЕФА-ның 2010 жылы қолға алған CORE бағдарламасы (Төрешілерді жетілдіру орталығы) – әлемдегі ең та­бысты бастамалардың бірі. Оны биылғы жылдың екінші жартысында енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл – жас төрешілердің кәсіби дамуына арналған жоба. Мен осы жобамен өзге елдерде жұмыс істеп, тиімділігін көрдім. Сонымен қатар ішкі ұйымдастыру жұмыстары да оңай болмайын деп тұр. Қазақстан футбол федерациясы – УЕФА төрелік конвенциясының мүшесі. Сол себепті өз регламенттеріміз бен рәсімдерімізді халықаралық талаптарға бейімдеуіміз керек. Бізге УЕФА төрешілер комитеті төрағасынан бастап, ұйымның барлық деңгейінде қолдау көрсетіліп отыр.

– Сонда футбол қауымдастығына қандай ұсыныс айтасыз?

– Төрешілерге мына бір қарапайым ойды жеткізгіміз келеді. Оны маусымның басындағы семинарда ашық айтамыз. Қазір төрелікте жаңа кезең басталып жатыр. Төрешілер біздің жаңа философияны қабылдауға тиіс, олай болмаған жағдайда біздің командада қалуы қиын. Біздің құндылық – кәсібилік, ашықтық, адалдық пен жоғары сапа. Ол – міндетті талап. Ал осы құндылықпен жұмыс істе­гісі келетіндерге кәсіби даму мен халық­аралық тәжірибе алмасуға толық мүмкіндік беріледі. Осы екі айда жағдай­ды зерттедік, басты себептерді анық­т­ап, алғашқы шешімдерді іске асыра бастадық.

Маусым айында өтетін кең көлемдегі семинар – сол жаңа кезеңнің басы. Премьер-лига төрешілері, көмекшілері, VAR мамандары мен бақылаушылары физикалық тестен, жазбаша емтиханнан және бейнежаттығудан өтеді. Негізгі тақырыптар – айып алаңындағы сәттер, қолмен ойнау, қақтығыстар, тәртіптік шаралар мен төрешілердің дұрыс орналасуы. Бұл жұмыс УЕФА мен Қазақстан чемпионаты матчтары арқылы жүргізіледі.

Басты міндеттердің бірі – ойын­шылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау. Соңғы турларда тым көп қауіп­ті іс-әрекет, әсіресе шалып құлату және шынтақпен ұру жиі байқалды. Төрешілер халықаралық стандарттармен жұмыс істейді. Бұл жалпы футбол сапасының артуына жол ашады. Ақы­рында, ең ма­ңыз­дысы – құрмет. Кәсіпқой футболда ғана емес, жастар мен әуесқой футболда да төрешіге деген сыйластық болуы қажет.

UEFA Respect жобасы осы мақсатты алға тартады. Біз енді «Капитан – төреші» атты хаттаманы енгіземіз. Яғни төре­шімен тек капитан ғана сөйлесе алады, оның өзінде сыпайы түрде. Бұл жүйені Еуропада барлық бапкер мен ойыншы қолдады. Біз осы салаға нақты өзгеріс енгізу үшін келдік. Сондықтан федерация бізге қажетті құралдарды беріп отыр. Уақыт, команда және мақсат – осының арқасында төрелікті жаңа деңгейге шығарамыз. Бірақ бұл біздің ғана емес, бүкіл футбол қауымдастығы экожүйесінің ортақ жауапкершілігі.

 

Әңгімелескен –

Алмас МАНАП,

«Egemen Qazaqstan»