Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік ту көтеру рәсімінде биыл мемлекеттілігіміздің берік тірегі – Ата Заңымыздың қабылданғанына 30 жыл толатынын еске салып өтті, деп хабарлайды Egemen.kz
Содан кейін Президент оқуын үздік бітірген курсанттарға ту түбінде шен тапсыру жақсы дәстүрге айналғанын айта келіп, жас сарбаздарға сөз арнады.
«Көк байрақ жауынгерлерге айрықша күш-жігер береді, отаншылдық рухын көтереді. Осындай сәттерде әр азамат туған елге қызмет ету перзенттік парызы екенін терең ұғынады. «Тұлпар мініп, ту алған» жаужүрек батырлардың ұрпағы екенін сезінеді. Отан күзетінде тұрған ұландарымызды баһадүр бабалардың бүгінгі ізбасары деуге болады. Қастерлі Туымызды әрдайым тік ұстаңыздар! Мен бұған кәміл сенемін! Байрағымыз биікте желбіресін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», деді Мемлекет басшысы.Ту көтеру рәсіміне мемлекеттік органдардың басшылары, Парламент депутаттары, Ұлттық құрылтай мүшелері, «Халық қаһарманы» мен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегерлері, жоғары әскери оқу орындарының курсанттары мен олардың туыстары қатысты.