• RUB:
    6.46
  • USD:
    510.19
  • EUR:
    582.79
Басты сайтқа өту
Театр Бүгін, 08:15

Пойыздағы арпалыс

30 рет
көрсетілді

Музыкалық жас көрермен театрында Қарағанды қаласынан келген тәуелсіз «DAT» театры Тойгун Орбайдың (Түркия) «Пойыз 21:15» атты экзистенциалды драмалық қойылымын көрермен назарына ұсынды.

Бұл шығармада қазіргі адамның ішкі күйзелісі, жалғандыққа толы өмір­ден шаршауы және рухани дағдары­сы бейнеленеді. Атал­ған спектакль – адамның болмысын, жа­най­қайын, шы­найылық пен жасан­дылықтың арасын терең философиялық тұрғыда ашуға бағытталған.

Пьесадағы оқиғалар түнгі пойызда өрбиді. Жолаушылардың әрқайсысы өз тағдырымен бетпе-бет келеді. Ең қызығы, пойыз сағаты 21:15 уақытынан басқа уақытты көрсетпейді. Осы орайда көрермен ішкі жан тол­ғаныстары мен психологиялық шиеліністер арқылы адам табиғатына үңіледі.

Қойылымды қоюшы режиссер – Микаил Микаилов (Әзербайжан), қою­шы суретші – Мұстафа Мұстафаев (Әзербайжан), ал жоба авторы – Дунай Еспаев (Қазақстан). Рөлдерді Әйгерім Асанова, Дунай Еспаев, Бауыржан Нұр­мағамбетов сынды актерлер сомдады.

Қойылым соңында Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров «DAT» театры ұжымына алғыс білді­ріп, көрерменге терең ой салған қойы­лымның көркемдік деңгейін жоғары бағалады.

Еуропаның бірталай театр кеңістігін зерделеп, батыс театры сахнасында отырғандай сезімде болдық. Біз әбден эмоционалды театрға үйренгенбіз, ал бұл санаға ықпал ететін, интеллектуалды диалог жасауға шақыратын рационалды театр болды», деді ол.

Айта кетейік, спектакльді Қара­ғанды облысы Мәдениет басқар­масының басшысы Ғалымжан Өтебай, басқа да өнер майталмандары келіп көрді.

Бұған дейін режиссер Ду­най Еспаев жеті жыл бойы Қара­ған­дыдағы К.Станиславский атын­дағы орыс драма театрын басқарған. Қа­зір ол биыл құрылған тәуел­сіз «DAT» театрының негізін қалаушы әрі көр­кемдік жетекшісі ретінде жаңа шығар­машылық бағытта еңбек етіп келеді.

Жас театрдың тұсаукесер қойы­лымы ретінде ұсынылған «Пойыз 21:15» драмасы көрермен ықыласына бөле­ніп, театр ұжымының алдағы шы­ғармашылық жолын ашқандай болды. Қойылым – бүгінгі қоғамның рухани ахуалын көркемдік тұрғыда зерделеуге ұмтылған мәні терең туынды ретінде есте қалды.

 

Нұрзат АМАНТАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 3-курс студенті

Соңғы жаңалықтар