• RUB:
    6.41
  • USD:
    511.77
  • EUR:
    593.19
Басты сайтқа өту
Өндіріс 11 Маусым, 2025

Тау-кен өндірісіндегі инновация

140 рет
көрсетілді

Отандық ғалымдар кен құрамын жылдам әрі үлгіні бұзбай анықтайтын ерекше рентгенфлуоресценцтті аспаптар жасап шығарды. Технологиялық құралды Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтының академик Амандық Төлешов жетекшілік ететін ғалымдары ұсынды, деп жазады Egemen.kz.

Тау-кен өндірісіндегі «рентгенфлуоресцентті» немесе EDXRF аспаптары шетелдік баламаларынан артық екенін дәлелдеген. Ол кен үлгісін рентгенмен сәулелендіріп, кейіннен элементтердің сәуле шығаруын тіркеп, құрамын дәл анықтайды. Ең бастысы – бұл тек зертханада ғана емес, жер астында, шаңды, суық және қиын жағдайларда да жұмыс істей береді. Құрамында химиялық реагенттер де жоқ, яғни экологияға зиян келтірмейді. Қосымша шығынды да талап етпейді.

Аспаптың ішкі бөлігі жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған. Бұл SBSWin атты ақылды алгоритм кен құрамын тұрақты әрі жоғары дәлдікпен талдайды. Осылайша бұрын ұзақ уақыт алатын үдеріс енді секундтармен өлшенеді.

«Қазақмыс» компаниясының өндіріс орындарында бұл аспаптар кенді талдау тәсілін түбегейлі өзгертті. 2019-2023 жылдар аралығында Төлешовтің командасы жасаған РЛП-21 аспабы екі миллионға жуық үлгіні өңдеп, тәулігіне мыңнан астам талдау жүргізген. Әр талдау бір уақытта отыздан астам элементті анықтап, кен құрамын нақты көрсете алатын.

Кен құрамын нақты уақыт режимінде бақылау бұрын тек арман болса, енді шындыққа айналды. Жобалық ұжым жасаған РКС-21 кен бақылау станциясы кен құрамындағы өзгерістерді тікелей конвейерде бақылайды. Аталған технология шикізат сапасына жедел әрекет етуге және байыту процесін нақты уақытта түзетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар миллиондаған қаржыны үнемдейді.

Бұл аспаптар елдің нақты жағдайларына бейімделген, бағасы қолжетімді, сапасы жоғары және күрделі техникалық қызмет көрсетуді қажет етпейді. Сонымен қатар олар сертификатталып, қазіргі таңда шетел нарығына экспортталып жатыр.