«Отбасы банк» 2026 жылдың қазан айынан бастап исламдық ипотека өнімін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл туралы банк басшысы Ләззат Ибрагимова Kazinform агенттігіне берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазіргі уақытта банк ислам ипотекасының тетіктерін зерттеп жатыр. Ләззат Ибрагимова бұл бағыттың Қазақстанда болашағы зор екенін атап өтті. Себебі халық тарапынан мұндай қаржы құралдарына қызығушылық жоғары.
Айта кетейік, сәуір айында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Мәжілісте «Отбасы банкке» исламдық қаржыландырумен айналысу құқығын беретін заңнамалық түзетулерді таныстырған болатын.
Банк басшысының сөзінше, заң маусым айының соңына дейін қабылдануы мүмкін. Кейін лицензия рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа өнім қыркүйек немесе 2026 жылдың 1 қазанына дейін таныстырылуы ықтимал.
Ислам қаржыландыруының басты ерекшелігі – шариғат талаптарына сәйкес пайыз есептелмейді. Осыған байланысты банк пайызсыз депозиттер мен несиелер ұсынуды көздеп отыр.
Сонымен қатар ислам ипотекасында бастапқы жарна көлемі әртүрлі болуы мүмкін. Алдын ала мәлімет бойынша, ол баспана құнының 20-50 пайызы аралығында белгіленеді. Жаңа ипотека бағдарламасы басқа тұрғын үй бағдарламаларынан бөлек жүзеге асырылады.
Айта кетейік, 1 шілдеден бастап ипотекалық несиелер бойынша шекті мөлшерлеме бастапқы жарна көлеміне қарай белгіленеді.
Енді коммерциялық банктер де тұрғын үй-құрылыс жинақтары жүйесіне қатысып, азаматтарға жаңа ипотекалық өнімдер ұсына алады.