Ақтау гарнизонындағы әскери бөлім сарбазы Р. Жайғалиевтің қаза болуына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, сотқа жолданды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оқиға биылғы 17 ақпанда болған. Тергеу мәліметінше, әскери бөлім командирі қызметтік міндеттерін тиісінше орындамаған. Атап айтқанда, жеке құрамды бақылау мен қару қолдану тәртібін қамтамасыз етуге қатысты жарғылар мен ведомстволық талаптарды сақтамағаны анықталған. Соның салдарынан қайғылы жағдай болған.
Бас әскери прокуратураның хабарлауынша, әскери прокурорлардың тұрақты бақылауы мен жедел-тергеу тобының үйлесімді жұмысының арқасында қысқа мерзім ішінде қажетті дәлелдер жиналып, сот сараптамалары жүргізілген.
Тергеу аяқталып, іс соттың қарауына жіберілді.
Сонымен қатар, барлау-шабуыл батальонының командирі, оның орынбасары және рота командирі қызметтерінен босатылды. Бұдан бөлек, 10 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Бас әскери прокуратура әскери қызметшілердің өліміне себеп болған қылмыстар бойынша кінәлілерді жауапқа тарту жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.
Еске салайық, Жамбыл облысында командирдің салғырттығынан болған сарбаз өлімі бойынша тергеу аяқталды.
Абай облысындағы сарбаз өліміне кінәлі деп танылған дәрігер жазадан босатылды.