ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Roca Group директорлар кеңесінің төрағасы Сантьяго де Гомар Рокамен кездесу өткізді. Келіссөз барысында Қызылорда облысында санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын жоғары технологиялық зауыт салу жобасы және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету мәселелері қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жоспарланған зауыт жылына 500 мың данаға дейін сантехникалық бұйым өндіруге қауқарлы болады. Өндіріс нысаны Қызылорда облысындағы «Өндіріс» индустриялық аймағында орналасады, қазіргі таңда қажетті жер телімі белгіленген. Кәсіпорын ішкі нарықпен қатар, өнімін Орталық Азия елдеріне экспорттауға бағытталады. Жалпы инвестиция көлемі 70 миллион еуроға бағаланып отыр. Жоба іске қосылған жағдайда шамамен 300 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіледі.
Кездесу барысында Сантьяго де Гомар Рока Қазақстанды Roca Group үшін Орталық Азиядағы стратегиялық даму алаңы ретінде қарастыратынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан қолайлы инвестициялық ахуал мен логистикалық мүмкіндіктер ұсынады.
«Қазақстан – Орталық Азиядағы қатысуымызды кеңейту үшін қисынды таңдау. Біз елді бүкіл аймақ үшін тиімді жұмыс істей алатын өнеркәсіптік және логистикалық хаб ретінде қарастырамыз. Қызылордадағы жоба жергілікті экономиканың дамуына үлес қосып, халықаралық стратегиямыздың маңызды бөлігіне айналатынына сенімдіміз», деді ол.
Өз кезегінде, Премьер-министр Олжас Бектенов өнеркәсіптік өндірісті локализациялау Үкіметтің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен отандық өндірісті қолдау мен импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған саясат белсенді жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі басым бағыты аясында отандық өндірісті қолдауға және сыртқы жеткізілімдерге тәуелділікті азайтуға бағытталған импортты алмастыру саясаты белсенді дамып келеді. Қазақстан мен Испания – стратегиялық серіктестер. Сондықтан біз компанияны сенімді серіктес ретінде көреміз және терең индустриялық даму үшін жоғары технологиялық өндіріс тартуды құптаймыз. Үкімет жобаның сәтті жүзеге асуы үшін қажетті көмек көрсетеді», деді Премьер-министр.
Кездесу қорытындысы бойынша ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Қызылорда облысының әкімдігі және Roca Group арасында инвестициялық жобаны жүзеге асыру қағидаттары туралы негіздемелік келісімге қол қойылды.