Түркістан, Шымкент қалаларында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің 70 жылдығына арналған «Би керуені» атты концерт өтті.
Кештің шымылдығы «Ел салтанаты» би қойылымымен ашылды. Балет әртістері мың бұрала билеп, қазақ және әлем халықтарының биін асқан шеберлікпен орындады.
Аталған іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев арнайы қатысып, би ұжымын 70 жылдық мерейтойымен құттықтады. Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Мұрат Оспанов өз кезегінде бірқатар маманға Алғысхат табыстады. Мәдениет қайраткері, биші Ұлжан Мұстафаева да алыстан ат терлетіп келген би ұжымына ізгі лебізін арнады. Ал ансамбль директоры Елубай Кенжалиев жиналған өнерсүйер қауымға алғысын білдірді.
Кеш барысында әнші Өмірқұл Айниязов «Түркістан», «Қазақстан – атамекенім» әндерін шырқады.
Айта кетейік, биыл «Салтанат» мемлекеттік би ансамбліне – 70 жыл толып отыр. Осы айтулы мерейтойға орай алғаш рет «Би керуені» атты жоба еліміздегі тарихи, мәдени тұрғыдан аса маңызды орын алатын киелі Түркістан қаласынан бастау алды. Көрермен ерекше әсерге бөленіп, өнер ұжымына құрмет-қошемет көрсетті.
Ансамбльдің балет әртістері гастрольдік сапар кезінде Түркістан қаласының тұрғындарымен Димаш Құдайберген орындайтын «Тау ішінде» әніне флешмоб түсірді. Аталған ансамбль өскелең ұрпаққа ғажайып өнер арқылы жастардың ұлттық патриоттық сана-сезімін қалыптастыру жолында аянбай өнер көрсетіп келеді.
«Би керуені» жобасы аясында Түркістан мен Шымкент қалаларында шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, өңірдегі би ұжымдарына тәжірибелі мамандар би өнерінің қыр-сырымен бөлісті. Шеберлік сағатына Түркістан қаласынан 200, Шымкент қаласынан 100-ден аса хореограф қатысты. Әр қатысушыға тегін сертификат табысталды. Бұл жоба күзде Батыс, Шығыс, Солтүстік Қазақстан өңірінде жалғасады.
Алуа Мұратханқызы,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 3-курс студенті