Белгілі жазушы Дидахмет Әшімханұлының «Жынды жел» атты кесек әңгімесі жер бетіндегі адамдардың біртіндеп нәрінен, тамырынан, барынан айрылып, біртекті, қарадүрсін қалыпқа түсетін қайғысын арқау еткен. Аңыздың астарында шынайы өмір тұнып тұр. Қазіргі заманда әлемді екіге бөлу идеясы, капиталистік қоғам, артық адамдарды биоробот, дәлірегі қоқыс санау, нәсілшілдік теориялары жаһандану үрдістерінде жиі көрініс табуда. «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда», – деп Абай айтқан құса-шер осы әңгіменің астарын айқындайды. Жазушы өз шығармасын адам баласын сүйген жүрекпен жазса, осы тектес иррационалды қасіретке құлап түсу қиын емес. Өйткені қоғамда болып жататын небір теріс құбылыстарды көрмейін десе көзі бар, естімейін десе құлағы бар. Жазушы әрдайым тек өз қара басын ойламайтын рухани сана-сезімнің иесі болғасын, өзге нәрсеге бас қатырмас тоғышар болмағасын зұлымдықтарға жаны ауырып, артық уайым-қайғыны жүрегіне қалайша жүктеп алғанын өзі де аңдамай қалады.
Бес жыл бұрын қазіргі қазақ әдебиетін терең зерттеп жүрген жазушы Жүсіпбек Қорғасбек осы әңгіме туралы пікірімді сұрады. Бұл жазбамды 2020 жылдың 25 тамыз күні жазыппын:
«Әңгіме аллегориялық сарында, аңыздық элементтерді, ескі күн мен жаңа заманды ұштастырып, рухын біртұтас қылып, астарлау ишарасымен жазылған. Ұлттық қолтаңбасы айқын білініп тұрады. Қазақтың көркем тілін текстке жазушы әрине, мүдірмей салады. Суреттеулерінде ертегілік, уағыз-насихаттық сарын, градациялық сипат бар. Жанрын антиутопия десе болар. Емші шалдың аузымен айтылатын бір тайпаның құруы туралы әңгіменің концепциясын қабылдамағанымды бірден айтайын. Мұндағы Дидахмет ағаның зар күйін оятқан идея – тұтас бір ұлттың құрып кетуі ғой. Жазушы жаһандану өршіп бара жатқан қазіргі заманда урбанизацияның үкіміне көніп, кей адамдардың өз тегінен алыстауына және жат ықпалға ілесіп, құт-берекесін, елдік дүниетанымының алтын қазығын жоғалтып алғанына күйзелген. Қалалану керек, бірақ ауылды тең ұстау керек. Жазушы жатқа идеологиялық тізгін беріп қойған, ұлтсызданған, санасы өзгерген халықтардың көрер күні осы дегісі келеді. Қара кемпірдің айнасы көрсететін ғажаптар – сұрықсызды сұлу, жамандықты ізгілік, сайтанды періште қылып көрсетудің қас шебері теледидар, мобильді телефон, гаджеттер, ондағы жиі көрініс табатын педофилия, порнография, криминал, ердің езге айналып, сұсы қайтуы, әйел затының оң-солын айырмай есіруі, материалдық байлыққа арбалу мұның бәрін автор ишарамен, түйсікке берген. Мұнда өз орманын өртеу сұмдығы бар, бұл өте ауыр түңіліс.
Әңгімедегі қойшының 11 жасар баласы ауырып жатып, сандырақтап көрген түсінде қып-қызыл күн шығыстан емес, батыстан шығады. Бұл енді мұсылмандық эсхатологияда ақырзаманның белгісі. Жер бетінде өз мүддесін тастай етіп малданған көрші тайпалар – орман, обыр, жебір атауларына да көп мағына, анық сілтеме сыйып тұр. Ал құрып кеткен бейқам тайпаның атауы – «Алас», соңғы бір әрпін өзгертсе, бұл атаудан қазақ этнонимінің бір синонимі «Алаш» шықпай ма? Міне, жазушының барды ұқсатпай қор қылған кемшіліктерге, қоғамды жайлап алған жемқорлыққа жаны күйіп, ашынып отырғаны қарғысқа ұшыраған өлі халыққа айналмайық деген уайымнан туған. Абай хакім «Уайым – ел қорғаны, есі барлық» деп тегін жазбайды.
Дидахмет ағаның ишаралы әңгімесі қазақ ойлансын, сандалмамен күн кешпей, тектілігіне оралып, оңалсын деген ақ ниеттен туындап отыр. Әттең, үмітті өлтірмейтін бір тегеурінді детальді Дидахмет аға әңгіменің соңына қосқанда қатып-ақ кетер еді! Үміті өлген халық тірі өлікпен тең. Жалған, кесір құндылықтардан сөз құдіреті арқылы сақтандырған жақсы, шығармашылық адамына бұл парыз, әйткенмен, бұл алас тайпасының күні батқанын біздің өзімізге тели жөнелуге болмайды. Сондықтан бұл аңыз-әңгіменің символдық мағынасын ескі бір заманда жоғалып кеткен бір қорғансыз тайпаның тарихы деп түсіну қажет. Ондай аласталған тайпалар жер бетінде өте көп. Әдебиеттің міндеті үкім шығару емес. Әсіресе біздің қазаққа ұлттық идеологияны нығайта беретін сәулелі проза, күн шуағы мол, құлазу-түңілусіз жарық поэзия ауадай қажет деп білемін. Біз потенциалы мықты, жынша иектеп алған кесір-надандығымызды түбі жеңетін, шынында, Құдай ешкімнен қор қылып жаратпаған еңсесі биік елміз. Оны айғақтайтын сәулелі тұспал-нышандар да жетіп артылып жатыр».
Арада бес жыл өткен соң бұл әңгімені қайта салмақтадым. Жанры притча, астарлы аңыз, әулие сөз, оның ерекшелігі мазмұнын, өсиет-өнегесін бір ғана заманға тели алмайсың.
Жазушылар өз ұлтының ғана емес, күллі адамзаттың ең басты жанашырлары екенін айқын ұқтым. Жаман айтпай жақсы жоқ. Расында, жазушының жан айқайы бір ұлтты ғана мысал етіп тұрмағанын түсіндім. Бұл әңгіме тұтас алса, Жер планетасындағы исі адамзаттың ертеңіне ерекше алаңдаудан, өз басын емес, тұтас елді ойлайтын Асан Қайғы құбылысынан шыққан шындыққа жанасатын түбі тұңғиық зор уайым болып шықты. Қазіргі геосаясат, ірі мемлекеттердің саяси аренада өзін ұстауы, экологиялық, экономикалық проблемалар ақыл-парасатты тең жұмсауды қажет етеді. Гегемондық бақталас қауға түскен өрттей өрши беретін құбылыс па?! Ядролық сойқан салу мүмкіндігі бір тетікке сыяды. Мұның бәрін көріп-біліп отырып, жазушы жаны қалайша қиналмасын?
Әңгіме бірінші жақтан баяндалады. Алтайдың Ақсөре шыңынан капитан Гранттың ақ желкенді кемесін көретін оқушы бала балалар әдебиетінің классиктері Жюль Верн, Марк Твеннің дәл өзі сияқты жасөспірім кейіпкерлерінің бастан кешкен шытырман оқиғаларын сүйсіне оқып, ескі қыстау, иен жерге сыймай, балалық қиялымен әлемді ойша кезіп кетеді. Өзі сондай бауырмал бала, інісін елжіреп жақсы көреді. Әке-шешесі мал бағады, олар үйге оралса, үлкен баласы қызуы көтеріліп, құлап қалады, сандырақтап шығады. Емші шал балаға жел тиген, шайтан ұрған деп бақсылықпен емдейді. Мынау аңыз сол шалдың айтқан әпсанасы.
Әңгіме XIX ғасырда проза жанрының көшбасшысына айналғанын Дидахмет Әшімханұлы айғақтап, шағын көлемге романның жүгін арқалатып жібергенге ұқсайды. Расында, мұндағы әртүрлі тайпа атаулары көршілес отырған халықтарды ишаралағанымен болып жатқан құбылыстардың сипаты ғаламдануға ұрынған жалпыадамзаттық жазмышты анық суреттеп тұрғаны даусыз.
Жел метафорасы өзінің жойқын астарымен ғаламды тұтас орайды. Мұндағы жынды жел – өркениет тұспалы, біртектілікке ұрынған қоғамның бет пердесін сыпырып тастайды. Жазушы оның астарында небір құбылулар барын мегзеп, оқырман санасын сақтандырады. Тұтынушылық психология, қанағатты білмейтін материалдық байлыққа тоймау, алтын көрсе, ар-ұяттан безіп, жынданатын аламандық әңгімеде гротеск, пародия, мысал, сондай-ақ қазаннан қақпақ кету сияқты қазақы менталитет арқылы өрнектелген. Өркениеттің дамуы үдей түскенінің түбі не болмақ, ол неге апарып соқтырмақ, ғажап айна – телеэкраннан көргенін істейтін ұрпақ неден ұтылады?! Енді оған үлкен-кішінің қолынан күні-түні түспейтін гаджет қосылды. Мұның бәрінің жауабын алдағы уақыт көрсетпек. Бірақ көркем әдебиеттің асыл мұраты адамды ойландыру, жаманнан жирендіру болса керек.
Ежелгі космогониялық ұғымда дүниенің негізгі сипаты төрт стихияның бірі – жел. Мал баққан қазақ халқы «желдің құты», «желдің жұты» деп желдің оң немесе теріс әсерін айырған. Жел символикасын қазақ әдебиетінде Абай жиі қолданған. Қазақ халқында мақтан, мадақ, атақ құмарлықты Абайдан асырып сынаған, гротеск, пародия жазған, Абайдан асырып жек көрген кісі жоқтың қасы. Басы «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?» деп келетін өлеңде Абай мақтанның әсерін жел сөзге теңейді.
«Мақтау – жел сөз жанға қас,
Қошаметшіл шығарған.
Бір мақтаса боқтамас
Ел табылса, құмарлан».
«Жел сөз» деп өтірік, бекер, өсек-аяң, қаңқу сөзді айтады. Абай «мақтау – жел сөз» деп тасқа таңба басқандай танып тұр.
Дидахмет аға әдебиеттегі кейінгі буынға ерекше қамқор болатын. Жастарды көріп-білгісі келмегендей менсінбейтін мінез ішінара әдебиетте бола береді. Бұған түк ренжімеу керек. Өйткені үлкен буын өздерінен кейінгі буыннан жарып шықса сонда көре жатады. Ол да өмір талабы, қалт жібермей баршаны түгендеуге уақыт жетпейді.
Қазір руханият – әдебиет пен өнердің қадір-қасиеті қайта күшейіп келе жатыр. Бұл Қазақстан Республикасы іргелі елге айнала бастаудың белгісі. Бұл үрдіс үзілмей күшейе берген сайын мемлекеттің мәртебесі өсе береді. Әдебиетке енді келген жас буын, мына біздер – жазу соқпағына 1980 жылы түскеніммен, әдеби ортада 1994 жылдан бастап үзбей жариялана бастаған мына мен және өлара қамалын бұзып-жарып шыққан Маралтай, нақ осы біздің буын өлместің күнін көрсек те, әдебиеттен безіп кетпедік. Кәдірбек Сегізбаев, Сапар Байжанов, Роллан Сейсенбаев, Медеу Сәрсеке, Ырысхан Мұсаұлы, Сұлтан Оразалин, Зейнолла Серікқалиев, Нұрлан Оразалин, Мұрат Әуезов, Әуезхан Қодар, Дидахмет Әшімханұлы, Жұмабай Шаштайұлы, Темірхан Медетбек, Несіпбек Дәутайұлы, Ұлықбек Есдәулет, Мейірхан Ақдәулет, Әлібек Асқаров сияқты біздің асыл ағаларымыз кейінгі буынға қолдан келген қамқорлығын жасап бақты. Жақсыдан шарапат болғаны қандай жақсы. Ұлттық сана осылай нығаяды, барлық ірі халықтар осындай рухани жолдан өтуге тиіс.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
жазушы