Таяу Шығыста жағдайдың ушығуына байланысты Дубайдан қазақстандық туристер мінген екі рейс Алматыға қонды, деп хабарлайды Egemen.kz.
FlyDubai әуе компаниясының рейстері Алматыға 15 маусымда сағат 02:45 және 06:19-да қонды. Ұшақ бортында 332 қазақстандық болған, олардың ішінде 13 маусымда ұша алмаған жолаушылар да бар. Аталған күні Таяу Шығыста жағдай күрт шиеленіскеннен кейін бірқатар әуе компаниясы Дубай мен Абу-Дабиден Қазақстанға және басқа елдерге рейстерді уақытша тоқтатқан еді.
ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің бұйрығына сәйкес, 13 маусымнан бастап Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливанның үстімен, аумағында және маңында ұшуға толық тыйым салынған. FlyDubai рейстері бұл аймақтарды қауіпсіз айналып өтіп, тек кешіккен жолаушыларды емес, жоспарлы рейстердегі азаматтарды да елге аман-есен жеткізді.
Рейстері кейінге қалдырылған барлық қазақстандықтар “Туристік Қамқор” қорының қатысушы туроператорлары есебінен қонақ үйлерге орналастырылды. Эвакуация ҚР Туризм және спорт министрлігі, Сыртқы істер министрлігі және Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшілігі үйлестіруімен жүзеге асырылды.