• RUB:
    6.52
  • USD:
    512.44
  • EUR:
    593.15
Басты сайтқа өту
Тағзым Бүгін, 08:10

Композитор мұрасы – ЮНЕСКО төрінде

20 рет
көрсетілді

Парижде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде композитор, қазақ музы­касының заңғар тұлғасы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жыл­дық мерейтойына арналған «Ша­быт бастауы: Нұрғиса Тілен­диевтің мұрасы» атты халық­аралық көрменің салтанатты ашылуы өтті.

Халық қаһарманы, дирижер, аса көрнекті өнер иесінің ғасырлық мерейтойы – тек қазақ халқы үшін ғана емес, барша өркениетті әлем үшін елеулі оқиға. Бұл маңызды дата ЮНЕСКО тарапынан халықаралық деңгейде аталып өтетін мерейтойлар қатарына енгізілді.

Аталған көрмеде Алматы қала­сын­дағы Музейлер бірлестігінің қо­рынан алынған 70-ке жуық құнды жә­дігер қойылған. Олардың қатарында композитордың өз қолымен жазған партитуралары, сирек фотосуреттері, жеке заттары, сондай-ақ Ахмет Жұбанов сыйға тартқан «Дариға домбыра» да бар. Айта кетейік, кезінде бала Нұрғисаның музыкалық білім алуына Ахмет Жұ­банов себепкер болған еді. Алты та­қырыптық бөлімнен тұратын көрме композитор шығармашылығының сан қырын аша түсіп, қазақ музыкасының терең тамыры мен өрісі кең болмысын бейнелейді.

Көрменің ашылу салтанатына ЮНЕСКО-ға мүше елдердің елшілері, дипломаттар, халықаралық ұйым өкіл­дері, Франция жұртшылығы мен сонда тұратын қазақ диаспорасы қатысты. Қазақстанның ЮНЕСКО жа­нындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов бұл көрме қазақ музы­касының алтын арқауы болған тұлғаның мұрасына көр­сетілген зор құрмет, түркі дүниесінің ортақ рухани кеңістігін жаһандық дең­гейде танытудың жар­қын көрінісі екенін атап өтті.

Айта кетейік, іс-шараны Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Музей­лер бірлестігі ұйымдастырды. Жо­ба­ның жүзеге асуына Қазақстан Респуб­ликасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігі, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры атсалысты. Жоба «Отырар сазы» оркестрінің негізін қалаған көрнекті тұлғаның шығармашылығын насихаттауға, қазақтың бай музыкалық мұрасын шетел жұртшылығына кеңінен танытуға бағытталған.

Нұрғиса Тілендиевтің еңбектері біртұтас ұлттың мәдени мұрасына ай­­нал­ды. Тау тұлға 500-ден аса му­зыкалық туындыны дүниеге әкелген, 50-ден аса драмалық қойылым мен 20-ға жуық кинофильмге музыка жазған. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік акаде­миялық опера және балет театры­ның, Құрманғазы атындағы халық аспаптар академиялық оркестрінің бас дирижері қызметін атқарған, кейін өзі негізін қалаған «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркес­трінің көркемдік жетекшісі болды.

Көрме ЮНЕСКО-ның штаб-пәте­рінде осы жылдың 19 маусымына дейін жалғасады.