Қазақстан мен АҚШ инвестициялық ынтымақтастықты нығайтып жатыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Америка Құрама Штаттарына ресми сапары аясында Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Қанат Шарлапаевтың төрағалығымен өткен дөңгелек үстел жиынында айтылды.
Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жиынға америкалық трансұлттық корпорациялар, инвестициялық қорлар мен еліміздің мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты. Кездесу барысында инвестициялық серіктестіктің басым бағыттары, оның ішінде шикізаттық емес секторларды дамыту, орнықты өсу технологиялары, инфрақұрылым және өндірісті жергіліктендіру мәселелері талқыланған.
Жалпы, АҚШ – еліміздің экономикасына 62 млрд доллардан аса тікелей инвестиция салған ірі инвестор. Осы орайда Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов АҚШ бизнесінің елімізге деген қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті: «АҚШ – біздің негізгі стратегиялық серіктесіміз. Бүгінде отандық нарықта ірі америкалық компаниялар табысты жұмыс істеп жатыр және олардың қатарын кеңейтуге мүдделіміз. Біз тек капитал тартуға емес, бірлескен өндірістерді іске қосуға, озық технологияларды енгізуге және жаңа экспорттық тауарларды дамытуға ұмтыламыз. Осы кездесу жаңа жобаларға қосымша серпін береді деп сенеміз».
Сондай-ақ сапар аясында АҚШ Сауда палатасының Таяу Шығыс, Түркия және Қазақстан бойынша вице-президенті Дженнифер Милмен кездесу өтті. Тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы іскерлік серіктестіктің қазіргі жай-күйін және қазақстандық-америкалық іскерлік кеңес аясындағы өзара іс-қимылды кеңейту жолдарын талқылады. Әсіресе еліміздің америкалық бизнес қауымдастығы арасында танымалдылығын арттыру және нақты инвестициялық бастамаларды іске асыру мәселелеріне баса назар аударылды.
Бұған қоса комитет басшысы «Jones Equity Fund», «Heeney Capital», «Honeywell», «IG Global», «Amazon Kuiper», «Jennmar» және басқа да компаниялар өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Ел тарапы жобаларды толық сүйемелдеуге, соның ішінде әкімшілік қолдау көрсетуге, мемлекеттік қолдау шараларына және жергілікті серіктестерді іздеуге дайын екенін жеткізді.
Кәмшат ТӨЛЕГЕНОВА,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 2-курс студенті