• RUB:
    6.63
  • USD:
    518.81
  • EUR:
    596.27
Басты сайтқа өту
Еңбек Бүгін, 09:10

Қауіпсіз еңбек қашанда маңызды

30 рет
көрсетілді

Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, еңбеккерлердің бас амандығын қорғау – мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі. Былтыр жазатайым оқиғадан 1 408 адам зардап шегіп, оның ішінде 202 адам қайтыс болды. 445 мыңнан астам жұмыс орны әлі де зиянды әрі қауіпті саналады. Елімізде 15 976 азамат кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылған. Жұмыс істеп жүріп ауруға шалдыққандар мен өндіріс кезінде жа­рақат алушылар қатары да азаймай тұр. Демек еңбек қауіп­сіздігін қамтамасыз етуде атқарар шаруа әлі де шашетектен.

Астанада еңбек қауіпсіз­дігі мәселесі талқыланған халықаралық конференция өтті. Үш күнге ұласқан жиын­да еңбекті қорғау мен өнер­кәсіптегі қауіпсіздіктің сан салалы мәселесін еліміздің һәм шетелдің сарапшылары талқыға салды. Олардың қатарын­да халықаралық еңбек ұйымы мен қауымдастықтардың, орта­лық мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілер бірлестік­тері, жоғары, кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдері, Аустралия, Ұлыбритания, Ресей, Армения сынды елдер­дің халықаралық сарапшылары бар. «Еңбекті қорғау мен өнеркәсіптік қауіпсіздіктің болашағы: стратегиялар, тренд­тер және инновациялық шешімдер» тақырыбындағы плен­арлық сессияда өндіріс кезін­де жазатайым оқиғалар­дың алдын алу жан-жақты сөз болды.

KIOSH 2025 конференция­сының ашылуында сөз алған Премьер-ми­нистр­дің орынбасары Ермек Көшер­баев­ қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етуде мем­лекеттік органдардың, жұмыс беру­шілер мен қызметкерлердің өзара бай­ланысы маңызды екенін айтты. Өндірісте қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында мемлекеттік деңгейде жеткілікті шешімдер қабылданып келе жатқанын мәлім етті.

«Еңбекті қорғау – әр адамның өмірі, денсаулығы мен әл-ауқаты. Әсіре­се күнделікті нақты қиындықтарға кезік­кенде шешудің оңтайлы жолдарын, жұмыс берушілер мен жұмыс­шылардың үнін есту өте маңызды. Іс-қағаз – бір бөлек, тәжірибе – мүлдем басқа. Тек тығыз қарым-қатынас орната отырып заманауи әрі қауіпсіз жұмыс ортасын құра аламыз. Еліміз осы салада нақты алға басушылық көрсетіп отыр. Бүгінде жаңа жоспар құру емес, бұрыннан бар шараларды сапалы орындау маңызды. Бізде механизмдер мен құралдар жеткілікті, ең бастысы – оларды іске асыру нәтижелі болуы керек», деді вице-премьер.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова дамыған елдерде цифрлық шешімдер, жасанды интеллект сынды жұмыс қа­уіп­сіздігі мен еңбекті қорғаудың жаңа мә­дениетін қалыптастырғанын жеткізді.

«Бұл тақырып еңбек жағдайларын жақсартып, жазатайым оқиғалардың алдын алуда жаңа технологияларды қолданудың маңыздылығын көрсетеді. Бұрын роботтандыру, автоматтандыру, цифрландыру, климаттық өзгерістер, «жасыл» экономикаға көшу жөнінде болашақты болжап айтатынбыз. Сол болашақ бүгінде шынайы өмірімізге айналып отыр. Жаһандық трендтерді ескере отырып, қауіпсіз әрі лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету еңбек саласындағы ұлттық саясат­тың әрдайым басты қағидасы. Кейінгі ­жылдары өндірістік жарақаттану дең­гейі мен кәсіби еңбек ету қабілетінен айырылған қызметкерлер санының төмендеу динамикасы байқалады», деді С.Жақыпова.

Сала басшысы мәселені тізбелеп қана қоймай, оңтайлы шешу жолында министрлік қызметкерлердің денсаулығы мен құқықтарын қорғаудың жаңа тәсілдерін дәйекті түрде енгізіп, кешенді шаралар қабылдағанын айтты.

«Министрлік өндірістік тәуекел­дерді, әсіресе еңбек жағдайлары зиянды кәсіпорындар мен қауіпті өндіріс орындарын дер кезінде анықтап, назарға алады. Елімізде кәсіпорындардың Цифрлық картасы мен Еңбек тәуекел­дерінің картасы сынды негізгі цифр­лық құралдар іске қосылды. Олар мемлекеттік органдардың 20-дан астам ақпараттық жүйелерінің дерек­терін жинақтайды. Бұл шешім­дер кәсіпорынның объективті бейі­нін қалыптастыруға, ықтимал қауіп­терді анықтауға, сонымен қатар профи­лактикалық сипаттағы шараларды уақ­тылы қабылдауға мүмкіндік береді», деді министр.

Бұдан бөлек, әрбір жұмыс орны­ның кәсіптік тәуекелдерін саралауда цифрлық шешімдер мен құралдарды қолдана отырып, кәсіпорындарда жал­пы интегралдық бағалаудың жаңа тәсіл­дері әзірленген. Зиянды еңбек жағдай­ларында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау – маңызды мәселе. Былтырдан бері қызметкерлердің осы санатына, 55 жасқа толған, кемінде ­7 жыл ішінде міндетті кәсіптік зейнет­ақы жарналарының аударымдары жа­салған азаматтарға арнайы әлеуметтік төлемдер беріліп келеді.

Сонымен қатар өндірісте зардап шеккендерді жазатайым оқиғалар­дан міндетті сақтандыру жүйесін жетіл­діру де өзекті. Министр осы бағытта қыз­мет саласы ғана емес, кәсіпорындағы нақты еңбек жағдайлары да ескері­ле­тін екі компонентті сақтандыру тарифін енгізу жоспарланғанын атап өтті. Яғни қауіпсіздікке инвести­ция салатындар аз мөлшерде, еңбекті қорғауда үнемдейтіндер көп төлей­тін болады. Бұл – қисынды, әділ һәм аталған бағытты дамытуға қолайлы шешім.

Оқыту сапасын арттыру, ғылыми әлеуетті дамыту жөніндегі іс-шара­лар да жүйелі іске асырылып келеді. С.Жақыпова 2024 жылы оқыту мен білімді тексеру рәсімдерін ажырату, бірыңғай оқу-әдістемелік орталық құру үдерісі басталғанын, біліктіліктің жаңа салалық шеңбері мен «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау» кәсіби стандарты қабылданғанын тілге тиек етті.

«Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары шеңберінде Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау жөніндегі жаңа кәсіби стандарттың талаптарын ескере отырып, жұмысшы кадрларды даярлау жүйесін жетілдіреміз», деді ведомство басшысы.

Еңбек инспекциясы FSM social қосымшасын пайдаланып, өндірістегі жазатайым оқиғаларды мемлекеттік бақылауды күшейтеді. Бұзушылықтар туралы дабылдарды ерте анықтау мен жедел ден қою құзыретіне ие мінсіз әрі үлгілі мемлекеттік инспектордың жаңа моделі енгізілмек. Биылғы ақпаннан бастап еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау талаптарын бұзғаны үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл төлейді, егер қайталанса, айыппұл көлемі 400 АЕК-ке дейін артады. Мұның барлығы еңбекті қорғау мәдениетін нығайту, жарақаттанудан туындайтын ауруларды қысқарту, сондай-ақ зардап шеккендерді, жоғары тәуекел жағдайында жұмыс істейтін адамдарды қолдауды күшейтпек.

KIOSH 2025 конференциясы аясында ұйымдастырылған көрмеге еліміздің іргелі өндіріс орындарынан тыс Беларусь, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Қытай, Латвия, Пәкістан, Ресей, Румыния, Түркия сынды 12 елден 91 компания өз өнім­дерін ұсынды. Қатысушылар жеке қорғаныс пен мониторингтің соңғы құралдарынан бастап, цифрлық технологиялар мен персоналды оқыту бағдарламаларына дейінгі өнімдерін көрсетті.

Көрмеге өз өнім­дерін ұсынған ита­лиялық Давид Костан­тино жұмыс орнында адамдардың қауіпсіздігі қатаң қадағаланатынын айтады.

«Мұнда өзіміздің «Gasparro» компаниясын насихаттап, әріптестік байланыс орнатуға келдік. Компания­ның құрылғанына 40 жылдың жүзі болды. Біздің ұжымда азаматтардың қауіпсіздігі, еңбек талаптарының бұ­зыл­мауы, әлеуметтік ахуалын жақ­сарту мәселесі басты орында. Қызмет­керлердің медициналық сақтандыруы бар, кезекті еңбек демалысына уақтылы барады», дейді Д.Костантино.

Аймақтармен байланыс менеджері болып еңбек ететін Жалғас Жансерік 1997 жылдан бері жұмыс істейтін компаниясы өндіріс орындарына қажетті қауіпсіздік құралдарын шығаратынын атап өтті.

«Біз өндіріс орындары, кәсіпорын­дармен үнемі тығыз байланыстамыз. Әрбір мекемеде қорғаныс құрал­дары қандай болу керектігін түсін­діреміз. Қауіпті жұмыс орындарында қорғаныш құралдарын қалай пайдаланып, арнайы тігілген киімдерді қалай киетінін үйретеміз. Арнайы киімдер, газ талдауыш құрылғысы сынды қажетті тауарлар шығаратын, 350-ге жуық қызметкер жұмыс істейтін компания іргесін кеңейтіп, қосымша фабрика салып жатыр. Оған келешекте қажетті мамандарды кәсіптік-техникалық колледжерде білім алған жастардан жасақтайды. Бұдан бөлек, әлемнің ірі компанияларының өндірген тауарларының елімізде саудалануына септігімізді тигіземіз. Екі жылда бір рет Германияда халықаралық көрме өтеді. Сонда өнімдерімізді көрсетіп, тауарымызды насихаттаймыз. Елімізде өнім шығаратын кен орындары, мұнай-газ секторы бар. Осы салада еңбек ететін жұмыскерлерге қажетті қауіпсіздік құралдары, инновациялық технологияны өзімізге әкелуді ұйымдастырамыз», дейді Ж.Жансерік.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі С.Жақыпова мәлім еткендей, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыру мақсатында ми­нистрлік бірнеше бағытта жоспар­лы жұмыстар жүргізеді. Алдағы уақыт­та да еңбек жағдайын жақсартып, өнді­рісте зардап шеккендерді әлеу­меттік қолдауды жетілдіру, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін қызмет­керлерге қолдауды күшейту, кәсіп­одақ институтын нығайту, мемлекеттік бақы­лауды арттыруға жете мән беріледі.