• RUB:
    6.63
  • USD:
    519.55
  • EUR:
    596.03
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:38

Жатқа «жем болған» жеке дерек

40 рет
көрсетілді

Әлеуметтік желілерде ел азаматтарының жеке деректері ашық базаларға шығып кетті деген ақпарат тарады. Бұл жаңалық қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Себебі мәліметтер саны 16 миллионнан асады. Яғни ел халқының басым көпшілігінің аты-жөні, ЖСН, туған күні, мекенжайы, азаматтығы, ұлты, тіпті ұялы және үй телефон нөмірлері интернетте жарияланып кеткен. Мұндай жағдайда қарапайым азамат өзін қалай қорғайды? Деректер қайдан шықты? Жауапты кім?

Алғаш болып бұл мәселе жөнінде дабыл қаққан  Кибершабуылдарды зерт­теу және талдау орталығының президенті Олжас Сатиев. Оның айтуынша, тараған ақпарат бұрынғы мәліметтер базасынан алынған болуы мүмкін немесе мүлде жаңа дереккөзден алынған. Ондай жағдайда бұл аса көлемді деректердің заңсыз жариялануы ретінде тіркеледі. Сарапшы қазіргі уақытта ақпараттар «Telegram»-дағы жабық арналарда сатылып жатқанын айтты. Яғни жеке деректер қылмыстық нарыққа түсіп кеткен.

Осы жағдайға байланысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитеті тексеріс жүргізіп жатқанын хабарлады. Министрлік өкілі Дер­бес деректерді қорғауды дамыту басқармасының басшысы Нұрбол Мұқашев ресми пікір білдірді. «Әлеуметтік желілерде азаматтардың дербес деректері таралды деген ақпаратқа байланысты министрлік тиісті жұмыс жүргізіп жатыр. Ақпараттық қа­уіп­­сіздік комитеті құқық қор­ғау және арнайы органдармен бірлесе отырып, ұсынылған мә­ліметтердің шынайылығы мен өзектілігін анықтау мақсатында тексеруді бастады. Алғашқы талдау бұл деректердің мемлекеттік емес екенін, яғни жекеменшік ақпараттық жүйелерден алын­ғанын көрсетіп отыр. Бүгінгі таңда мемлекеттік ақпараттық жүйе­лерден дербес деректердің таралуы немесе хакерлік шабуылдар тіркелген жоқ», деді ол.

Сондай-ақ ресми өкіл егер азаматтың дербес дерегі таралған тізімде болса, оған «eGov» порталы арқылы жеке кабинетіне арнайы хабарлама жіберілетінін айтты. Мұндай тәсіл бұған дейін де қолданылған. Жеке кабинетке ескерту жіберу – цифрлық тұрғыда белсенді азаматтар үшін қолайлы шығар. Бірақ күнделікті порталға кірмейтін, әсіресе егде жастағы адамдар хабарламаны мүлде байқамауы мүмкін. Бұл өз кезегінде жеке деректердің таралу фактісі туралы азаматтың өзі білмей қалуына себеп болады.

Жеке деректердің жарияланып кету жағдайы 2024 жылы да болған. Ел азаматтарының дерегі қытай сайттарынан табылған. Н.Мұ­қашевтың айтуынша, ол кезде жеке деректер қызмет көрсету салалары мен микроқаржы ұйым­дарының ескі базаларынан алын­ған. Талдау жүрзілгеннен кейін «Қазақтелеком», «AirAstana» компанияларының да қауіп­­сіздік ержесін бұзғаны анық­талып, 100 АЕК (369 200 теңге) көлемінде айыппұл салынған. Алайда әлеуметтік желі қолдану­шыларының пікірінше, алып компанияларға аз сомадағы айып­­пұл салу олардың цифрлық қауіпсіздікке жауапкершілік алуына түрткі болмайды. Ал бұл жолғы мәліметтердің қайдан алынғаны әлі белгісіз, бірақ жауапты мекеме деректер ресми базадан алынбаған деп отыр. Министрлік бұл жағ­дай­ды қатаң бақылауда ұстап отыр­ғанын және тексеру аяқталған соң қосымша ақпарат жариялана­ты­нын хабарлады. Әдеттегідей жа­уапты органдар әр оқиғадан ке­йін тексеріс жүргізіп, мәлімдеме жа­сау­мен ғана шектеледі.

Оқиғаның қайталануы жиілеп барады. Қоғамда сұрақ көп. Дерек­тер мемлекеттік жүйеден шықпаса, ол жеке жүйелерге қалай жеткен? Жүйелер кімге тиесілі, қандай негізде жұмыс істейді? Егер деректер шынымен ескі болса, онда олардың қазір қайта сатылып жат­қаны қалай түсіндіріледі? Жеке базаларда сақталған азаматтардың деректері қандай келісіммен өңделіп, таратылып жүр? Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл сұрақтарға ресми жауап беруден бас тартты. Сарапшылардың айтуынша, бұл жерде басты мәселе азаматтың жеке деректерін кім, қалай және қандай жауапкершілікпен сақтайтынында. Ал дерек таралғаннан кейін тексеру жүргізу жеткіліксіз. Нақты шаралар қабылдану керек.