• RUB:
    6.65
  • USD:
    521.57
  • EUR:
    601.01
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 11:10

Цифрландыру тиімділікті арттырады

30 рет
көрсетілді

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Digital justice жобаларын жүзеге асыру» мәселелері аясында Әділет вице-министрі Бекболат Молдабековтің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Спикер әділет органдары қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында іске асырылып жатқан цифрлық трансформациялардың негізгі бағыттары туралы ойын ортаға салды.

Әділет вице-министрі Бекболат Молда­беков Е-Заңнама жобасы заң шығарудың барлық үрдісін бірыңғай жүйеге біріктіру мақсатында құрылғанын, бұл нормалар әділет саласын цифрландырудағы көшбасшы жобалардың бірі екеніне тоқталып: «Заң шығарудың барлық үрдісін бірыңғай жүйеге біріктіру арқылы заң жобасының өмірлік цикліне толық жауап беретін функционал іске асырылады. Яғни заңның әзірленуінен бастап, Мемлекет басшысының қол қоюына дейінгі барлық үрдісті бақылауға, осы саланың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік туады», деді спикер өз сөзінде.

Сондай-ақ Бекболат Серікұлы Әділет министрлігі жасанды интеллект негізін­дегі цифрлық заң кеңесшісін іске қос­қанын сүйіншіледі. Енді ел азаматтары ми­нистрліктің сайты арқылы құқықтық кеңес­шінің онлайн көмегін тұтына алады. Тәулігіне 24/7 режімде жұмыс істейтін құры­лым құқықтық мәселелерге қатысты кең ауқымды кеңес беруге қабілетті. Ми­нистрлік келесі кезеңде осы жүйеге смарт-ассистентті енгізуді жоспарлап отырғанын, смарт-ассистент нормативтік құқықтық актілерді әзірлеушілерге сараптамалық қолдау көрсететінін мәлім етті.

Министрлік өкілі атқарушылық іс жүргізу рәсімдерін автоматтандыру аясында енгізілген «цифрлық сот орындаушысы» сыбайлас жемқорлық фактілерін азайтуға мүмкіндік беретініне де тоқталды.

«Цифрлық сот орындаушысы» автоматты режімде адамның қатысуынсыз ат­қару­шылық іс жүргізуге мүмкіндігі бар. Бұл шешім адами факторды жою­ға, сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге, қарызды өндіріп алу үрдісін едәуір жеделдетуге мүмкіндік береді. Мәсе­лен, бұрын борышкерлер жеке сот орын­дау­­шысына борыш сомасының үстінен 25 па­­йызына дейін комиссия түрінде қо­сым­ша ақы төлеуге мәжбүр болушы еді. Сот орындаушылардың жұмысын авто­маттандыру арқылы бұл шығыстар алынып тасталды. Нәтижесінде, қарапайым халықтың қалтасындағы 1,2 млрд теңгеден аса қаражат үнемделді», деді спикер.

Әділет вице-министрі Бекболат Молда­беков біз сөз еткен «Құқықтық кеңесші» мен «Смарт-ассистент» цифрлық модульдері толықтай іске қосылғаннан кейін ел азаматтары жеке сот орындаушыларының әре­кет­терін бақылап, атқарушылық істер туралы дер кезінде ақпарат ала алаты­нын, сот орындаушыларының әреке­тіне немесе әрекетсіздігіне қатысты шағым­дануға да мүмкіндік туатынын, бұл құрал атқару­шылық іс жүргізу жүйесіне деген ашықтық пен сенімді арттыратынын тілге тиек етті.

Сонымен қатар Бекболат Серікұлы бұрын тек қағаз түрінде жүргізіліп келген но­та­риустың атқарушылық жазба беру рәсімі де цифрландырылатынын мәлімдеді.

«Қазір нотариустың атқарушылық жазба берудің жеке кабинеті құрылды. Сол арқылы борышкердің хабарлама және қарсылық жолдамасын алу мүмкіндігі бар. Егер азаматтар тарапынан қарсылықтар болса, нотариустың атқарушылық жазбасының күшін жоюға мүмкіндік бар», деді вице-министр.

Бекболат Молдабеков жобаны іске асыру нәтижесінде 9 500 атқарушы жазбаның жойылғанын, бұл азаматтардың құқықтарын қалпына келтірудегі және теріс пайдалануды жоюдағы маңызды қадам болғанын айтты.

Сонымен қатар сала өкілі Әділет ми­нистрлігінің құқықтық қызметтер мен сот-сараптама үрдістерін цифрландыру бағытында маңызды қадамдар жасап жат­қанын, мемлекеттік заң көмегін көр­сетуді қамтамасыз ететін бірыңғай цифр­лық Е-Заң мен Е-Сараптама жүйесі құ­рыл­ғанын, осы жүйе арқылы азамат­тар өз құқықтарын тиімді, уақтылы және әділ қорғай алатынын, нәтижесін­де қағаз­бастылық азайғанын мәлім­деді. Бүгінде елдегі қылмыстық сот ісін жүргізудің 90 пайыздан астамы электронды түрде жүзеге асырылады екен. Сон­дай-ақ корпоративтік құжат айналымын жетілдіру мақсатында заңды тұлғалардың берген сенімхаттарын цифрландыру да қолға алынған.