• RUB:
    6.69
  • USD:
    523.46
  • EUR:
    600.04
Басты сайтқа өту
Тарих Бүгін, 08:40

Нұрбай батыр немесе 38 жылдан кейін расталған құжат

30 рет
көрсетілді

Ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, жұртының амандығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен тұлғалар ұлт тарихының әр белесінде биік деңгейге көтеріліп отырған. Тарихи тұлғаларды жік-жігімен қарасақ, сонау дана бабаларымыз Тоныкок, Күлтегіннен бастап, ұлы хандарымыз Жошы хан, Тәуке хан, Керей хан, Жәнібек хан, Есім хан, Абылай хан деп әрі қарай жалғаса берері хақ. Ел қорғаған батырларымыз Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбайдан бастап, Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүздің небір жаужүрек батырлары болғандығы тарихтан мәлім. Олар туралы халық аузында көп айтылса да, кейбір мәліметтер көмескіленіп, бүгінге жетпей қалғандары қаншама.

Сондай тарихи тұл­ға­­лардың бірі, ұлт­арақ­тай жер үшін жаумен шайқасқан – Арғын Нұрбай батыр. Ол – Есім хан мен Жәңгір хандардың сенімді, жау­жүрек батырларының бірі болған. Шамамен XVII ғасырдың басында, 1609 жылы туып, 1675 жылы дү­ниеден өткен. Оның есімі қалың Алтай руы­на ұран болған. Аса қырағы батыр Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы Ақтау елді мекенінен әрірек Шажағай өзенінің бойында кіндік қаны тамған. Шамамен 1675 жылы сол өңір­дегі Қопай деген төбенің басына жерленген. Нұрбай батыр маза­рын Қара­жал қаласының бірін­ші хатшысы болған, мемлекет қайраткері Қаратай Тұрысов архео­лог Әлкей Марғұлан екеуі көрген­дігін айтады. Бұл жөнінде «Орталық Қазақстан» газетінде ­(01.07. 2021 жылы) жарық көрген «Ар­ғын Нұрбай батырдың ерлік рухы» атты мақалада жан-жақты айтылады.

1627 жылы Тобылдан ығысқан қал­мақтар Еділ мен Жайыққа келіп, қазақтарға күн көрсетпейді. Есім хан 20 мың қолды басқарып Жайыққа аттанады. Қазақ жауынгерлері жоңғарларға қарсы аттанғанда осы сапта 18 жастағы Нұрбай да болған екен. Ол кездегі заманның салты бойынша жалпы соғыс басталардан бұрын екі жақтың батырлары үш рет жекпе-жекке шығады екен. Өкінішке қарай, жекпе-жекте қазақтың екі батыры жеңіліске ұшырайды. Сөйтіп, қазақ халқының болашағы қыл үстінде тұрғанда, топ ішінен Тасқара атты тұлпарына мінген 18 жастағы Нұрбай жау батырын жекпе-жекке шақырады.

Сонда топтан шыға келген жас жігітті менсінбеген қалмақ батыры:

«Алдымда тұрған жас бала,

 Бола берме мас бала,

 Үмітің болса жаныңнан,

Қарсыласпай қаш бала», деген екен.

Нұрбай жұлып алғандай:

«Төгейін деп келемін,

Кәпір қалмақ қаныңды,

Жіберуге келемін,

Жеті тамұқ түбіне,

Бір шыбындай жаныңды», дейді. Сөйтіп, жекпе-жек шайқасы басталып кетеді. Ойрат тайпасы көсемдерінің бірі – Қоту-Қойсынның інісі Барғай батыр Нұрбайды маңдайынан шаншыды. Ал қазақ батыры бұл жолы асқан ерлік жасап, қалмақтың мықтысы, құ­ра­лайды көзге атқан мергені Бар­ғайды найзамен өңменінен шаншып, ту сыртынан шығарады. Қалмақ батыры сол жерде өледі де, Нұрбай әрі қарай жау­мен шайқасқа кіріседі.

 Есім хан анығын білмек болып: «Нұрбай қай жерінен жараланды?» деп сұрайды. Ханның қасында тұрған бір нөкері: «Ол түп -тура маңдайынан жаралы болды» дейді.Сонда Есім хан: «Онда Құдай берген екен, даңқты батыр болайын деп тұр екен», дейді. 1627 жылы ұлы жорық нәтижесінде Еңсегей бойлы ер Есім хан Ойрат одағын екі жүз жылдық соғыс тарихындағы ең ауыр жеңіліске ұшыратты. Ел аузындағы әңгімеге қарағанда Есім хан Нұрбайдың соғыста көрсеткен ерлігіне өте риза болып, қол жайып, батасын береді. Сол жолы Есім хан жас Нұрбайға ақсауыт пен дулыға, алмас қылыш алты қанат ақ киіз үй сыйға тартады.

Оның есімі туған елінде жа­уынгерлік ұранға айналды. Батыр Нұрбай Алтайұлының ерлігі күні бүгінге дейін ел аузында аңыз-жыр болып сақталған. Атақты Мәшһүр Жүсіп Көпей­ұлының шежіресінде («Қазақ шежіресі», Алматы. Жалын, 1993, 25-26 бет) мынадай қызық дерек келтірілген: «Алтайдың ақ сауыты Нұрбайда қалған. Қалмаққа олжа түсіп кеткен жерінен Нұрбай өзі барып алып келген. Сауыттың аты «шежекөз». Сондықтан Нұр­бай батыр ұраны – «Шежекөз». Нұр­байдан басқасында белгілі ұран жоқ. Әупай, Қуандық қалған...».

Нұрбай батыр туралы қисса да жазылған екен. Ол туралы «Орталық Қазақстан» газетінің (01.07.2021 жылы) шыққан мақалада айтылған. Нұр­бай батыр туралы ақын Базарбай Әлеу­хан­ұлы поэма да жазды. Ел аузын­да Нұрбай батыр туралы осыдан отыз жыл бұрын өте көп айтылатын. Бірақ ұрпақ ауысқан сайын кешегі жаугершілік заманда толарсақтан саз кешіп «елім», «жерім» деп еңіреп өткен батыр есімі көмескілене беретіндігі шындық. Бірде қазақтың бетке ұстар ғалым, жазушылары – қаламгер-этно­граф Ақселеу Сейдімбек, педагогика ғылымдарының докторы Болат Әбдікәрімов, жазушы Әнес Сараев ағалармен бір бас қосқанда Нұрбай батыр туралы сөз болды. «Нұрбай батырдың ерлігі туралы аңыз, әңгіме көп екендігі бесенеден белгілі. Бірақ батыр туралы деректі Омбы архивінен іздеп көруге болады», деді Ақселеу аға. Қалжыңдап сөйлейтін Болат аға: Сен, Мағжан Нұрбайдың ұрпағысың. Батыр тура­лы жазған мақалаларыңды оқы­дым. Дұрыс, бірақ әлі де болса, деректер қажет. Сен демалыс алған екенсің, екі-үш күннен кейін жазушы Нөгербек Мағзұмов, тарихшы Әділет Шәкімов ағаларың мемлекеттік тарихи деректерді нақтылау үшін Омбы архивіне барады. Сен сол кісілерді «Жигулиіңмен» алып барсайшы. Өзің де Нұрбай батыр туралы деректер іздейсің», деді. Мен ойланбастан ­«барам», дедім.

Сөйтіп, 1987 жылдың 14 тамызында машинамен Омбы қаласына келдік. Омбы тарихи архивінде екі аптадан артық болдық. Архив сөрелері мен үлкен столдың үстінде толып жатқан шаң басқан қолжазба. Жапырақ, жапырақ қағаздар. Бәрі қаламсап сиямен жазылған. Славян алфавит әріптері әр кезеңде әртүрлі екен. Маған музей қызметкері татар әйелі: «Сен балам, орыс ғалымдары мен саудагерлердің Қытайға сапарын қара, олар Қазақ елін басып өткен ғой. Экспедиция мүшелерінің көрген-білгендері сия қаламсаппен жазылады, оларды лупамен қарау керек», деді. Қайтуға күнге үш күн қалғанда Нұрбай батыр туралы деректі та­уып, қуанып кеттім. Архив қызметкері қол машинкамен басып берді. Сосын өзімнің ФЭД-3 фотоаппаратыммен мәтінді суретке түсіріп алдым. Ол кез­де Қазақстан, Ресей бір одақта өмір сүр­гендіктен көшірмені растау болған жоқ. Машинкаға басып алғаныма мәз болып, елге қайтып кеттім. Осыдан үш жыл бұрын Нұрбай батырды тарихи тұлғалар тізіміне кіргізу үшін жаңағы машинкаға басылған Нұрбай батыр жөніндегі фактіні Мәдениет министрлігіне көрсетсем: «Ой, мынаны Омбы архиві растау керек», деді. Сонымен биылғы ақпан айында Омбы тарихи архивіне Нұрбай батыр туралы дерек-көшірмені растап беріңіздер деп арнайы хат жолдаған болатынмын. 2025 жылдың наурыз айының 18-інде Омбы архивінің директоры Л.Чекалинаның атынан Нұрбай батыр туралы айтылған дерек «көшірмесі дұрыс» деген штамп қойылған арнайы хат кел­ді. Расталған мәтін­нің орысша көшірмесі төмендегідей: «…Пу­тешествуя по направлению ­к Ки­таю по Шелковому пути , спе­циаль­ная экспедиция в составе 12 человек верхом на лошадях и верблюдах сбились с намеченного маршрута. Наш небольшой караван выехал из города Омска, одноко где-то через 1­ 500 километров выяснилось, что мы заблудились, по этому пришлось передвигаться вдоль подножия невысоких гор, где была множество хрус­тально чистых, прозрачних родников. Но этот казус обернулся для нас удачей. Потому что окозалось что у подножия этих гор жили люди, которые называли себя казахами. Мы узнали, что эту эпоху казахским народам правил Есим-хан.

Нам пришлось провести три дня в ауле казахов, который расположился вдоль реки Сарысу. Мы ознакомились с бытом кочевого казахского народа, с его традициями и культурой. Член экспедиции Нонор, хорошо владею­щей тюркским языком, почеркнул множество сведений из истории казахов. Мы узнали о храбры батыре Нурбае. Нурбай был очень смелым и отважным воином. Он жил близ реке Шажагай. В битве с врагами, недалеко от местечка Коскултук, проя­вил беспрецедентный героизм». (Взято из записи поездки русского научно-­торговой экспедиции в Китай 1840-1841 гг. 164 стр.)

Жалпы, ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы зерделеу – қазақ­тың дәстүрлі таным-түсінігінде ерте­ден қалыптасқан үрдіс. Сон­дықтан қоғамның саяси-әлеу­мет­тік, мәдени-рухани ахуалы жеке тұлғалар болмысы арқылы көрініс табады емес пе? Қазақ тарихында небір ел дамуына ат салысқан би мен батырларымыз көп болғандығы әмбеге аян. Нұрбай батыр туралы ел аузында аңыздың көп екенін жоғарыда айттық. Алайда Омбы архивінен Нұрбай батыр туралы құнды деректің табылуы Нұрбай Алтайұлын еліміздің тарихи тұл­ғалар тізіміне енгізуге толық негіз бар деп ойлаймыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев:«Біз өскелең ұрпақты барша жұрт мақтан тұтатын тарихи тұлғаның тағы­лымы арқылы тәрбиелеуіміз керек» деп ерекше атап өткен болатын. Олай болса, қазақтың даңқты қол­бас­шыларының бірі болған Нұрбай батырдың қаһармандығы мен ерлік істерін бүгінгіге паш ету – қазіргі жас ұрпақтың жүрегінде ержүректік пен туған елге деген патриоттық сезімді оятары хақ. Қазақ тарихында тарихи мәртебесі бар Нұрбай батырды мәңгі жадымызда сақтау – ұрпақ парызы.

 

Мағжан САДЫХАНҰЛЫ,

философия ғылымдарының кандидаты