Жамбыл облысында 2025 жылғы жазғы демалыс маусымында 1–10 сыныпта оқитын 217 757 оқушының 193 071-і (88,6%) жазғы сауықтырумен қамтылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Балалардың тынығуын ұйымдастыру үшін әр алуан лагерь түрі қарастырылған. Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековтің айтуынша, қала сыртындағы лагерьлерге – 7 673, мектеп жанындағы лагерьлерге – 33 607, мектеп алаңдарына – 147 271, киіз үй және шатырлы лагерьлерге – 3 505, республикалық лагерьлерге – 315 оқушы қабылданды. Сонымен қатар 700 бала ата-аналар мен кәсіподақтар есебінен демалуға жіберіледі.
Облыстағы 12 қала сыртындағы лагерьдің жетеуі биыл жұмысын бастады. Оның ішінде жыл бойы қызмет көрсететін «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығы мен маусымдық мемлекеттік және жекеменшік лагерьлер бар. Мұнда әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы балаларға басымдық берілген. 2 маусымнан бастап 407 мектеп жанындағы лагерь ашылып, 33 607 оқушыны қамтыды.
Бұдан бөлек, жетістіктерімен ерекшеленген 793 оқушы «Қазақстан халқы» қорының қолдауымен қала сыртындағы лагерьлерде демалуда. 295 оқушы «Балдәурен» орталығында, 20 оқушы «Бөбек» сауықтыру орталығында жазғы демалысын тиімді өткізуде.
Жамбыл облысы