• RUB:
    6.62
  • USD:
    518.34
  • EUR:
    607.18
Басты сайтқа өту
Сұхбат Бүгін, 09:35

Еренғайып Омаров: «Қазақ өркениеті» ғылыми бағыт ретінде дами береді

90 рет
көрсетілді

Әлемде жаһандану үстемдік құрған кезеңде сыртқы ортаның әсері қандай да бір елдің мәдениетіне, руханиятына кері ықпалын тигізбей қоймайды. Дәл осындай өтпелі кезеңде дамып келе жатқан қазақ еліне төл өркениеті дем беретіні анық. Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті Еренғайып Омаровпен «Қазақ өркениеті» тұжырымдамасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгімелестік.

– Қазақ өркениеті және тари­хы ғылыми институты бірқатар зерт­теулердің бастауына айналды. Сондай-ақ ол халқымыздың көне, орта, жаңа замандағы даму үрдіс­теріне қатысты еңбектерге негіз болды. Институтта қазақ өркениетін тануда қазір қандай жұмыс жүзеге асып жатыр?

– Өркениет теориясын жазған бри­тан­дық тарихшы, философ Арнольд Тойнби: «өркениет ол – әр адамның өз ұлты тура­лы білуге тиісті мәліметі», деп айтқан екен. Ал өркениетті ел болу үшін оның мемлекет­ті­лігі, тарихы, жері, мәдениеті, қалалары, ­жазуы, архитектурасы, медицинасы, қа­лып­тасқан дәстүрі болуы шарт. Ерте ға­сырдан бері қазақ халқының  көшпелілік, қалалық, егіншілік, әскери, дала өркение­ті көптеген елге үлгі болып келеді. Шын мәнінде, Қазақ өркениеті – сақ, ғұн, түрік өркениеттері­нің мұрагері. Мысалы, біздің заманымыз­дың IV–V ғасырларында Еуразия әлемін­де – ғұндар, Еуропада – Рим империя­сы өркениет жайды. Рим империясы құл­дыққа негіз­делген қоғам еді. Еуропаға ат басын бұр­ған ғұндар бейбіт қарым-қатынасты нығай­туды көздеді. Тарихта соғысқұмар етіп көрсетілгенімен, ғұндар негізінен ондай болған емес. Ғұндармен бірге Еуропаға рыцарлық өнер келді. Сөйтіп, ғұндар римдіктермен 50 жыл бойы тату-тәтті тұруға келісімшарт ­жасасты. Сол кезде ғұндар Рим империясына сый ретінде 4 қала салып берді. Біраз уақыт қазіргі Мажарстанда тұрақтады. Алайда бұл келісімшартты алдымен Рим бұзды. Соғыс басталды. Аттила қолбасшылық еткен ғұн армиясы жеңіске жетіп, Рим­нен бодан елдерді босатты. Кейбір деректерде Аттилаға Римге император болу туралы ұсыныс жасалғаны айтылады. Бірақ Аттила 53 жасында өмірден өткен. 2000 жылдардың басында Франция Мәдениет министрлігі музей салу тура­лы байқау жариялағанда Шампань про­вин­циясындағы Ла Шеп қаласы Аттила музейін ұсынып, жеңіп шығады. Арты­нан Аттилаға ескерткіш қойылды. Сол қалада Аттиланың ассоциациясы бар екен. Аттила Ла Шепте тоқтап, Рим әскерімен шайқасқа дайындалу үшін диаметрі бір жарым шақырым қорған жасатқан. Қа­зір бұл жерді ЮНЕСКО қорғауына ал­ған. Аттила ассоциациясына мүше бо­лып, өз тарапымыздан азын-аулақ болса да музейге демеушілік жасадық. Аттила музейіне Ұлттық банктің Аттилаға арнап шығарған медалін, «Алтын адам» семсерінің көшірмесін, шоқпар және киіз үй секілді бірқатар құнды жәдігерлерді сыйға тарттық. Бұл деректерді негізге алып отырған себебім, қазақ өркениетінде өзіндік орны бар Аттиладай (Еділ батыр) тұлғаларды зерттеу – бүгінгі ғылым­ның алдындағы келелі міндет. Осы ретте әлемді мойындатқан Аттиланы Еуропа құрметтеп жатқанда бізге де ескерткіш қойып, дәріптейтін кез келген сияқты.

– Еңбектеріңізде атап өткендей, көшпелілік, қалалық, өзендік, әскери, егіншілік өркениетін зерттеу ісі жал­ғасын тауып келеді. Осыған қатысты қандай елдердің мұрағат­тарынан материалдар жинақталды?

– Көшпелілер өркениетінің мықты­лығы сонда, олардың ұрпақтары Еуро­­пада шамамен XVII ғасырға де­йін қып­шақ тілінде сөйлескен. Олар қу­ман, яғни қыпшақтар деп аталған. Пор­­туга­лияның астанасы Лиссабонға бар­ға­нымда географиялық қоғамның мұра­ға­тындағы ежелгі Қазақстан территория­сы белгіленген көне карталарды көр­­дім. Сонда біздің халқымызды «қасақ» не «қассақия» деп жазған. Мұнымен қоса Лиссабон қаласындағы Орталық архео­логиялық мұражайында түрлері азия­лықтарға ұқсаған балбал тастар бар екен. Оларға кигізген шапандарда қазақы оюлар мен киіз үйдің керегесі бейнеленген. Бұл көрініс ғұндардың (қазақтардың) әлемдік өркениеттегі орнын нақтылай түседі. Сәулет үлгілері, киімдеріндегі оюлар бізге ұқсастығымен көз тартады. Осы сәулет үлгілері біздің заманымызға дейінгі І–ІІ ғасырларға тән. Ежелгі мекеніміз бейнеленген картада «қассақ» деп көрсетілген. Тарих бедеріне қарасақ, ғұндар өрісін кеңейтіп отырған. Алтайдан жылжып Батысқа қарай беттеген. Сөйтіп, жолай Түркістан, Сайрам, Шымқаланы, тағы да басқа көптеген қаланы салған. Сон­дықтан ғұндарды «қаласалғыштар» деп атаған. Еділге жетіп, өздерінің астанасы Балан­жарды салған. Қызылжар, Ақжар, Қаражар деген сияқты шаһарлар бой көтерген. Сондай-ақ Ботай мәдениеті­нен қазақ халқының жылқы өсіріп, мал ша­руашылығымен айналысқанын көреміз. Жылқыны шаруашылықта ғана емес, со­ғыс қимылдарына да пайдаланды. Тіп­тен ақылды аттар сарбаздармен бірге ша­буыл кезінде жолындағы жауды жай­пап отырған. Ал қазақтардың өзен өркениеті әлі де зерттеулерді қажет етеді. Елімізде археологиялық қазбалардан табылған кеме пішінді орындар қазақ даласында кеме жасау мен Еуропаға кеме жеткізу ісінің өркендегенін көрсетеді.

– Тарихшы ретінде Ұлы Жібек жолымен Бейжіңге дейінгі өркениеттерді зерттедіңіз. Қытай жерінде тұрған көп­теген тұлғаға қатысты деректер жинас­тыр­дыңыз. Осы сапарыңызға да тоқталып өтсеңіз...

– Мен Қашқарияны сегіз күн авто­көлікпен араладым. Тақыламақан шөлі мен Шың­жаңнан бастап, Қашқар, Қотан, Асу, тағы басқа да жерлерде болдым. Бір қызығы, мұнда «Астана» деген шаһардың орны бар екен. Сонда жер­асты обсерваториясының орны сақтал­ған. Бұл атаудың қазаққа тән екеніне дау жоқ. Бүгінде қыста – аязды, жазда аптап ыстық Тақыламақанды қытайлар игеріп жатқанына қарап, қайран қала­сың. Қазақ ғалымдарының көпшілігі ертеде Қашқарияда тұрған. Қашқари­дің музейінде болдым. Қашқари қаншама еңбек жазды, өз ғалымдарымыз аудар­­ған түркі сөздігінің үш томдығын түзді. Бү­гін­де көрші Қырғызстанда Баласағұн атын­дағы университет бар. Баласағұн қаласы­ның орны Шу қаласының бергі жағын­да орналасқан. Қала қорғанының үлкен­дігі 15 шақырымды құраған. Мұнда патша­ның мекен-жайы, қарапайым халық­тың тұратын жері, одан кейін сауда-сат­тық орны болған. Қазір осы жерден жаңа жол өтіп жатыр. Қытайдан шығып, Атырауды жағалап, Еуропаға кетеді. Осы қаланың ­орнына жаңа қала көтеріп, қалпына келтіруге не кедергі? Технология қарыштап дамыған кезеңде дала өркениетін жаңғыртып, ­көне шаһарларды қайта көтеретін кез келген сияқты. Сол сияқты Сарайшықты да қал­пына келтіруге болады.

– Әйгілі Отырар кітап­ха­на­сы тура­лы деректер әлі күнге беті ашық күйін­де қалып отыр. «Топырақ астында қал­ған құндылықтарымызға қолымыз­ды жеткізу үшін бел шешіп кірісе алмай отырғанымыз өкінішті. Егер Отырар кітапханасы табылған жағдайда Еділ сияқты тұлғаларымыз туралы дерек­тердің табылып қалуы бек мүмкін деген» едіңіз. Бұл бағытта қандай да бір ізденіс қолға алынды ма?

– Отырар кітапханасы 1000 жылдан аса әлемдегі ең үлкен кітапхана болды. Әлі күнге Александриядан кейінгі деген тіркес қолданылып келеді. Кітапты қазақтар ерте заманнан жинаған. Қағаз ойлап тапқан, олай дейтінім VI ғасырда Арал теңізінің солтүстігінде Аққағаз дейтін патшайым билік жүргізіпті деген дерек бар, яғни қағаз болған деген сөз. Кітап оқу, кітап жазу қанымызда бар. «Қалам бер де дауға қой» деген сөз тегіннен-тегін шықпаған. Себебі қаламмен тек қағазға жазуға болады. Осындай деректер қазақ даласында кітап ісінің өркендегенін айғақтайды. Ондай кәсіп тек кітапханалар бар жерде дамиды. ХХ ғасырда К.Ақышев, К.Байпақов және басқа да ғалымдар Отырарға экспедиция жасап, қаланың ірі сауда және мәдени орталығы болғанын анықтады. Зерттеушілер тарапынан әлі де тың деректердің табылатынына күмән жоқ.

– Қазақ өркениетінің әскери, шаруашылық бағдарына қатысты жетістіктерін білім бағдарламасына енгізу туралы пікіріңізге кеңірек тоқталсаңыз?

– Үндістан халқында сымбатты қыз көрсе, «қарашы, қазақтар жасаған садақтың жебесіндей екен», деген ғажап теңеу бар. Бұл қазақтың жауынгерлік рухын, қолынан шыққан садақтың сынын айғақтап тұрғандай. Кез келген елді, халықты қауіпсіз ететін оның қорғаныс қуаты. Кезінде қазақтың қарулы қолы қаншама даланы азат етіп, иелік жасады. Көшпелілер темір игерді, қару жасап, оны жаугершілікте сынады, тұрмыс салтында қолданды. Ата-баба өркениетінен техника дамымаған кезеңде жоғары шеберлікпен жасалған қаншама қару түрлері жетті. Осы орайда жоғары оқу орындары, мектептер мен колледждердегі әскери кафед­ралар жұмысын жандандыру қажет. Әскер­ге қыздарды да ерікті түрде тартып, оларға жалақы төлей отырып, белгілі бір ма­мандықа бейімдеуге болады. 2018 жылы Кенияның астанасы Найробиде ғылы­ми конференцияға қатысып баяндамада жасадым. Сонда ендігі соғыстар «дрондар соғысы болады» дегенді айтқан едім. Қазір әлемде сол айтқанымдай-ақ жағдай болып жатыр... Қалай айтсақ та, әскери әлеуетімізді көтеруге шамамыз жеткілікті. Қытай ғалымы Сунь Цзы (V ғасыр б.э.д.) «Бейбіт өмір сүрем десең соғысқа дайындал» деген. Бұл соғысу дегенді білдір­мей­ді. Оқу, үйрену арқылы әскери саладағы өркениет жетістіктерін игерер болсақ, онда қорғаныс саламызға алаңдамауға болады.

– Бүгінде әскери тәсілдерді сарбаздар жаттығуларында пайдаланып, спорт саласында да жарыс түрінде өткізіп жүргені белгілі. «Көшпелілер ойындарындағы» жарқын көріністерде жауынгерлік рухтағы өрендерді көрдік. Осының өзі өркениетімізден келген өнеге емес пе?

– Спорттың ұлттық түрлерінде әлі де болса ат спортын, күрес, зілтемір көтеру, қылыштасу, найза лақтыру, мыл­тық, садақ ату, жүгіруді жандандыру қажет. Спортшыларды жастайы­нан даярлау­ға балабақша, мектеп бағдарламасында ерекше мән берілуге тиіс. Педагог маман­дарға, дәрігерлерге спорт түрі бойынша қосымша мамандық беру маңызды. «Көш­пелілер ойыны» өткен кезде әлем жұрт­шылығы қазақ даласына көз тігіп, дала өркениетіндегі әскери әдістерді мық­ты меңгерген жастарымыздың бар екенін көрді. Қазақ тарихындағы тұң­ғыш кәсіпқой балуан Қажымұқанды, ­ХХ ғасырдың жүйріктері Ғұсман Қосанов пен Әмин Тұяқовты білмейтіндер кемде-кем. Шахмат саласынан жас өрендеріміз, оның ішінде қыздардың осы спорттағы жетіс­тігі мақтан етерлік. Бұл жетістіктерді жеке­леп айтып отырған себебім, ата-баба қаны­мен беріліп, өркениеттік сипат алған спорт түрлері ғана емес, халқымыздың дәс­түрлі өмір салтының да адамзаттың сала­матты өмір сүруіне тигізер әсері мол еке­нін көрсетеді. Еліміздің табиғи ерекше өлкеде орналасуы халқының саулығына, сауатты білім алып дамуына үлкен мүмкін­дік береді. Мал өсіру кәсібін бала жастан игеру, табиғи жеміс-жидек өсірудің әліппе­сін балабақша, мектептен үйрену, ол кәсіп­ті елдің игілігіне пайдаланудың ұшан-теңіз пайдасы бар екенін уақыт дәлелдеп отыр. Қандастарды отанына көшіру, жастарды ауылға ынталандырып тартып, грант беру жолдарын қарастыру, қолынан іс келетін жастарға жер үлестіру – еліміздің жарқын болашағына оң ықпал ететін жа­ғымды үрдіс. Ал дала өркениетінің игі жетістіктерін бүгінгі тәрбиеде, білімде тиімді қолдана білсек, онда әлемдегі ең мықты елдер қатарынан табылатынымыз анық.

– Қазіргі таңда барлық саланы цифрландыруға басымдық беріліп отыр. Десек те ғалымдар жасанды интеллектіні пайдалануда абайлау қажеттігін ескертеді. Ғылымды цифр­ландыру салаға қандай жетістіктер әкеледі деп ойлайсыз?

– Бүгінде цифрлық өркениетке қа­дам бастық. Деректерге қарап отырсақ, ­цифрлы кеңістіктің мүмкіндіктерін пайдаланып, алаяқтық жолмен пайда көріп жатқандар бар. Банк ісінде де алаяқтық деректері жиі тіркеліп жатыр. Бірқатар өндірістерде роботтар адамды алмас­тырды. Жасан­­ды интеллектінің шахматтан адамды жеңге­нін көрдік. Күн өткен сайын адамзат цифрлы әлемге тәуелді болып барады. Интернет 3-4 күнге тоқтап қалса, жұмыс жүрмей қалады. Осы орайда цифрлық ақша жүйесін жаппай енгізуге асықпа­йық дер едім, қолма-қол ақша қалыпты жағдайда қала бергені дұрыс. Басқа елдерде не болып жатқанына қарайлайық. Цифрландырудың адам жұмысын жеңіл­­дететін салалары болғанымен, адам­ның мүлдем қатысуынсыз іске асатын ғы­лымның саласы жоқ. Жастардың жаңа заман технологияларын игеруіне жол ашық. Мектептерде роботтехникасын меңгерген оқушылар әлемдік додалардан үздік келіп жатыр. Ең бастысы, цифрлық жүйелердің қауіпсіздігін арттыра отырып, өзге елдерге тәуелді емес, өз интернет кеңістігімізді дамыту қажет.

 

Әңгімелескен –

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

 «Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ