Премьер-министр Олжас Бектенов «Skyhansa» компаниясының тең құрылтайшысы әрі директорлар кеңесінің мүшесі, доктор Кристин Грётцбахпен кездесті. Маңызды кездесуде Жетісу облысындағы «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы жанынан жүк және жолаушылар әуежайын салу жобасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
«Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА-дағы халықаралық жүк және жолаушылар әуежайының жобасы ICAO халықаралық ұсынымдарына сәйкес авиациялық инфрақұрылым салудың үш кезеңді бағдарламасын көздейді. Бірінші кезең шеңберінде 2027 жылға дейін өткізу мүмкіндігі сағатына 50 адамға дейін жолаушылар терминалы (2032 жылға қарай – сағатына 500 адамға дейін) салынбақ. Онда JET A-1 авиаотыны жаңа түрінің заманауи отын қоймасының көлемі жылына 200 мың тоннаға дейін (2032 жылға қарай – 550 мың тоннаға дейін) ұлғаяды. Жаңа әуежайдың автотұрағына қоса жылына 50 мың тонна теміржол тұйығы бар жүк терминалын (2032 жылға қарай – жылына 250 мың тоннаға дейін) салу жоспарланып отыр.
Екінші және үшінші кезеңдер шеңберінде 2032 жылға дейін туристік және ойын-сауық инфрақұрылымы қолға алынбақ. Инвестициялардың жалпы көлемі – шамамен 250 млрд теңге. Сондай-ақ жобада «Air–Rail–Auto-Air» жүк тасымалдарының мультимодалды сызбасын әзірлеу, Азия-Тынық мұхиты аймағы бағытындағы көлік пен логистикалық маршруттардың түйіскен жерінде экономикалық өсудің жаңа мүмкіндіктерін ашу көзделген.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экономикасы құрылымын әртараптандыру жөніндегі ауқымды жұмыс шеңберінде көлік-логистика саласын басым бағыттардың бірі ретінде атады. Жетісу облысында заманауи әуежай салу жобасын жүзеге асыру инфрақұрылымды дамытуға елеулі серпін береді. Сонымен қатар Қазақстанның Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасындағы транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайтады», деді О.Бектенов.
«Skyhansa» компаниясының тең құрылтайшысы, директорлар кеңесінің мүшесі, доктор Кристин Грётцбах жобаның авиациялық инфрақұрылымды дамытумен қатар өңірде заманауи логистикалық және іскерлік орталық қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. «Біз жай ғана әуежай емес, халықаралық деңгейдегі дамыған инфрақұрылымы, оның ішінде жүк және жолаушылар терминалдары, жанармай құю кешені, әуе кемелеріне авиациялық-техникалық қызмет көрсету орталығы (MRO), бизнес орталығы, мультимодалды логистикалық мүмкіндіктерге арналған қонақүйлері бар көпфункционалды өңірлік хаб құрып жатырмыз. Оның Қытаймен шекараға жақын орналасуы «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА шеңберінде халықаралық сауданы дамытуға мүмкіндік береді. Ал оның теміржол мен автожол желілеріне қосылуы жаңа Жібек жолындағы келешегі зор логистикалық тораптардың біріне айналдырады», деп атап өтті доктор Кристин Грётцбах.
Кездесу соңында Көлік министрлігі мен «Skyhansa» арасында Инвестициялар туралы келісімге қол қойылды. Құжатқа сәйкес, инвестор қажетті авиациялық инфрақұрылым құрылысына негізінен отандық материалдар мен қызметтерді пайдаланылады. Сондай-ақ жобаны жүзеге асыруға қызметкерлердің кемінде 90%-ы Қазақстан азаматтары болады. Бұл жаңа жұмыс орындарының ашылуына серпін бермек. Игі істі жүзеге асыруда біздің тарап инженерлік және көлік инфрақұрылымын тартып, арнайы экономикалық аймаққа қатысушыларға мақсатты жеңілдіктер қарастырмақ.
Жоба «Skyhansa» бірлескен қазақстандық-германдық кәсіпорнының қатысуымен жүзеге асырылып жатыр. Германия тарапынан серіктес ретінде авиациялық терминалдар мен инфрақұрылымды дамыту бойынша жоғары қызмет көрсететін «The Hansa Consortium» компаниясы, Қазақстан тарапынан – Қазақстан, Орталық Азия және Кавказ нарығындағы әуежайлар үшін кешенді қызметтер мен инжинирингтік шешімдер ұсынатын «Skymax Technologies» компаниялар тобы жұмылдырылады.