• RUB:
    6.62
  • USD:
    518.34
  • EUR:
    607.18
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 10:10

Мемлекеттік наградалар табысталды

50 рет
көрсетілді

Алматы қаласындағы Достық үйінде журналистика саласында талай жылдар бойы тынбай қызмет етіп келе жатқан бірқатар журналис­ке мемлекеттік наградалар табыстау рәсімі өтті.

Марапаттарды Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов табыстап, салтанатты рәсімге қатысушыларға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева­ның атынан құттықтау сөзін жеткізді.

– Қазіргі кезең – жаңа идеяларға толы жасампаздық дәуірі. Қоғамда болып жатқан өзгерістердің бел ортасында жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі өлшеусіз. Мемлекет басшысы ақпараттық қауіпсіздікті нығайтуда және еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда медиа саласының маңызы зор екенін әрдайым атап өтеді, – деді Қ.Ысқақов.

Бүгінде елімізде 4 871 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Оның ішінде 3 002-сі – мерзімді басылым, 236-сы – телеарна, 98-і – радио­станса, 1 231-і – ақпарат агент­тігі мен интернет-басылым.

Мерекелік іс-шара барысында еңбегі еленіп, қошеметке бөленген журналистер қатарынан «Қазақ газеттері» серіктестігінің қызметкерлері де көрінді. Атап айтар болсақ, «Дружные рабята» газетінің ардагері Әлімжан Акбаров пен «Ana tili» газетінің тілшісі Бағдагүл Балаубай «Құрмет» орденін иеленсе, «Мысль» журналы бас редакторының орынбасары Сәуле Ахметова, «Ақиқат» журналының бас редакторы Дәуіржан Төлебаев және «Балдырған» журналы бас редакторының орынбасары Бағдат Мә­житов «Ерен еңбегі үшін» медалі­мен марапатталды. Сондай-ақ «Бал­дырған» журналының бас редак­торы Ерғали Бақаш «Ақпарат саласы­ның үздігі» төсбелгісіне ие болды.

Вице-министр қолынан марапат алған алматылық әріптестер қатарында журналистика ардагері, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің профессоры Кәкен Қамзин «Еңбек ардагері» медаліне, ал «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі, белгілі журналист Рая Ескендір «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды. 

Соңғы жаңалықтар