• RUB:
    6.63
  • USD:
    520.39
  • EUR:
    609.58
Басты сайтқа өту
Басылым Бүгін, 09:15

Балаға да, данаға да бағыт берген баспасөз

40 рет
көрсетілді

Күні бүгін елімізде түрлі деңгейдегі 2 989 басылым ресми тіркелген болса, оның 484-і – мемлекеттік мерзімді баспасөз басылымдары. Олардың ішінде құрамына 11 басылым кіретін «Қазақ газеттері» серіктестігіне қарасты газет-журналдар – ақпа­рат тасқыны күшейген кезең­де рухани кеңістік­тің төрінен орын алған ұжымдар қатарында. Әріп таныған балдырғандар­­­дан еңкейген қарияға дейін­гі аудиторияның руха­ни серігіне айналған іргелі ұжым қоғам айнасы, дерек пен дәйекке сүйенген сарабдал пікір алаңы десек, артық айтпаған болармыз.

Ұлттық баспасөз – ұлттың тарихын түгендеп, болашағына байыпты бағдар беретін қуатты күш. Тәуелсіздікпен бірге тынысы кеңейген отандық ақпарат құралдары азаматтық қоғам­ның қалыптасуына, мемлекеттік тілдің өрістеуіне айрықша үлес қосып келеді.

Ақпарат алаңында айшық­ты орны бар «Қазақ газет­тері» серіктестігі 1999 жылы ел Президентінің өкімімен құрылған еді. 2023 жылдың басында дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқан ұжым қайта жасақ­та­лып, «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда», «Ana tili», «Ақиқат», «Мысль», «Ұйғыр авази», «Үркер», «Ақжел­кен», «Балдырған», «Ұлан», «Дружные ребята» се­кіл­ді іргелі басылымдар бір шаңырақ аясына топтас­ты. Мем­лекеттік идеологияны, ұлттық болмыс пен құн­ды­лықтарымызды дәріптеген «Қазақ газеттері» бүгінде қалам мен ой тізгінін тең ұстаған рухани алаңға айналып отыр.

«Қазақ газеттері» серіктестігінің құрамындағы «Балдырған» журналы – бала табиғатын танып, балдырғандардың жүрек лүпілін дөп басатын бірден-бір басылым. Қазақ балалар әдебиетінің атасы атанған көрнекті қаламгер Мұзафар Әлімбаев негізін қалаған басылым 66 жыл бойы тартымды әрі тағылымды дүниелерімен балдырғандардың тілін ұстартып, оларды адалдық пен ізгілікке баулып келеді. Журнал талай жас жеткіншектің рухани серігіне, ақылшы досына, ұлағатты ұстазына айналды. Бүгінде ұжым қызметкерлері аға ұрпақ қалыптастырып кеткен ізгі дәстүрге адалдық танытып, оқырмандарын тілі шұрайлы, көркемдік қуаты мол дүниелерімен қуантып келеді. Журналдың ең ұтымды жері – балалардың рухани әлеміндегі маңызды міндетті атқарып, балабақша мен төменгі сынып оқушыларына арнап шығарылуында. «Балдырған» балаларға арналған шығармалар ұсынумен шектелмей, балалар әдебиетінің кадрларын тәрбиелеуде, жас тілшілерді жасақтауда үлкен қызмет атқарады.

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Биыл серіктестік құрамындағы «Ұлан» газетінің жарық көргеніне 95 жыл толды. Бала арманына қанат бітіріп, балғын ойға бағыт берген басылым – жасөспірімдердің ой-санасын тәрбиелеп, дүниетанымын кеңейтіп, арманын айқындауға ықпал еткен рухани ұстаз. Басылым бетінде жарық көрген өлеңдер мен әңгімелер, эсселер мен сұхбаттар оқырманын тек оқытуға емес, тәрбиелеуге, ойландыруға, армандауға жетелейді. Басылымның бүгінгі биігі – тұтас қазақ журналистикасының бала тәрбиесіне бағытталған ағартушылық қызметінің жемісі деп атауға болар. Газет тарихында Сансызбай Сарғасқаев, Кемел Тоқаев, Әбілфайыз Ыдырысов, Фариза Оңғарсынова, Сейдахмет Бердіқұлов, Уәлихан Қалижанов, Бейбіт Қойшыбаев, Ғалым Доскен, Бейсенбай Сүлейменов, Сұлтан Қалиұлы сынды қазақ руханиятының көрнекті өкілдері бас редактор болды.

Ай бұрын ғасыр тойы атап өтілген «Ақ желкен» балалар журналы – жас оқырманның рухани жолбасшысы. Журнал бетінде кейіпкер де, оқиға да баланың өз өмірінен алынғандай шынайы. Сонымен қатар «Ақ желкен» балалар басылымы ғана емес, бұл – тәрбие құралы. Мұнда ел тарихы, мәдениет, ғылым-білім, әдебиет, табиғат, технология туралы бала тілімен тартымды жазылады. Әр саны – балаларды еркін ойлауға, ізденуге отансүйгіштікке баулитын мазмұнға толы. Оқырман журналдағы түрлі айдарлар арқылы ел мен жерді танып, әдебиет әлеміне жақындай түседі.

Балаларға арналған қазақ бас­пасөзінің тарихында өзіндік орны бар, орыс тілінде жарық көретін танымал басылым – «Дружные ребята» газеті. Газет бетінде ел тарихы, заманауи жаңалықтар, ғылым мен техника жетіс­тіктері, өнер мен мәдениетке қатысты танымдық материалдар тұрақты жарияланады. Талантты жастар­мен сұхбат, викториналар, комикстер, қызықты айдарлар арқылы оқырманды мазмұнды ойға жетелейді. Газеттің атауының өзі айтып тұрғандай, ұлт пен ұлысты бөлмей, барша балаға ортақ рухани кеңістік ұсынады.

Ақпарат кеңістігіне енген күннен бастап ұлттық баспасөздің туын абыроймен арқалап келе жатқан республикалық «Ana tili» газеті – «Қазақ газеттері» серіктестігіне қарасты іргелі басылымның бірі. Осы жылы газеттің ақпарат айдынына қосылғанына 35 жыл толып отыр. Ел тарихы мен ұрпақ тәрбиесіне қатысты өткір мәселелерді батыл көтеріп жүрген оның әр саны елдік мүдде мен ұлттық болмыстың үнпарағы десек, артық болмас. Қалам ұстаған қауымның мәртебелі мінберіне айналған газет егемендіктің еңселі жылдарында мемлекеттік тілдің беделін биіктетуге, ұлттық сананы жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосты. Әсіресе, басылым бетінде жарық көрген тіл, діл, дәстүр, дін, әдебиет, мәдениет, тарих тақырыптарындағы тағылымды материалдар қоғамдық ойды қозғап, халықтың бағыт-бағдарын айқындауға қызмет етіп келеді. Күні кеше «Ana tili» газетінің ұжымына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс­ы табыстал­ған еді.

Қоғамның ой-өрісі мен рухани деңгейін айқындау­да ғылыми-танымдық басылымдардың орны ерек. Осы ретте «Қазақ газеттері» серіктестігінің құрамындағы «Ақиқат» пен «Мысль» журналдары – елдегі қоғамдық пікірді қалыптастырып, идеялық ұстанымдарды жүйелі түрде зерделеуге үлес қосып келе жатқан басылымдар қатарында. «Ақиқат» – уақыт үнін дөп басып, дәуір дауысын терең пайыммен жеткізетін интеллектуалды журнал. Мұнда еліміздің беделді ғалымдары, сарапшылары мен қаламгерлері ұлт пен ұрпақ тағдырына қатысты мазмұнды зерттеулерін жариялап келеді. Сол секілді «Мысль» журналы – еліміздегі орыс тілді интеллектуал­ды аудиторияға арналған беделді ғы­лыми-сараптамалық басылым. Журнал бетіндегі қоғамдық ғылым­дар, философия, әлеуметтану, сая­саттану, тарих, мәдениеттану бағы­тын­дағы мазмұнды мақалалар – ойлы оқырманның таптырмас олжасы.

Серіктестік құрамындағы оқыр­маны көп басы­лымдардың бірі – «Ұйғыр авази» газеті. Басылым – еліміздегі ұйғыр диаспорасының басты ақпарат көзі. Онда ұйғыр халқының мәдениеті, тілі, дәстүрі мен қоғамдық өмірі, ұлттар достығы, қазақ пен ұйғыр халқының рухани байланысы туралы материалдар жарияланады. Іргетасы 1957 жылы қаланған газет елдік, мемлекеттік мәселелерден шет қалған емес. Газет бетінде ұлт зиялыларының мақалалары, әдеби шығармалар, жастар тәрбиесіне арналған дүниелер үзбей жарық көріп тұрады.

«Ұйғыр авази» – достықты бекем­дейтін, ынтымаққа үндейтін басылым. Ұйғыр қауымының шынайы үніне айналған газет – еліміздің біртұтас ақпараттық кеңістігінің маңызды бөлігі. Газетте көптеген кәсіби журналистер мен қаламгерлер еңбек етіп, қазақ және ұйғыр халықтарының рухани байланысын нығайтуға үлес қосып жүр», дейді «Ұйғыр авази» газетінің бас редакторы Ершат Әсметов.

«Қазақ газеттері» серіктестігінде ұлт руханиятының көкжиегін кеңейтіп, ұлттық сөз өнеріне серпін берген «Үркер» журналы маңызды мәнге ие. Қоғамның жандүниесіне үңіліп, ой мен сананың жаңғыруына ықпал етіп келе жатқан бұл басылым бүгінгі әдебиет пен публицистиканың жаңаша дамуына жол ашты. Журнал бетінде қаламы қарымды жастардың тырнақ­алды туындылары мен ізденістері жарияланып, олар­дың шығармашылық қанаты қатая түседі.

«Басылым бетіндегі әр мақалада ұлттың тағдыры, тілдің түйткілі, өнердің өрісі кеңінен қозғалып, оқыр­манды терең ойға жетелейді. Төл әдебиетіміздің өркен жаюына, жас­тар­дың ой көкжиегінің өсуіне қызмет етіп келеміз», дейді «Үркер» журналының бас редакторы Жарас Сәрсек.

Еліміздің ақпарат кеңістігінде өзіндік орны бар, ғасырлық тарихы мен беделі қалыптасқан «Казахстанская правда» газеті – республикалық маңызы бар саяси-әлеуметтік басылым. Ол ел дамуы­ның барлық кезеңін шынайы сипаттап, қоғам дамуына, мемлекеттік идеологияның қалыптасуына қомақты үлес қосып келеді. 1920 жылы алғаш «Известия Киргизского края» атауымен жарық көріп, кейін бірнеше рет атауын өзгертіп, 1925 жылдан бас­тап қазіргі атауын иеленді. Кеңестік кезеңнен бастап бүгінге дейін бұл газет республикалық деңгейдегі ресми ақпарат көзі ретінде қызмет етіп келеді. Газет ресми басылым ретіндегі миссиясын сақтай отырып, елдің даму стратегиясы мен реформаларын, ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді насихаттайды.

Сол секілді «Қазақ газеттері» серіктестігіне қарасты басылымдардың ішінде қазақ баспасөзінің қараша­ңырағы «Egemen Qazaqstan» газетін ерек атауға болады. Ғасырдан аса уақыт бойы ұлттық идея мен мемлекеттік саясаттың жаршысы болған, ойлы сөз бен салмақты пікірдің мінберіне айналған газет – елдегі оқырманы ең көп басылым.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Оқитын ұлт» тұжы­рым­дамасын ұсынғанда, ел бола­шағын парасатты, білімді, мәде­ниетті ұрпақпен байланыстыратынын анық аңғартты. Әлбетте, оқу мәдениетін қалыптастыру тек кітаппен шектелмейді. Газет оқу – сол үрдістің ажырамас бөлігі. Себебі газет – уақытпен үндес тірі тарих, қоғамдық ойдың айнасы. Ұлттық басылымдарды оқу – ел ішіндегі ахуалды саралау, мемлекеттік саясатты терең ұғыну, тіл мен ділге деген құрметті арттырудың бір жолы. Қазіргі ақпарат ағынында оқырманға дұрыс бағыт беретін, ресми әрі сенімді дерек тарататын газет-журналдарға деген сұраныс қайта артуға тиіс. Президент бастамасындағы «Оқитын ұлт» ұғымы – жай ғана әдебиетті парақтау емес, саналы ақпарат тұтынушысына айналу.

 

АЛМАТЫ