• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.64
  • EUR:
    609.23
Басты сайтқа өту
Президент Бүгін, 09:00

Президент әлемдік нейрохирургия өкілдерімен кездесті

20 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Уолтер Эдуард Денди атындағы нейрохирургия қоғамдастығының дүниежүзілік Х конгре­сіне қатысу үшін Аста­наға келген әлемдік нейрохирургия саласының өкілдерін қабылдады.

Президенттің айтуынша, мұндай форумның Қазақстанда өтуі отандық нейрохирургия жетістіктерінің кеңінен мойындалғанын көрсетеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Конгресс нейрохирургия саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға зор үлес қосып, озық тәжірибе мен технология алмасуға ықпал ететініне сенім білдірді.

– Ұлт саулығы – кез келген елдің қарқынды дамуы­ның негізі. Сондықтан денсау­лық сақтау ісін жан-жақты өркендету мемлекеттік саяса­ты­мыздың негізгі басым­дығы саналады. Қазақ­стан меди­циналық инфрақұры­лым­ды жаңғыртуға, маман даярлауға, үдерістерді цифрландыруға және аталған салаға иннова­ция­лық әзірлемелерді енгізуге мол қаржы бөледі, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан нейрохи­рургияда жасан­ды интеллектіні қолда­нуға айрықша мән беретініне назар аударды. Сол арқылы медицинаның жоғары технологиялы салаларын белсен­ді дамытуды қолға алғанын жет­кізді. Оның айтуынша, цифр­лы және роботты техно­логиялардың арқасында отан­дық нейрохирургия саласы өркендеп келеді.

Мемлекет басшысы кездесуге қатысушылардың әлемдік медицинаны дамытуға қосқан елеулі үлесін ерекше атап өтті.

– Әрқайсыңыз – мыңдаған адамның өмірін құтқарған жоғары деңгейлі мамансыздар. Сіздерді ең қиын жағдайда да адамдардың дертінен айығып кетуіне үміт сыйлайтын ізгі миссия біріктіреді. Астанада өтіп жатқан нейрохирургтер конгресіне қатысу үшін арнайы келдіңіздер. Бұл медицинада шекара жоқ екенін көрсете­ді. Нейрохирургияда ғылым мен инновация айрықша рөл атқарады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан медициналық технологияларды трансферттеуге, сондай-ақ тәжірибе алмасуға бағытталған халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін айтты.

– Нейрохирургия сияқты жоғары технологиялы салада медициналық туризмді дамыту ісінің әлеуеті зор. Осы бағытта табысқа қол жеткізу үшін орнықты мемле­кет­аралық байланысты жолға қоюға дайынбыз, – деді Президент.

Өз кезегінде кездесуге қаты­су­шылар Қазақстандағы ней­ро­­хирургияны дамыту мүм­кіндіктерін жоғары баға­лап, маман даярлау және озық тех­но­логиямен алмасу тұрғысы­нан қолдау білдіруге уағдаласты.

Қасым-Жомарт Тоқаев мазмұнды әрі нәтижелі пікір алмасу үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Денсау­лық сақтау министріне нейро­хирургияға, жалпы медицина саласына озық технологияларды енгізу шараларын жандандыруды, Қазақстанда шетелдіктерді емдеу бойынша көрші мемлекеттермен үкімет­аралық келісім жасау тура­лы Ұлттық нейрохирургия орта­лығының басшысы Серік Ақшолақовтың ұсынысына қатысты жұмыс жүргізуді тапсырды.

Жиында Уолтер Эдуард Денди атындағы нейро­хирургиялық қоғамдастықтың президенті, Джордж Вашинг­тон университетінің (АҚШ) нейрохирургия бойынша профессоры Салим Абдулрауф, Н.Н.Бурденко атындағы Ұлттық медициналық нейро­хи­рургияны зерттеу орта­лығы­ның (Ресей) ғылыми жетекшісі және құрметті пре­зи­денті Александр Коновалов, Great Ormond Street ауруханасының (Ұлы­британия) балалар нейрохирур­гиясы мен краниофациалды хирургия бөлімінің жетекшісі, University College London оқу орнының балалар нейрохирургиясы бойын­ша профессоры Нур уль Овейс Джилани, Humanitas IRCCS зерттеу ауруханасының (Италия) «гамма-пышақ» және стереотаксикалық нейрохирургия департаментінің директоры Пьеро Пикоцци, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Серік Ақшолақов сөз сөйледі.