• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әдебиет Бүгін, 11:13

Ғарифолла Әнестің 6 кітабы таныстырылды

40 рет
көрсетілді

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнестің ғылыми еңбектерінің таныстырылымы өтті. Іс-шараны Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, «Арыс» баспасы және Ұлттық академиялық кітапханасы бірлесіп ұйымдастырды, деп жазады Egemen.kz.

«Ғылым. Қоғам. Кітап әлемі» тақырыбымен өткен жиын алаштану мен мәтінтану саласына, сондай-ақ ұлттық мұраны жүйелеп, ғылыми айналымға енгізу ісіне елеулі үлес қосқан тұлғаның еңбегін кеңінен танытуға арналды. Алқалы жиынға Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов модераторлық етті.

Іс-шара барысында Ғарифолла Әнестің шығармашылығы мен ғылыми мұрасына арналған бейнематериал көрсетіліп, алты бірдей кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

12 сәуір – Ғылым қызметкерлерінің күні

Президент кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Бауыржан Омаров кіріспе сөз сөйлеп, Ғарифолла Әнестің ұлттық ғылым мен руханиятқа сіңірген еңбегіне тоқталды.

«Ұлт руханиятында айрықша із қалдырған, өрісі мен өнегесі мол Ғарифоллалар баршылық. Қай-қайсысы да елдік мәселелерге барынша атсалысты. Бірі өнерімізді өрлетті. Тағы бірі ғылымымызды төрлетті. Сондай-ақ ұлт мұрасын жинауға, зерттеуге, жариялауға тынбай тер төккен тағы бір Ғарифолламыз бар еді.  Ол – Ғарифолла Әнес. Бір өзі бір институттың жұмысын жасаған ғибратты ғалым. Бір өзі архивтің зерттеу жұмысын жүргізген мәртебелі мұрағатшы. Бір өзі тұтастай бір баспалар үйінің қызметін атқарған білікті баспагер. Бір өзі бүкіл арыстың жиған-тергенін жалықпай саралаған абыройлы алаштанушы. Жалпы өзімізге үлгі болған Ғарифолла Әнес, Аманқос Мектеп, Мақсат Тәж-Мұрат, Марат Әбсеметов сияқты ағаларымыз Алаш арыстарының мұрасын зерттеуді тым ерте бастаған. Ардақтыларымыздың тұлғасы мен туындысына әлі де толық баға берілмей жатқан тұста олар бұл іске тас-түйін дайын тұрды. Еліміздегі білдей бір ғылыми-зерттеу институтының жұмысын жан-жақты атқарып жүрген Ғарекең, бір күні шұғыл шешімге келді. Ол Қазақстанның репрессияға ұшыраған зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорын құрды. Тәуелсіздік алғанымызға бір-ақ жыл өткен-ді.  Бұл қор содан бері үздіксіз жұмыс істеді. Бұл қордың басшысы содан бері бір күн де дамыл көрген жоқ. Қаншама тұлғаны шыңыраудан шығарды. Қаншама кітапты басты. Қаншама энциклопедия түзді. Қаншама тарихи мұраны қатарға қосты. Қаншама архивтің есігін қазақ жұртына айқара ашып берді. Қаншама қазақ басылымдарының кітаби нұсқасын әзірлеп, оқырманға ұсынды. Енді кім жалғастырады оны? Жалғастырған күнде де дәл өзіндей бола ала ма?!», деп Бауыржан Омарұлы ұшан-теңіз іс тындырған Ғарифолла Әнестің болмыс-бітімінің ерекшелігін ашып айтты.

Одан кейінгі сөз ғалымның жары, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдан Қатайқызына берілді.

«Ғарекең операцияға кетіп бара жатқан кезінде: «Өзімнің кітаптарым шықпай қалды-ау!» деп өкінішін білдірген еді. Кететінін сезген болар. Ойымызда ештеңе жоқ: «Жазылған соң шығарасың ғой», дедік. Өмірден өткеннен кейін осы істі қолға алдық. Төрт флешкасын біз әлі ашқан жоқпыз. Көзі тірісінде кітаптарының жобасын сұлбалап салып кеткен екен. Сол негізде алты кітабын шығардық», дей келе Б.Қатайқызы ғалымның «Ағартушы», «Алаш тарихы» «Әбіш Кекілбаев шағын прозаларының тілдік және танымдық сипаты», «Қазақ тілінің тарихы: Этимология. Этнография. Ноғайлы дәуірі. ХХ ғасыр басы», «Мемлекеттік тіл және тілші-ғалымдар. Тұлғалар», «Ағартушы Халел Досмұхамедұлы: ғылыми және педагогикалық еңбектерінің әлеуметтік-тарихи, лексика-семантикалық аспектілері» атты алты кітаптың әрқайсысының мән-мазмұнына, жазылу тарихына тоқталды.

Жиынды қорытындылаған модератор Ербол Тілешов ұлтының рухани мұрасын байытуға саналы ғұмырын арнаған ғалым Ғарифолла Әнестің есімі халық жадында мәңгі сақталатынын атап өтті. Ол кітаптың тұсаукесер рәсіміне жиналған жастар мен зерттеушілерді жаңа еңбектермен танысып, ондағы мазмұнды ойларды тереңірек зерделеуге шақырды.

Ғылым – ұлттық қуаттың интеллектуалды қалқаны

Соңғы жаңалықтар