• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.64
  • EUR:
    609.23
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп Бүгін, 09:15

Сүйіндік Алдашев: Жаңа құжат үлескер құқын қорғайды

50 рет
көрсетілді

Кеше Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу, автомобиль жолдары және мүгедектігі бар адамдарды тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Жаңа құжаттың мақсаты мен мүддесі жайында Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Сүйіндік Алдашевке бірнеше сұрағымызды қойған едік.

– Сүйіндік Тасеменұлы, жаңа заң қандай мақсатта әзірленді?

– Бұл құжат үлестік құрылыс саласын мемлекеттік реттеуді күшей­туге, тұрғын үй жылжымайтын мүлікпен жасалатын мәмілелерді реттейтін нормалар мен ережелерді қатаңдату арқылы сұр құрылыс үлесін қысқартуға, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, автожол саласының кадрлық әлеуетін арттыруға бағытталған. Заңның ережелерін шартты түрде 3 ірі блокке бөлуге болады. Біріншісі – құрылыс және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы заңнаманы жетілдіру; екіншісі – жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының сапасын арттыру; үшіншісі – мүгедектігі бар адамдарға инватакси қызметтерін көрсету мүмкіндігін кеңейту.

Заңның негізгі бағытына үлескер­лердің мүдделерін қорғау мақсатын­да нормалар, құры­лыс салушыларға қатаңдату шара­ларының пакеті, сондай-ақ оларға қойылатын жағдайлар мен талап­тар­ды жақсартуға мүмкіндік бере­тін ынталандыру шаралары көз­делген үлестік құрылыс мәселе­лері жатады. Бұл тақырып бүгінгі таңда өте өзекті болып отыр.

«Тұрғын үй құрылысына үлес­тік қатысу туралы» қолда­ныс­тағы заң ақшаны тартудың үш заңды әдісін көз­дейді. Біріншіден, бірыңғай опера­тордың кепілдігі. Барлығы 255 нысанға кепілдік берілді, бұл – салынып жатқан тұрғын үйдің жалпы нарығының төрттен бір бөлігі. Бүгінгі таңда оның ішінде 221 нысан бойынша құрылыс аяқталды.

Екіншіден, банктердің құры­лыс жобаларына қатысуы. Барлығы 588 нысан бойынша үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат берілді. Сондай-ақ үшін­шіден, көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасын салғаннан кейін ақша тарту. Осы әдіс бойынша 156 нысан бойынша үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат берілді.

– Бүгінде үлестік құрылыста проблемалық нысандар көп пе?

– Әрине. Мәселен, 2025 жыл­дың басында республикада 41 проб­лемалық үлестік құрылыс ныса­ны және құрылы­сы жергілік­ті ат­қарушы органдардың рұқсатынсыз немесе бірыңғай оператордың кепілдігінсіз жүргізі­ліп жатқан 99 нысан бар. Бұлар қауіп­ті аймақта орналасқан және кез келген уақытта проблемалық санатқа өтуі мүмкін.

Кейбір құрылыс салушылар аза­­маттық-құқықтық қатынас­тар­ға сілтеме жасай отырып, же­ке тұлғалармен әртүрлі брондау және инвестициялау шарттарын жа­сайды. Бұл азаматтардың құқық­­тары мен мүдделерін қорғау­­дың тиісті деңгейін қамта­ма­сыз етпейді және нысан құры­лы­сын кешіктіру, құры­лыстың аяқтал­мауы, сапасыз құрылыс және үлес­керлер үшін шығындар сияқты жа­ғымсыз салдарға әкеп соқтырады.

Жосықсыз құрылыс салушылар «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңды айналып өтіп, үлес­керлердің қаражатын тар­­та­тын және соттарда істерді қа­рау ке­зінде үлес­керлердің өздерін же­ңіп шығ­атын жағдайлар аз емес. Осы­ған байланысты тұрғын үй құры­лысы қызметінің ашықтығын, мәмі­­лелердің қауіпсіздігін, үлескер­лер­дің ақшасын мақсатты пайдалануды қамтамасыз етуге, әлеуметтік шиеленісті және бюд­жетке түсетін жүктемені тө­мен­детуге бағытталған шара­лар­ды қабылдау қажеттілігі туындады.

– Жаңа заңда басқа қандай айрықша нормалар бар?

– Іргелі нормалардың бірі – салынып жатқан үйлерде тұрғын үй са­тып алуға алдын ала шарттар жа­сасуға тыйым салу. Бұл өте маңызды, өйткені алдын ала келісімшарттар арқылы құрылыс салушылар азаматтардың қара­жатын рұқ­сатсыз іске асыруы мүмкін. Осылайша, заң реттеуді күшейтіп қана қоймай, проб­лемалық нысандарды аяқтауға бағытталған мемлекеттік саясатқа үйлесімді жұмыс істейді.

Бұдан басқа, сыбайлас жемқор­лық тәуекелдерімен күресу және үлескерлердің құқықтарын қорғау үшін үлестік құрылыс кезінде тек қолма-қол ақшасыз төлеу нысанына көшу көзделген.

– Заңның екінші бөлігі авто­көлік жолдарының сапасын арттыру­ға қатысты. Бұл бағытта қандай мәсе­лелер қамтылған?

– Заңда аккредиттеуді жалпы құрылыс жұмыстары мен жол құры­лысына бөлу көзделген. Бұл автожол саласындағы сапа мен қауіпсіздікке қойылатын ерек­шеліктер мен жоғары талап­тарды ескеруге мүмкіндік бере­ді. Сондай-ақ жол жобаларына қатыса­тын мердігерлердің білік­ті­лігін бақылауды күшейтеді және олар­дың жұмыстарының салалық стан­дарттарға сәйкес­тігін қамтамасыз етеді. Бұл тә­сіл оқытылмаған ұйым­дардың мамандандырылған жол жобаларына қатысуына жол бермейді.

Заңмен мердігерлер мен жобалаушыларды қоса алғанда, саланың барлық қатысушысы үшін заманауи шешімдердің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жол-құрылыс материалдары мен технологиялары бойынша бірыңғай ақпараттық жүйе енгізіліп жатыр. Бұл дәлелденген және тиімді технологияларды енгізу арқылы жолдарды салу мен жөндеудің сапасын арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар жүйе ескірген және тиімсіз материалдарды пайдалануды азайта отырып, стандарттау және бақылау құралына айналады.

Ал заңның үшінші блогіне келсек, мұнда мүгедектігі бар адамдарды инватаксимен тасымалдау бойынша жағдайларды жақсартуға мүмкіндік беретін ын­та­ландыру шараларының па­кеті­мен байланысты. Бұл өңір­лер­де мүгедектігі бар адам­дар­дың көп санын қамтуға мүм­кін­дік беретін әлеуметтік қыз­мет­тер порталы арқылы инватакси қызметтерін көрсету мүм­кін­діктерін кеңейтуге жағдай жасайды.

– Бұдан кейін елдегі автомобиль жолдарының жағдайы түзеле ме?

– Жоғарыда айтылғандай, ұсынылған өзгерістер қабыл­данатын шешімдердің ашық­тығын, тиімділігі мен сапасын арттыруға ықпал етеді. Бұл жолдардың жай-күйіне және жол қозғалысы қауіпсіздігінің деңгейіне оң әсер етеді. Заңда автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті органның автожол саласы қызметкерлерінің біліктілігін міндетті түрде арттыру жөніндегі ережелерді бекітуі көзделген.

Сонымен қатар авторлық және техникалық қадағалауды жүзеге асыратын тұлғаларды «Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның субъектілеріне теңестіру – маңызды мәселе. Бұл олардың жауапкершілігін арттыру және теріс пайдаланудың алдын алу үшін қажет. Себебі олар күнделікті құрылыс жұ­мыстарын бақылайды және қабылдау акті­леріне қол қояды. Бұл түзетулер құқықтық олқылықты жояды, бюджет қаражатының пайдаланылуын бақылау жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы тетіктерді күшейтеді және олардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.

– Үлестік құрылысқа қайта оралсақ. Заң арқылы қатаңдату шараларын енгізу құрылыс салушылардың мүд­делеріне теріс әсер етпей ме?

– Бұл құрылыс салушылардың осы салаға деген қызығушылығын төмен­детпейді деп есептейміз. Себебі заңда бір мезгілде жағдай­ларды жақсартуға және құрылыс салушыларға қойылатын талаптарды төмендетуге мүмкіндік беретін бірқатар ынталандыру шарасы көзделген. Мәселен, құрылыс компанияларын заңды тәсілмен қаражат тартуға ынталандыру мақсатында заңмен бірыңғай оператордың кепілдігін алу тәсілі бойынша кіру талаптары 3 жылдан 2 жылға дейін, көлемі бойынша республикалық маңызы бар қалалар мен Астанада 18 мың шаршы метрден 10 мың шаршы метрге дейін, ал өңірлерде 9 мың шаршы метрден 5 мың шаршы метрге дейін төмендемек.

Бұл ретте құрылыс салушы­ның/уәкілетті компанияның ак­тиві болуға тиіс, оның көлемі қысқамерзімді және ұзақмерзімді міндеттемелер шегерілгеннен кейін қалатын жиынтық активтердің кемінде 10%-ы болуы қажет.

– БАҚ-та қолма-қол ақшамен үй сатып алуға тыйым салу тал­қы­ланған еді. Заңдағы осы түзету­лерге қандай түсініктеме бересіз?

– Заң тұрғын үйді қолма-қол ақшамен сатып алуға тыйым салмайды, түзетулер тек үлескерлердің ақшасын тартуға байланысты салы­нып жатқан жылжымайтын мүлік­тің тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар бойынша қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды көздейді. Бүгінгі таңда құрылыс салушылардың үлестік салымдарды заңсыз тартуы өзекті мәселе бо­лып отыр. «Қазақстан Тұрғын үй ко­мпаниясы» АҚ (Тұрғын үй құ­ры­лысының бірыңғай операторы) зерт­теу нәтижелері бойынша 2024 жылы «сұр» тұрғын үй үлестік құ­рылысының нарығы 68%-ды құрады.

Жылжымайтын мүлікті сатып алу кезінде толығымен қолма-қол ақшасыз есеп айы­рысуға көшу азаматтардан салым­дарды заңсыз тартудың алдын алуға, мәмілелердің ашық­­тығын арттыруға, салық түсім­дерін ұл­ғайтуға және ақшаны жы­лыс­татуға қарсы күрес құрал­дарын күшейтуге мүмкіндік береді.

– Ал тұрғын үйді жарна­малауға тыйым салына ма?

– Егер құрылыс салушының жергілікті атқарушы орган берген үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаты не тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы тарапынан кепілдік болмаса, заңмен үлестік құрылыс кезінде нысандарды жарнамалауына тыйым салынады. Оның ішінде анықтамалық сипаттағы ақпаратты таратуға тыйым салынады. Бүгінде ақпарат алу үшін белгісі бар салынып жатқан тұрғын үйдің жарнамасын кездестіруге болады.

Қорытындылап айтсақ, сатылуы үлес­керлердің ақшасын тарту рәсімдерінен тыс жүзеге асырылатын кез келген өзге жылжымайтын мүлікті жарнамалауға азаматтардың құқықтары осы түзету­лермен шектелмейді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»