• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.29
  • EUR:
    613.28
Басты сайтқа өту
Тұлға Бүгін, 08:15

Сөз қазынасын зерделеген

60 рет
көрсетілді

Биыл «Аnа tіlі» газетінің абыройы көтеріліп тұр. Мұның негізі де бар. Өйткені жылдан-жылға қазақ тілі елді, түрлі этносты тұтас­тан­ды­рушы факторға және ұлттың тарихи тек-тамырын, әлеммен үй­ле­сі­мін айқындаушы рухани қуатқа айналып келеді. Жыл басында Мемлекет басшысы осы басылымға тамаша елдік сұхбат берді. Наурыз бен мамырда салалық басылым 35 жылдық мерейтойын атап өтті. Күні кеше Жур­налистер күніне орай «Аnа tіlі» газеті Президенттің алғысын алды.

Енді тарихқа сәл шегініс жасайық. 1990 жылы «Аnа tіlі» газеті Ғылым акаде­мия­сының А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мәжіліс залын­да жұмысын бастады. Академик Әбдуәли Қайдардан бастап көшбасшы тілші-ға­лымдар осы ұлт басылымына бір кісідей ат­са­лысты. Сол игі жақсылар­дың ішінде көр­некті лексиколог, про­фессор Нұргелді Уәлидің орны да, үні де бөлек.

Қазақтың сөз қазынасы – әлеуетті рухани байлық. Ғалым Н.Уәли негізгі автор­дың бірі ретінде қатысқан «Қазақтың этно­­графиялық категориялар, ұғым­дар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты 5 томдық энцикло­пе­­диялық анық­та­ма­лық­ты бүгінде үл­кен-кіші зиялы жата-жас­тана оқиды.

Тіл білімі институтының ға­лымда­рын шартты түрде бір­неше толқынға бөле­­міз. Соның ішінде 60-70 жылдары осы сала­ның кәсіби деңгейін көтерген Т.Жан­ұзақ, Е.Жұбанов, Е.Жан­пейі­сов, С.Омарбе­ков, Қ.Өмір­әлиев, Б.Әбілқасымов, С.Нұр­­­­ха­­нов, т.б. ғалымдардың соңын ала бере ғылым айдынына көте­ріл­ген Нұре­­кең әуелден-ақ өз бағытын тапты. Мы­са­лы, академик І.Кеңесбаевтың көш­бас­­шы­­лығымен жарық көрген «Қазақ тілі­нің фразеологиялық сөздігін» (1977) лек­сикографиялық талапқа сай түзу, толықтыру ісіне әйгілі ғалым Құлмат Өмірәлиевпен бірге тер төкті. Сол баян­ды жұ­мысы кейін «Жұмбақ жетілер», «Жұмбақ сандар», т.б. танымдық кітап­тарына, «Фразеология және тілдік норма» атты монографиясына ұласты.

Нұргелді Уәлиұлы халықтың ғасыр­лар бойы жасаған төл мәде­ниеті өрнекті сөз орамдарында сақталғанын ғылыми пайы­мын бекітіп, тіл мен мәдениет сабақ­­тас­тығын арқау еткен ір­гелі зерттеулер жүр­гізді. Ұлт та­нымы­ның діни, мифтік түсі­ніктен ғылыми танымға ұласқан қа­ғи­дасын «фразеологиялық бейне», «па­ремиологиялық бей­не»,­ «прецеденттік бейне», «оно­мас­тикалық бейне» әлеміне негіз­деп жаңаша қарастырды.

Ғалым зерттеулерінде қазақ­тың діни наным-сеніміндегі агио­нимдер тілдік семантикалық өріс пен мәдени семантикалық өріс ұштасқан этно-лингво-когнито­логиялық ұстаным негі­зін­де этностың діни-мифоло­гиялық танымының ментальды құрылымындағы тілдік көрі­ністерін (сөз, сөз тіркестері, фразеологизмдерді) ментальді құ­рылым мен тілдік құрылымға сай топтастырады.

Сөйтіп, халық жадындағы Нұхтың кемесі, Жүсіптің сұлу­лығы, Жүсіп пай­ғамбардың түсі, Дәуіттің қоржыны, Ер Дәуіт соққан ақ сауыт, Сүлейменнің жүзігі, «Жүзігі барда Сүлеймен, жүзігі жоқта сүмірейген», Мұ­саның асатаяғы, Исаның демі, «Ибраһим пайғамбарға көктен түскен қошқар», «Мұхамбет пай­ғам­барға көктен түскен төрт қылыш», «Пайғамбар да күйеу баласын сый­ла­ған», т.б. агио­фразеологизмдердің қа­лай қа­лыптасқанын зерделейді. Қазы­ғұрт топонимінің киелі атауға айналу негіз­­де­рін байыптайды. Сондай-ақ Баба түкті шашты Әзиз, Ғайып ерен, қырық шілтен, Жеті әулие, т.б. туралы түсініктердің тек-тамыры да кеңі­нен қарастырылады.

Этнолингвист ғалым түрлі мәдени-тілдік ақпараттардың негізінде аруақ ұғымының ата-баба культімен байла­ныс­тылығы, жақындарын желеп-жебеп жүретіні, жаугершілік ұранға айналуы өзара мәдени-семантикалық тұтастық құрайды деп санайды. Бұл ретте оның «Қазақ тілінің әдеби тілі сөздігінде» және «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атау­ларының дәстүрлі жүйесі» энциклопедиясында агионимдердің, агиофразеологизмдердің тү­сін­ді­рілуі, мәдени семан­тикалық орнының ашылуы прецеденттік мә­тін­ге сүйеніп, жүзеге асы­рыл­ған. Этнос­тың когнитивті са­насындағы тілдік бір­лік­тер­дің мәдени, тарихи, әлеуметтік мәні құ­рылымдалған тілдік коды оларды тіл иесі өміріндегі рухани танымдық және дү­нияуи руханиятпен өзара байланыс­та қарастыру арқылы ашуға септігін ти­гі­зеді. Осының нәтижесінде, этностың архе­типтік санасында мифтік танымға сай адамдардың әрекеті мен өмір сүру тәжі­рибе­сінің этикалық нормалармен, құ­қық­тық қатынастар жүйесімен, әдет-ғұ­­рып­­тық салттармен, адам­дардың этно­­­­пси­хологиялық ерек­шеліктерімен және та­би­ғатпен тығыз байланыста өзек­те­ле­тіні айқындалады.

«Сағымға садақ ілдіру» жай ғана керемет емес, оның түпкі мазмұнындағы ақпараттарға мән беретін болсақ, хандық лауазым Тәңірден бұйырған, сон­дық­тан, ханның және оның үрім-бұтақтарына қаралар (қара халық) сөзсіз бағынуға тиіс» (Этногр. категориялар... 5-т, 71-бет)

«Қой үстіне бозторғай жұ­мырт­қала­ған заман» агиофразео­логизмді Н.Уәли «ас та төк мол­шы­лық, мамыражай ты­­­ныш­тық, өткен бір берекелі заман деген мағынаны білдіретін мифопоэтизм» деп анықтайды. Ғалым фразео­логизм құрамында «бозторғай» мен «қойдың» қа­тарласа айтылуынан табиғи эко­логиялық байланысты көреді.

Нұрекеңнің «Әйелдердің мифтік сана­дағы бейнесінің паре­­­миологизм­дер­дегі көрі­нісі», «Қамшы» концептісі», т.б. ма­қалалары отандық тіл білімінде өріс алған адамтанымдық зерттеу­лердің ғылыми-әдістемелік үлгісі деп білеміз.

Қазіргі ұлттық сананың жаң­ғыруына ықпал етуші тарихи-рухани көз – қазақ сө­зінің этномәдени мазмұны. Осы­мен байланысты халық жа­дындағы лингво­мәдени ақпа­рат пен білімді сақтау, сана­ның когнитивтік базасы ретінде тіл­дік таңбасын, жазба бейне­сін қа­лыптас­тыру – қоғамның аса өзекті мәселесі. Бұл салада­ дана Ахмет Байтұрсынұлы мен Құдайберген Жұбанов­тан академик Рабиға Сыздыққа дейінгі ізашар зерттеулерді Н.Уәли осы күннің қоғам­дық-әлеуметтік және рухани-мәдени даму үдерісіне сай жалғасты­­­­­­­рып отыр­ғанын атап өткен ләзім. Ұлт санасында қалыптасқан және болмысына сіңген ­рухани құндылықтарды қоғамдық нормаларына, өмір тәжірибелеріне лайықты енгізу де – ол кісінің тәжірибелік ­жобасы.

Ғалымның қазақ жазуы онто­генез­дік дамуын барлауын­ да ерекше ба­ға­лаймыз. А.Бай­­тұр­сынұлы әліпбиінің фоноло­гия­лық негіздерін жаңа ұлт­тық әліп­би негізінде қазақ жазуын­ рефор­малаудың теориясы мен тәжірибе­сі­­­мен байланыстыру – профессор Нұр­гелді Уәли зерт­теулерінің маңызды бір ­саласы.

Мемлекеттік тілдің таным өзегі ре­тінде заманауи қоғамдағы қыз­метіне жіті мән беру – заман талабы. Оның қо­ғамдық-саяси және мәдениаралық ком­муни­кациядағы орны, жаңа дең­гейі тіл­­ді тұтынушылардың елдік мүд­­десі мен мемлекетшілдік сана­сын күшей­туді ке­рек етеді. Себ­е­бі жаһандану кеңіс­ті­гін­­де интегративтік қарым-қа­тынастар тіл­ден тек коммуникативтік қана емес, мұра­герлік, танымдық, жаң­ғыр­ту­шылық қа­сиетті қажет­сінеді. Сондық­тан қазіргі ғы­лымда тіл таным құ­ралы, таным көзі ре­­тін­де көбірек зерт­теледі. Осы мис­­сия­­ны терең түсінген Нұр­гел­ді Уә­ли­­ұлы хал­қы­мыз­дың рухани мәде­­ниеті үлгі­лерін­дегі (фольклор, ежелгі әдебиет, ­ба­йырғы жазба мұралар, т.б.) тіл құ­пия­ла­ры­­ның сырын ақта­руға, ашуға уақы­­тын да, қажыр-қайратын да аяған емес.

«Аnа tіlі» газетінің мерейтой шарасында осы басылымның бас­тауында тұрған қаламгерлер тарапынан профессор, басылымның белсенді авторы Нұргелді Уәли­ұлына «қазақ сөзінің тамыршысы», «тілдің тегін, шежіресін таратушы» деген баға берілді.

Тіл білімі институтының киелі табал­ды­рығын жас зерт­теуші ретінде аттап, бүгінде осы сала абыздарының бе­­ле­сіне көтерілген ғалым, руханият қай­рат­кері Нұргелді Уәлиді телегей те­ңіз ұлт қазынасын кешенді зерттеген, те­реңінен зерделеген тұлға ретінде мақ­тан тұтамыз. Жаратқан қуат беріп, жаңа буынға жөн-жоба көрсете беруіне тілек­теспіз.

 

Жамал Мәнкеева,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор