• RUB:
    6.6
  • USD:
    519.51
  • EUR:
    611.83
Басты сайтқа өту
Пікір 02 Шілде, 2025

Елдік сана ертегіден басталады

100 рет
көрсетілді

«Ертегі уатпай ма баланы да,Сөз сиқыр ғой – жазбай ма жараны да...Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған,Еркімен өзі-ақ отқа барады да...»Атақты Мағжан Жұмабаев осы шумақтарында баланы ақынға, ақынды балаға теңейді.

Дүниенің сырын жан-жүрегімен түйсінген Мағжан ақын қазақ тарихын­дағы ұлы педагогтердің бірі екенін ескерсек, бұл жолдардың байыбына барарға керек емес пе? Автордың мұнысына осы күнге дейін назар салғандар болған шығар, алайда қайыра мән беріп, қайта-қайта қарап, тиісті әрекеттерді мезгілінде қолға алуда емес пе мәселе?

Иә, баланың жаны сиқырға құмар. Әлденемен алдарқатсаң мәз болады және соған имандай сенеді. Әлгі сиқыр дүниеге немесе ертегіге арбалып, соны қайталағысы келеді. «Сөз сиқыр ғой, жазбай ма жараны да». Мультфильмдерде өзінен-өзі болып жатқан неше түрлі кереметті көрген сайын жаны жай тауып, көңілі көтеріліп қалады. Рухтанады. Рухтанған соң сенім бекиді. Ал сенім – үлкен күш. Жүректің хикметіне жалғайтын алтын өзек сенім деген. Көңіл нұры мен гүлі болса, сенім осы екеуінің тыңайтқышы емес пе? Отқа да, суға да түскісі келіп тұратын батылдық пен батырлық та, иман мен ізгілік те баланың жүрегіне осылайша тұнбай ма екен? «Ертегі уатпай ма баланы да» деп тегін айтып тұр ма ақын? Ертегі-жыр, аңыз-әңгіме, сәл есейе бастағанда әлгілердің театрдағы жан­ды бейнесі арқылы түзілмей ме екен көкейге. Тіпті бір америкалық оқымыстының «балаң вундеркинд болсын десең, ертегімен тәрбиеле» деп адамның дәлелдеп жазғанын оқығаным бар.

Ендігі балаға ертегі тыңдату мүмкін емес дегенге келісу қиын-ақ. Бесік жырымен әлдилеп, ертегіні ежелемей, мәнеріне келтіріп жеткізетін адам қалмады десе сенуге болады. Өткенде бір ақсақал жасына келген диуана «немерелеріме ертегі оқығым-ақ келеді, алайда уақыт жоқ, жұмыстан қол тимейді» деп ақталды. «Келісе алмаймын, жігіттік кезде уақытыңызды өткізіп алып, соның жыр-думанына енді түскенге ұқсайсыз» дегің келеді, бірақ жасы жетпіске келген жігіт-желеңнің бетіне айтпайсыз ғой ол сөзді.

«Ертегі уатпай ма баланы да». Өкініштісі, ендігі уақытта баласын бесік жырымен әлдилейтін ана, еліктіріп ертегі, жыр-дастан оқып беретін ата мен әже некен-саяқ тумақ. Демек барлық ұлттық құндылықтарымыз бен мұраларымызды бояуын сақтап, заманауи жанды бейнелер арқылы смартфондар мен гаджеттерге көшірмей, көшке ілесе алмаймыз. Ол тек қазақ аниматорларының ғана емес, тұтас министрліктердің жүйелі жұмысын талап етеді. Қаншама қажыр-қайрат пен күш. Жалғыз-ақ мысал, біз­дің ең көне мұраларымыздың біріне жата­тын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» туралы әлі күнге бір сәтті мультфильмді кездестірмедік. Мұндай жырлар – жас ұрпақтың бүкіл сана-сезіміне қозғау салатын қуатты құрал. Тек қана бала қиялына әспеттеп бере алсақ, болашақтағы сенімі мен ділін лас әдеттерден аршитын ұлттық иммунитет – бай әдебиетімізде тұнып тұрған жоқ па? Қазір аударылып беріліп жатқан «Моана» да сондай бір елдің аңызы болса керек. 

Онсыз жас ұрпақтың сана-сезімін «Маша мен аю» немесе «Настя», сол сияқты басқа да бөгде құндылықтар қалыптастырады. Олардың бала психологиясына әсерін өлшеп-пішіп жатқан ешкім жоқ. Мысалы, осыдан бес-алты жыл бұрын балаларым қоярда-қоймай көретін «Том мен Джерри» көпсериялы мультфильмінің бала санасына кері әсері туралы кейін оқып-білдім. Расында да, мән беріп қарап отырсам, қырып-жоюды, зиянды әрекеттерді молынан насихаттайтын тұстары өте көп екен.

Жас ұрпақты мұндай контентке тәуелді еткеннен гөрі балалар театрына апарып, қиялына қозғау салған мың есе қайырлы шығар. Кішкентайлар үшін балалар спектакліне бару аса маңызды екенін психологтер де құптайды екен. Онда актерлер ертегілерді шынайы әрі әсерлі етіп жеткізеді ғой. Сосын қырып-жою жоқ. Баланың ізгілікке құштарлығы арта бас­тайды. Оның үстіне ертегілерде үнемі жеңіске жақсылық жетеді. Соған жету жолында кейіпкер бар қиындықтарды еңсеріп шығады. Озбырлықтармен күрес жолы да көрсетіледі керек болса.

Осының бәрі кісі қолынан келетін нәрселер сияқты, әрине.