• RUB:
    6.6
  • USD:
    518.37
  • EUR:
    609.97
Басты сайтқа өту
Экономика Кеше

Металл алу тиімділігі артады

50 рет
көрсетілді

«Қазақмыс» корпорациясы Қарағандыда тау-кен металлургия саласына оңтайлы шешім әзірлеуге және қолданысқа енгізуге арналған алаң – R&D-орталығын іске қосты. Ол «КазГидроМедь» компаниясының базасында құрылды. Орталықтың тұсаукесеріне Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, Ғылым және жоғары білім министрлігінің, сондай-ақ ірі тау-кен өндіруші компаниялар мен зерттеу институттарының өкілдері қатысты.

Қонақтарға минералогия, химиялық талдау, гидрометаллургия зертханалары, сондай-ақ шағын байыту фабрикасы таныстырылды. Орталық кен мен өндірістік қалдықтың физико-хи­мия­лық қасиетін терең зерт­теуге мүмкіндік беретін, елі­мізде сирек кездесетін құ­рал­дармен жабдықталған. Өнер­кәсіп министрлігінің өкілдері орталықтың қыз­метін кеңейту бастамасын көтеріп, полиметалл мен сирек кездесетін жер эле­менттерін зерттеуді ұсын­ды. «Қазақмыс» алаңды жаңа бас­тамаларды дамытуға ар­налған салааралық ғылыми-техно­логиялық хаб ретінде жетіл­діруге дайын екенін мәлімдеді.

 

Идея қалай туды?

R&D-хаб «Қазақмыс» компаниясы мен Ғылым министрлігі бірлесіп өткізген хакатон серия­сының жалғасы ретінде құрылды. Алғашқы хакатон Жезқазғанда ұйым­дастырылды, ал 2024 жылы қарашада орталық тұжы­рым­дамасы Премьер-министр­дің қатысуы­мен өткен Жоғары ғылыми-техникалық ко­мис­сияның отырысында таныстырылып, мақұлданды.

2025 жылғы ақпанда Қа­рағандыда өткен екінші хакатонда мыс кенін сіл­тісіздендіру технологиясы талқыланды. Нау­рыз айында «КазГидроМедь» алаңында бола­шақ орталықтың техни­калық таныстырылымы өткізілді.

 

Орталық немен айналысады?

Басымдық берілген ба­ғыттар: жер астында және жер үстінде сілтісіздендіру технологиясы, өндіру мен өңдеуді оң­тайландыру, кенеусіз кен мен қалдықтан металл алу, эко­логиялық шешімдер және цифрландыру. Орталық хакатонда іріктелген идеяларды қолданбалы зерттеуге, сынақтан өткізуге және жаңа өндірістік шешім енгізуге арналған алаңға айналады. Негізгі бағыттардың бірі ретінде металл алу тиім­ділігін арттыруға және халық­аралық серіктес тартуға басым­дық беріледі.

«Қазақмыс» еліміздің тау-кен өндіруші компания­лары мен ғылыми зерттеу ұйымдарын жобаға қосылуға шақырады. Ор­талық бірлесіп жұмыс істеуге дайын. Ол кенді сілтісіздендіру мен өңдеу саласына технология әзірлеу мен енгізу шарасында басты платформаға айналуы мүмкін.