• RUB:
    6.6
  • USD:
    519.51
  • EUR:
    611.83
Басты сайтқа өту
Банк 02 Шілде, 2025

Банктердің бірігуінен не күтеміз?

90 рет
көрсетілді

Банк секторында кейінгі кездері шоғырлану үрдісі байқалады, бұл бір-біріне қосылу арқылы жүріп жатыр. Осы аптада «Forte»-нің «Home Credit Bank»-ты сатып алатыны белгілі болды. «Forte Bank» – нарықта 20 жылдан астам уақыт табысты жұмыс істеп келе жатқан еліміздегі жетекші қаржы институты.

Банктің бенефициарлық мен­шік иесі – Болат Өтемұратов. Бұған дейін «Home Credit Bank» Рената Келлнерованың отбасының бақы­лауындағы PPF халықаралық қаржы тобына тиесілі болатын. 2022 жылы банк акцияларының 75%-ын PPF сатып алған, ал ресейлік «Хоум Кредит энд Финанс Банк» ЖШҚ үлесі 25%-ға дейін төмендеген. PPF-тің ірі акционері – чех кәсіпкері Иржи.

Бұған дейін тараптар арасындағы келіссөздер туралы ақпарат БАҚ-та жарияланған. Акционерлер бағаны қоса алғанда, негізгі шарттар бойынша келісімге келген сияқты. «Home Credit Bank» болашақта «Forte Bank» құрылымымен толық интеграцияланып кететінін сарапшылар айтып жатыр. Мәміле реттеуші органдардан, оның ішінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен (ҚНРДА) барлық қажетті рұқсатты алғаннан кейін аяқталады. Бұл оқиға банк нарығының ландшафтын өзгертуі мүмкін екенін сарапшылар айтып үлгерді. Екі ірі құрылымды біріктіру секторда күштерді орналастыруға ықпал етеді, қызмет көрсету желісін кеңейтеді, сондай-ақ бәсекелестікке әсер етуі мүмкін.

«Forte Bank» пен «Home Credit Bank» клиент­теріне бұрынғы шарт­тар­да қызмет көрсетіледі – бар­лық қол­даныстағы шарттар күшін сақ­тайды, ал банктердің міндеттемелері толық көлемде орындалады», делінеді «Forte Bank» ресми хабарлама­сында. «Home Credit Bank»-ті қосып алу – «Forte Bank» позициясын күшейту ғана емес, сонымен қатар қаржы нарығында өсіп келе жатқан шоғырлануды күшейту дейді сарапшылар. Бірігу технология, сараптама және клиенттік базаны біріктіруге, өсу мен инновация үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға мүмкіндік береді. Мәміле аяқталғаннан кейін банк кеңейтілген цифрлық өнімдерді, несие мен салымдар бойынша жақсартылған шарттарды ұсынады деген үміт бар. Экономист Ғалым Құсайыновтың айтуынша, бізге қанша банктің керек екенін Үкімет пен ҚНРДА емес, нарықтың өзі шешеді. Ол үшін бәріне бірдей тең бәсеке, бәріне бірдей ойын ережесі керек.

«Осы мәміледен «Forte» қандай синергия алатынын көрейік, себе­бі банк­тер позициялау тұрғысы­нан да, кор­поративтік мәдениет тұрғысынан да мүлдем әртүрлі», деп жазды экономист телеграмдағы арнасында. Оның сөзінше, ағым­дағы шоттардағы қалдықтарды ұстаушылар – бюджеттік ұйымдар мен жеке тұлғалар ақшаны ірі банктерде сақтайды. Бұл қаражат банктерге іс жүзінде тегін бері­леді, ал одан әрі 16,5% нарықтық мөлшерлемемен орналастырылады. Сарапшылар ұсақ банктерде ондай мүмкіндік жоқ, нәтижесінде бюджеттік ұйымдар мен жеке тұлғалар алатын пайда ірі банк­терге түсетінін көптен айтып жүр. Нәтижесінде ірі банк одан әрі күшеюде, ал ұсақ банктерге жұтылу қаупі төніп тұр.

2025 жылдың алғашқы 5 айын­дағы дерек бойынша үздік 6 банкке сек­тордың барлық активінің 73,6%-ы және жиынтық пайданың 84,8%-ы тиесілі. Оларда активтерге орта­ша кірістілік – 1,66%, өзге банктер­де – 0,83%. «Бұл екі есе аз және елеу­лі алаңдаушылық туғызады. Жоға­ры шоғырлану бәсекелестікті төмен­детеді, қорландырудың қолжетім­ділігін азайтады және сектордың дамуын тежейді», дейді Ғ.Құсайынов.

Қазір «Еуразиялық банк», «РБК Банк», «Фридом Банк», «Алтын Банк» және «Нұрбанк» экономиканы несиелендіруде белсенділік танытып жүр. Қалғандары, сарапшының айтуынша, активтерін қысқартып жатыр немесе өздеріне қолайлы сәтті күтіп іштен тынып отыр. Оның пікірінше, бұл шаралар барлығына, әсіресе кірісі жоғары емес ұсақ ойыншыларға әсер етіп, ірілері ұтады, ұсақтары жұтылады.

Сарапшылардың айтуынша, біздің елде ұсақ банктер өздерін ірі банктерге қарағанда әлдеқайда нашар сезінетіні үйреншікті құбылысқа айналып кеткен. Олар мұны осыған дейінгі үдерістердің экономикалық емес, саяси қырына басымдық берілуімен түсіндіреді. Арман Бейсембаевтың түсіндіруінше, бізге дамыған нарықтардағы банктердің бір-біріне қосылуы немесе жұтылуы немесе шағын қаржы ұйымдарының екінші деңгейлі банктерге айналу үдерісін зерттеу керек.

«Қазір банктер кез келген дағдарысқа қарсы тұратын қор жинап қалды. Бұл үдеріс ҚНРДА немесе Ұлттық банктің пәрменімен емес, нарық заңымен жүру керек. Бірінші кезекте нарықтағы ұсақ ойыншылардың тығырықтан жол іздеудің орнына ірі банктердің «құшағынан пана табуға» бейім болу себебін зерттеу керек. Ұлттық банк немесе агенттік тарапынан шектеудің салдарынан банктер экономиканы несиелендіруге құлықсыз. Келесі проблема қорландыру базасына байланысты. Біз банк секторында 2000 жылдардың бас кезінде қалыптасып қалған ойын ережесімен жүріп келеміз. «Forte» мен «Home Credit Bank»-тің бір-бірімен қосылуының нәтижесі банк секторының ойын ережесіне үлкен өзгеріс алып келеді. «Home Credit Bank»-ті әлсіз банктердің қатарына ешкім қоспайды. Бұл мәмілені 2010 жылдардың екінші жартысындағы «Kassa Nova» мен «Фридом» арасындағы мәмілеге көбірек ұқсатып жатыр. Себебі «Kassa Nova» банкі жеке тұлғалармен және шағын бизнеспен жұмыс істеуге мамандандырылған банк, ал «Фридом» кең ауқымды қызметтерге ие, ірі банк болатын. Демек екі банктің күш біріктіруі нәтижесі нарыққа пайдалы болды. «Home Bank» «Forte Bank» бұрын жұмыс істемеген кең клиенттік базаға ие. «Forte» енді «Kaspi Bank»-пен бәсекелесуге ниетті, бірақ ол үшін көп қаржы керек деген болжам айтылып жатыр. Демек бұл жолғы қосылулар да қаржы нарығы үшін тиімді болады деп үміттенеміз», дейді ол.