• RUB:
    6.6
  • USD:
    518.37
  • EUR:
    609.97
Басты сайтқа өту
Үкімет Кеше

Үкімет Үштөбенің жылу желілеріне қаражат бөлді

50 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының өңірлердегі инженерлік желілер мен жылу көздерін жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Үкімет резервінен Жетісу облысының Үштөбе қаласындағы жылу желілерінде жөндеу жұмыстарын аяқтау үшін шамамен 210 млн теңге бөлінді. Тиісті Қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

30 мың халқы бар Үштөбе қаласын орталықтандырылған жылумен қамту «Жылыту орталығы» ЖШС-ның орталық қазандығы арқылы жүзеге асырылады. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 15,3 шақырым.

2024 жылы қаланың жылу жүйесінің қуатын арттыру үшін қуаты 12 Гкал/сағат болатын блок-модульді газ қазандығы орнатылды. Оның тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін ұзындығы 1,7 шақырым болатын, тозу деңгейі 50%-ға жеткен магистральдық жылу трассасын жаңғырту қажеттілігі туындады.

Жобаның құны 870 млн теңге, оның 70%-ы республикалық бюджеттен және 30%-ы жергілікті бюджеттен қаржыландырылады.

Бүгінде жұмыстардың 76%-ы аяқталды. 1,7 шақырым жылу желілерінің 1,3 шақырымы тартылды. Осы жылдың тамыз айына қарай реконструкциялауды толық аяқтау жоспарланып отыр.

Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде Үштөбе қаласының тұрғындары 349 абонент, оның ішінде 282 тұрғын үй мен 67 заңды тұлға үздіксіз жылумен жабдықтауға қол жеткізе алады. Авариялық жағдайлар мен технологиялық бұзушылықтардың туындау қаупі азаяды, орталықтандырылған жылумен жабдықтаудың сапасы мен сенімділігі артады.

Тұрақты және сапалы жылумен қамтамасыз ету инфрақұрылымдық дамудың маңызды элементі болып саналады. Мұндай жобаларды жүзеге асыру өңірлерде өмір сүру деңгейін арттыруға ықпал етеді.