• RUB:
    6.6
  • USD:
    518.37
  • EUR:
    609.97
Басты сайтқа өту
Тұлға Бүгін, 08:30

Жұртының ықыласына бөленген азамат

20 рет
көрсетілді

Тер төкті де тұлпар мінді. Жылда солай. Қалыптасқан үрдіс. Бұзылмаған қағида. Ауызбіршілік болса бұл дәстүр Ақмаяда әзір үзіле қоймас. Үзілмесін деген тілектеміз де.

Айтпақшы, тұлпар деп отыр­ғанымыз – жылқы тұқымы емес. Бұл – автокөлік. Әдеттегі теңеуді жабыстырдық. «Темір тұлпар». Біз білетіндей, Шиелі ғана емес, Қызылорда облысы ауыл шаруашы­лығында сан жыл бойы сапалы нәтиже көрсеткен «Ақмая» шаруа қожалығы былтыр жыл соңында өз озаттарын төрге шығарғаны бар. Ең үздіктеріне тағы көлік берді. Озат нәтижеге жеткен жұ­мысшыларына барлығы 12 млн теңге сый­ақысы да бар. Әйтеуір қожалық төрағасы Дәулет Жұмбеков ағамыз Тәуелсіздік күні мен Жаңа жыл мерекесі ортасында өз диқандарын осылай әспеттеп жататынына көз әлдеқашан үйреніп қалған еді.

Ұлу жылы 1300 гектар Сыр салысын еккен «Ақмая» қожалығының өз қамбасына 5600 тоннадан астам күріш құйғанын есті­дік. Егін егуден «Еңбек ерін» көп шығар­ған сол бұрынғы Авангард, бүгінгі Ақмая ауылының өз ішіндегі елдік шаралардың басты демеушісі де – осы шаруашылық. Ауыл ішіндегі той-қуаныш, Құдайы жолыны айтпағанда, Наурыз һәм Жаңа жыл, Аналар мерекесі, Қарттар мен Ұстаздар күні, «Мектепке жол» акциясы, тіпті жекелей тұрғындарға демеушіліктің басы-қасында жүреді. Төрағаның өзі облыстық мәслихат депутаты болса, сол Шиелінің өзіндегі көп жұмысқа қаржылай қолдау беретін. Енді, міне, жалпы сомасы 16 млн теңгеге шаруашылықтың үш диқаны су жаңа көлік мінді. Олар – звено жетекшісі Сәулебек Алтай, механизаторлар Бейсенбай Жұмаев пен Досбол Әбдіраманов. Жоғарыда айтқандай, жылдағы бұзылмаған үрдіс тағы жалғасты. Ұмытпасақ, 2023 жылы да осы ауылдың үш диқаны көлік мінген. Несі бар? Жылда су тапшылығын тартса да ақадал еңбегінен танбайтын Сыр күрішшілеріне автокөлік емес, одан зорын мінгізсе де жарасады емес пе?

«Өз басым осы шаруашылықта 1983 жылдан бастап жұмыс істеп келемін. Дәукеңді бір кісідей білемін десем, қателеспеспін. Ата-анасы марқұм Егемберген әкеміз бен Балтагүл шешеміз соғыс уақытында туған, одан кейінгі ел ауыртпалығын бала күнінен біліп өскен, жоқ пен бардың қадірін түсінетін жандар еді. Жастайынан қара жұмыс істепті. Егемгерген ағамыз механизатор болып еңбек етті. Дәулет – шаңырақтағы үш ұлдың үлкені. Жасында дәл осы «Ақмая» шаруашылығында жұмысшы болды. Одан соң комбайн жүргізушісіне көмекші, артынша өзі К-700 тракторын жүргізді. Ыждағатты жігітті басшы­лық көтермелеп, шаруашылықтың автогараж меңгерушілігіне тағайын­дады. Нарық заманында кейіпкеріміз жеке кәсіпкерлікпен де айналысты. Тоқырау кезінде халықтың тұрмыстық қажеттілігін өтеу үшін біраз еңбектенді. Ал 2010 жылы «Нұрасыл» шаруа қожалығын құрып, жұмыс жүргізе бастады. Артынша бес жылдан соң қазіргі «Ақмая» шаруа қожалығының басшылығына сай­ланып, күріш өнімділігін көбей­­туге кірісті», дейді «Ақмая» шаруа­шылығының күріш бригадирі Гүлсім Дәрібаева.

Әріптесінің сөзінше, қазір шаруа қожалығындағы ауыл шаруашылығы машиналарының 90 пайызы жаңартылған. Бәрі де шетелдік озық үлгідегі техника. Екінші тың жаңалық – осы жылы шаруашылық Қытайдан күріш ақтайтын диірмен алып, өнімді ауылынан шығаруға кірісіп жатыр.

Ал Дәулет ағайдың өзімен тілдес­кенімізде, жаңа ауыл шаруашылығы техникалары қай дақылдың болсын, өнімділігін көбейтетінін айтқан еді. Оның сөзінше, егістікті де заман талабына сай жаңа технологиямен игермесе, шығынға тап боласың.

«Биыл 1300 гектар күріштен бөлек, 370 гектарға жуық бидайымызды ектік. 700 гектар жоңышқамыз бар. Бұған қосымша шаруашылық есебінен ауылдастарға 250 гектар жер дайындадық. Ондағы мақсат – елдегілердің құр отырмай, бақша егіп, қыстық азығын еңбегімен жинап алса деген ой. Екінші бір жаңалық – көп жылдан бері күріш алқабын лазерлік тегістеуден өткізіп келеміз. Өзің білесің, біздің Сырдария суы тым аз. Ал күріштің 90 күн бойы суда тұратынын ескерсек, бұл дақылға мол су қажет екені айтпаса да түсінікті ғой. «Mara» лазерлік тегістегіш техникасын пайдаланамыз. Бұл техника әр алқапты тегістеп қана қоймай, судың тегіс жатуына және күріштің біркелкі өсуіне үлкен көмегі бар. Бұл өнімділікті арттырады. Әрі су үнемдеуде көмегі көп. Мысалы, бұрын ойлы-қырлы әр гектар алқабында су әрқалай түсетін. Төменде жатқан күріш суға бастығып, шіріп кетеді. Болмаса тегіс емес алқаптың күріші піскен уақытта комбайнның егін оруына кедергісін көп келтіретін. Қазір мұндай кемшіліктің бәрін жойдық», дейді шаруашылық төрағасы.

Төрағаның айтуынша, шаруа­шы­лық бүгінге дейін құны 2 млрд теңге болатын ауыл шаруашылығы техникаларын пайдаланып келеді. Сондай-ақ күріш алқабына тыңайтқыш пен түрлі дәрумен беруде арнайы алынған екі дрон пайдаға асып тұр. Бұл заманауи құрылғылар егістікті арамшөп басудан сақтап, түрлі өсімдік ауруларынан қорғайтын дәрі де шашады.

Бүгінде «Ақмая» шаруашылығында 120 адам жұмыс істейді. Былтыр күзгі жиым-терімде ортаесеппен гектарына 45 центнерге жуық өнім алып, мол күрішті қамбаға құйды. Жоңышқа мен бидайды да өз уақытында жинады.

«Мұның барлығы өзімізде еңбек еткен азаматтардың арқасы деп білемін. Шаруашылық ұдайы ел ішіндегі әлеуметтік мәселелермен қатар, аудандық кейбір шараларға да демеуші болып келеді. Сондай-ақ қожалық есебінде 180 бас ірі қара бар, қазір сауылған сүтті Шиелідегі «Аруана» сүт өнімдерін өндіретін серіктестікке өткізіп келеміз. Ал осы жылы күріш ақтау зауыты мен май сығу цехын іске қосамыз», деген еді Дәулет Жұмбеков.

«Құрмет» орденінің иегері, Шиелі ауданының құрметті азаматы, облыстық мәслихат депутаты Дәулет Жұмбеков өзінің көп жақсылығының жұрт біле бергенін қаламайды. Дегенмен аз қамтылған отбасыларды үнемі қолдаудан бөлек, осы кезге дейін қарамағындағы 4 жұмысшыға баспана алып бергенін әріптестері жайып салды. Ал озат атанған диқандарына, яғни жатка, комбайн немесе күріш тасымалдау­шы шоферлерден бөлек, механизаторлар мен бригадирлеріне, күрішші-сушы жігіттеріне жылма-жыл кезегімен көлік мінгізетінін мақалада айттық. Тіпті жасы үлкен қызметкерлеріне шипажайға жолдама алдырып береді екен.

Егін жинау ойдағыдай біткенде Дәулет ағамыздың «уһ» деп дем алатыны бар. Бірақ сол межелі шақты мереймен тәмамдап, жыл аяғында тыныстауға аз ғана мүмкіндік тиеді. Сыр бойында қыс мезгілі қысқа. Күн жылт етіп, жер қарая салысымен науқан қайта басталмай ма? Сол тіршілік нау­рыз айынан бері қарай тағы қайталанған. Биыл да басты мақсат – еселі еңбек етіп, бұйырған ырыздық-несібені ысырапсыз жиып, қамбаны қызылмен көмкеріп қою. Сонда ғана ала жаздай тынымсыз еңбек еткен жұрт та риза болмақ, Жұмбековтің де көңілі тоғаяды. Пайғамбар жасына жеткен шаруашылық төрағасының тындырымды тірлігіне осылай куә болған едік.

 

Ержан ҚОЖАС,

журналист