Павлодар облысында 219 млн тоннадан астам өндірістік қалдық жиналып қалған. Қалдықтардың басым бөлігі түсті және қара металлургия, жылу энергетикасы, пайдалы қазбаларды өндіру өнеркәсібі, мұнай өңдеу саласына тиесілі.
Өңірдегі табиғат пайдаланушылардың мәліметтеріне сүйенсек, 2024 жылы Павлодар облысында өнеркәсіп салаларына байланысты жиналған өндірістік қалдық көлемі 219 млн 89,2 мың тоннаны құраған.
– Жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың Экологиялық кодекстің 87, 90-баптарына сәйкес, қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттары, мемлекеттік экологиялық сараптамамен келісілген кен орындарын игеру жобалары бар. Сондай-ақ тау-кен үйінділері, тау-кен жұмысын дамыту жоспарлары, басқа да нормативтік құжаттары бар. Жұмыстар келісілген жоспарларға сәйкес жүргізіліп жатыр, – дейді Экология және табиғи ресурстар министрлігі өнеркәсіптік қалдықтар басқармасының сарапшысы Арман Ғалымжанов.
Өткен жылы облыс кәсіпорындары табиғат қорғау іс-шараларын іске асыру мақсатында 46,9 млрд теңге игерген. Жоспарланғаны – 29,1 млрд теңге, демек нақты түрде бұл көрсеткіш 157 %-ға орындалған.
Салық, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы заңнамаға сәйкес, кәсіпорындардан қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақы алынады. Оның бекітілген тарифтері бар.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі келтірген деректерге сүйенсек, қалдықтардың денін тау-кен өнеркәсібінде «Богатырь Көмір» ЖШС, «Майкүбен-Вест» ЖШС, «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС, «Ангренсор» АҚ, «Еуроазиаттық электр стансасы» АҚ шығарып отыр. Жылу энергетикасы саласында Екібастұздағы қос ГРЭС, «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның жылу-электр стансасы, «Павлодарэнерго» АҚ-ға қарасты екі ЖЭО қалдықтардың негізгі бөлігін түзеді. Түсті металлургияда қомақты көлем «Қазақстан алюминийі» АҚ-ға тиесілі.
– Қоршаған ортаға теріс әсерді азайту мақсатында 2025 жылдан бастап 1-санаттағы нысандарға ең озық қолжетімді технологияларды (ЕҚТ) енгізу қарастырылған. Қазірде министрлік 12 ЕҚТ анықтамалығын әзірледі. Биылдан бастап 1-санаттағы нысандардың кешенді экологиялық рұқсаты болуы міндетті. Экологиялық рұқсат болмаған жағдайда төлем мөлшерлемесінің коэффициенттері Салық кодексінің 43-9-бабына сәйкес 2, 4, 6 есе өседі. Қалдықтарды басқару саласындағы мемлекеттік экологиялық саясаттың қағидаттары иерархия қағидатына негізделеді. Яғни қалдықтардың қайта болуын болдырмау, оларды қайта пайдалануға дайындау, өңдеу, кәдеге жарату, жою іс-шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, – дейді А.Ғалымжанов.
Инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесі жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады. Сонымен қатар жобалық шешімдерді, экологиялық жобаларды қарау, мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын беру кезінде экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында, Павлодар облысының экология департаменті қарастырады.
Павлодар облысы