Амстердам қаласында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдарының қазақ және түркі әлемін зерттеуге қатысты еңбектерін таныстыруға арналған «Түркі халықтары әдебиетін зерттеу» атты конференция өтті. Аталған іс-шараны Қазақстанның Нидерландтағы елшілігі мен «Юнус Эмре институты» түрік мәдениеті орталығы бірлесе ұйымдастырды.
Сондай-ақ бұл конференция М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ҒЖБМ ҒК-нің гранттық қаржыландыруымен жүзеге асырылып жатқан «Түркі мәдениетіндегі Мұхтар Әуезов әлемі» атты жобасы аясында ұйымдастырылғанын да айта кетейік.
Конференция барысында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен көрнекті қазақ жазушысының мұражай-үйінің ғалымдары еуропалық әріптестеріне оншақты ғылыми монографиясын ұсынды. Бұл ғылыми монографиялардағы зерттеулер Мұхтар Әуезовтің бұрын-соңды жарияланбаған, көп таныстырылмаған еңбектері мен архив деректеріне негізделген. Атап айтқанда, ғалым Гүлзия Пірәлінің «Мұхтар Әуезов және «Манас» эпосын зерттеу мәселелері», «Мұхтар Әуезов және Жамбыл» атты тың мәліметтер негізінде жазылған еңбектерінде манастану, түркітану салаларына қатысты бұрын айтылмаған мәліметтер бар. Конференциядан бөлек Зифа-Алуа Әуезованың редакторлығымен академик Кенжехан Матыжанов және Гүлзия Пірәлі, Диар Қонаев, Ермек Қаныкей, Салтанат Амантайқызы секілді әуезовтанушы ғалымдардың Мұхтар Әуезов пен оның түркі әлемін зерттеудегі рөлі зерделенген мақалалары топтастырылған «Literary studies of Turkic. Kazakh and Central Asian perspectives» атты жинақ шықты. Отандық ғалымдардың бұл жинақтарынан голландиялық зерттеушілер түркологтер мен әдебиеттанушылардың КСРО кезінде және посткеңестік кеңістікте қандай зерттеулермен айналысқанымен таныса алады.