Астанада өтіп жатқан бокстан әлем кубогінде жартылай финалға шыққан саңлақтар анықталды. 29 елден жиналған боксшылар Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайының түңлігін желпілдетіп жатыр. Жаһан көз тіккен сайыста күтпеген нәтижелер де тіркелді.
Өкінішке қарай, ұлттық құраманың көшбасшысы, тәжірибелі боксшы Абылайхан Жүсіпов (70 кг) алғашқы айқаста қырғыз боксшысы Алмаз Орозбековпен жолы түйісіп, жарақаттануына байланысты додадан шығып қалды. Қыздар арасында Әнел Сақыш (54 кг) өзбек қызы Феруза Казаковаға, Елдана Тәліпова (80 кг) үндістандық Рани Пуяға есе жіберді.
Әлем чемпионы Махмұд Сабырхан 55 кг салмақта сынға түсіп, алғашқы айналымда оңтүстіккореялық қарсыласы Шин Чэжэнді айқын еңсерді. Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай (80 кг) әзербайжан боксшысы Мурад Аллахвердиевтен басым түсті. Серік Теміржанов та (60 кг) ширек финалға шықты. Алғашқы жекпе-жегінде ол аустралиялық Джейкоб Кассарды жеңді. Ұлттық құраманың капитаны, аса ауыр салмақта додаға қосылған Айбек Оралбай доминикандық Хосе Агустин Трисетпен тартысты. 1-раундта қабағы жарылғанына қарамастан, қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Тіпті 2-раундта Трисет нокдаун алды.
Әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай (50 кг) әлем кубогінің додасын бірден ширек финалдық сайыстан бастады. Жапония үміті Шодай Котоны жеңіп, жартылай финалға өтті. Әлем чемпионы Бекзад Нұрдәулетов (85 кг) те ширек финалдық айқаста Аустралия боксшысы Лахлан Лоусеннен басым түсіп, жартылай финалға шықты. Ертуған Зейнуллинов (65 кг) түркиялық Ахмет Пекелден басым түсіп, ширек финалға өтті. Сағындық Тоғамбай (90 кг) америкалық Малакай Джордесті ығыстырып, жартылай финалға шықты.
Надежда Ребяц (75 кг) бразилиялық Вивиан Дос-Сантос Перейраны әлем кубогінің додасынан ығыстырды. Қазақ боксшыларының арасында әзірге үш дүркін әлем чемпионы атанған Назым Қызайбай (48 кг) ширек финалда өзбек қызы Фарзона Фозилованы сүріндірді. Әлем чемпионы Алуа Балқыбекова (51 кг) америкалық Дженифер Лозаноны жеңіп, ширек финалға шықты. 60 кг салмақта сынға түскен Виктория Графеева түрік қызы Гизем Озерді ығыстырып, жартылай финалға шықты. Әлем чемпионы Аида Әбікеева да жаһандық доданың ширек финалдық сынында британдық Дионе Бурманды жеңді.